ЖҮРЕКТЕРГЕ БІЛІМ НҰРЫН МОЛ СЕПКЕН

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Мерекелік газетімізді баспаға даярлаған сәтімізде, экономиканың түрлі саласында көпшілікке әйгіленген, баршаға сыйлы жандарды әңгімеге тартуды ұйғардық. Ағарту жүйесінде ұзақ жыл еңбек еткен, уақыт қиындығын баршамен бірлесе сәтімен еңсерген жерлесіміз Ғалия Сәлменқызы Сырымбетова өз естелігімен бөлісті. Ол кісі – «ҚР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалінің, «Ерейментау ауданының құрметті азаматы» атағының иегері.
-Мен бұл ауданға, Ерейментау қаласына, Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтын бітіргеннен кейін 1970 жылы келдім. Еңбек жолымды осы қаланың №1 орта мектебінде қатардағы математика мұғалімі болып бастадым. Алғашқы күннен маған елгезек мамандармен: Балташ Сыздықұлы Дүйсеновпен, Елена Николаевна Османовамен әріптес болу бақыты бұйырыпты. Ол кісілер нағыз дарын иелері еді.

Жалпы ағарту саласындағы менің қызмет өтілім – 35 жыл. Бастапқы он жылым мектептегі тәжірибелік жұмысқа арналды. Өзге уақытым аудандық білім бөлімінде өтті, қызмет жолымен бүкіл баспалдақтан өттім. Әдіскер, инспектор, әдістемелік кабинет меңгерушісі, ұстаздар кәсіподағының төрайымы лауазымынан бастадым. 13 жыл ауданның білім бөлімін басқардым. Бұл 90 жылдардың қиын кезеңімен тұспа-тұс келді. Ел экономикасы қожыраған. Сала бюджеті шамалы ғана. Мұғалімге ұдайы жалақы жетпейді. Мектептің жөнделуін ойға да алмаймыз. Отынын әупірімдеп жеткізіп тұрдық. Шаруашылық басшыларынан ұдайы демеушілік көмек өтінумен болдық. Әйтседе оқу ісі тоқтатылмады. Сабақ та, түрлі шаралар да, кестеге сай жүріп жатты. Ауданның білім жүйесі осындай қиындықты еңсерді. Мені қолдап-сүйемелдеген бүкіл педагогтарға, мектеп, балабақша, мектептен тыс мекеме басшыларына айрықша алғысымды арнағым келеді. Мен басшылыққа кіріскен алғашқы жылдары ауданда 41 мектеп, 13 балабақша, 3 мектептен тыс мекеме жұмыс істеді. Онда жалпы 5 мың оқушы оқытылды, бір мыңнан астам маман қызмет атқарды. Лауазымға тағайындалған сәттегі алғашқы бірнеше айларда саланы тұйықтан алып шыға алатыныма сенбедім. Дегенмен іске төселуіме, басшы ретінде қалыптасуыма сол кездегі басшылар Өмірсерік Қайыржанұлы Мұсабаев, Егор Яковлевич Каппель қолдау көрсетті. Сала жетекшісі Сара Нүрпейісқызы Дүйсембаева да ұдайы сүйемелдеп отырды. Жасыратыны жоқ, тіл табыспаған сәттер де болып жатты, дегенмен бірауызды шешімге келдік. Ауданымыздың білім саласы облыста ұдайы алғашқы бестіктер қатарына ілігіп отырды.
