«АЛТЫН КҮЗІМ ШУАҚ ТӨКСІН, ҚАРИЯМ!»

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Қазанның екінші жұлдызында қаламыздың «Солнечный» тойханасында Егде адамдар күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Кезінде түрлі кәсіп атқарған аға буын өкілдері мерекелік дастарханға жиылды. Дәстүрлі мейрам адами қарым-қатынастың құндылығын, адалдық, борыш, жауапкершілік сезімін жастардың санасына сіңіруді, бойына дарытуды көздейді.
Аудан әкімі Виктор Радченко көпшілікке ыстық ықыласты тілек лебізін арнады. Ізінше бастамашыл қалалықтарды марапаттау рәсімін жалғастырды.
«Жадыра» вокалды тобының өнерпазы Шолпан Сәкенбаева, халық хорының музыка жетекшісі мен әншісі Баян Өсіпов, Тамара Ищенко, «Әжелер» халық ансамблінің әртістері Бағдат Ғазатова, Зайраш Хасенова, Шоқым Ұлпан қаланың қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен көтермеленді.
Сонымен қатар білім беру саласында ұзақ жыл абыроймен еңбек атқарған ұлағатты ұстаздар Күміс Шәріпова, Кәмила Айтмағанбетова, Светлана Рыбалко, Александр Ляшенко, Алла Кореева, Күлән Омарова ілтипатқа ілікті.
Қаланың игілігіне ұзақ жыл адал ниетпен, жан аямай еңбек сіңірген коммуналдық мекеме басшылары Назымбек Қайыржанов, Николай Кравченко аудан әкімінің Алғыс хатына қол жеткізді.
Ағарту ісінің ардагері Сара Смайыловаға, Ерейментау ауданының құрметті азаматы Николай Кравченкоға, тыл және еңбек ардагерлерінің аудандық кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдинге құттықтау сөз кезегі берілді.
Зейнеткерлер Валентина Калиновская мен Римма Гранкина қажырлы шығармашылық еңбегі, облыстық және аудандық деңгейдегі конкурсқа бірнеше мәрте қатысқаны үшін ақшалай сыйлықпен көтермеленді.
Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары бұл күні аға буын өкілдеріне сазды сәлемін арнады. Шай дастарханына жиылған меймандар өзара емін-еркін шүйіркелесті, жағымды жаңалығымен бөлісті, ән де шырқады.
Людмила МАРКОВА. Суретті түсірген автор.