Облыстық білім бөлімін басқарған Елена Александровна Дмитриенконың, майдангер ұстаздар, көпті көрген ел ағалары Матай Сейсембайұлы Сейсембаевтың, Насыр Смағұлұлы Смағұловтың, Темірғали Жапабаевтың, замандас әріптес Анатолий Данилович Куреньконың тәжірибесінен жетекшілік мол сабақ алдым. Қызмет бабымен талай адамдармен жақын араластым. Олар ұжымымызда бірлесе еңбек етті, ұйымдық, қаржы, оқу-әдістемелік, тәрбие мәселесін ұдайы ақылдасып шештік. Атап айтсам: А.Я.Зайцев, Б.О.Сарманғалиев, Е.С.Капаций, В.М.Чооду, Л.Н.Сергиенко, Б.Б.Ғалиева, А.Т.Оразбаева, Р.Қ.Жарболов, Н.К.Бекенова, Г.З. Хасенова, Р.Ә.Жақина, Б.С.Алдабергенова, А.Р.Ахметова, Н.Ә.Исабаева, М.Т.Әлпейісова, М.Қ.Қапанова, Н.А.Сапронова, В.В.Манжуло, М.К.Айтжанова, К.А.Жүсіпбекова, Ш.Қ.Әбдірахманова.
Менің қарамағымдағы қызметкерлердің үлкен тобының жас ұрпақты оқытып-тәрбиелеуге арналған қажырлы еңбегінің арқасында өңіріміз білім сапасы жағынан ұдайы жақсы межеге қол жеткізді. Сондықтан үздік мектеп директорларының, оқу және тәрбие ісі бойынша орынбасарларының, маңдайалды педагогтардың есімін алғыс сезімімен еске түсіремін. Бұрынғы фотосуреттерге зар сала отырып, мектеп пен ұстаздардың жетістігімен орайласқан оқиға мен тарихты еске аламын. Ілтипатқа әбден лайық жандарды газет арқылы түгел тізбелеп шығуға тіпті мүмкіндік те жоқтың қасы. Мектеп, балабақща, мектептен тыс мекеме басшыларын атай отырып, облыста үздік шыққан ұжым өкілдерін, әріптестерімді қамтыдым деп білемін. Олар: Б.Ғ.Подкенова, Г.А.Кулагин, И.М.Әлпейісов, Б.Н.Молдажанова, А.М.Молдабаев, Р.М.Жиенбаева, Т.М.Ураскина, Е.А.Кучмий, Қ.Қ.Өсіпов, О.Қ.Өсіпов, Б.Қ.Өсіпов, С.Н.Рыбалко, П.А.Чумак, Е.Ә.Хамзин, Ж.А.Бөдешев, Т.Ш.Әренов, В.Н.Андрющенко, Т.Ш.Жүсіпов, Г.М.Таханова, Р.Ш.Жағыпарова, Б.Ғ.Исатаева, М.С.Бәетова, А.И.Самойленко, К.К.Ермұқанова, А.Ф.Дукарт, Н.К.Курникова, Г.О.Апракина, Б.С.Құсайынова және басқалары. Ағарту ісінің ардагерлерінің ішінен «КСРО әдіскер мұғалімі» Р.Ш.Әбжәлімованы, «Қазақ КСР-ына еңбегі сіңген мұғалім» атағының иегерлері Е.Ш.Шортанбаеваны, К.Қ.Әміренованы, оған қоса Е.Т.Барсукованы, М.К.Махатованы, Г.И.Островскаяны, Н.Г.Бойконы, С.В.Ямпольскаяны, Р.Б.Әмірованы, Т.Ж.Нұржанованы, М.А.Қабжанованы және көптеген басқаларын атап өткеніміз орынды.
Әрине, алаңсыз нәтижелі жұмысыма өз отбасым, 45 жыл бір шаңырақта отасқан отағасым Қуандық Нұржанұлы, өлшеусіз қолдау-көмек көрсетті. Екі перзентімізді: Абылайханымыз бен Әселімізді тәрбиелеп өсірдік, бес немеренің ата-әжесі атандық. Олардың үшеуі студент, біреуі мектеп жасында, ең кішкентай гүліміз жақында бір жасқа толады.
35 жыл бірге әріптес болған баршаңызға ізетім шексіз. Бүкіл ардагер ұстаздарды, жас мұғалімдерді аудан мен қаланың мерейлі датасымен құттықтаймын.