ҰМЫТЫЛМАС ЕЛ ҚОРҒАҒАН БОЗДАҚТАР

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 4,00 из 5)

Loading...
Қан майданнан оралмаған жауынгер,
Топырағын бұйыртыпты алыс ел.
Кейбір сәтте елес болып көзіме,
Ақ тырнаға айналғандай көрінер.
Авар халқының белгілі ақыны Расул Гамзатовтың өлең шумағынан сөзбе-сөз аударылған, мәңгі ескірмейтін бұл шығарма Отан үшін от кешкен әке-аталарымыздың бейнесін көзімізге елестетеді. Олжабай батыр ауылында ұйымдастырылған патриоттық маңызды жиында жаңағы әуенді Игілік Балкенов өз нақышымен орындап берді. Алтын күздің жайма-шуақ бір күнінде елді мекеннің тұрғындары, бұрынғы ауылдастар отбасымен бірге саябаққа жиналды. Ол жерге соғыста қаза тапқан қаһармандар ескерткіші орнатылған болатын. Ерекше ілтипат сезімімен атап өтерлік жайт: осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдың бір көшесіне айтулы барлаушы, соғыс ардагері Өміржан Кенбаевтың есімі берілген еді.

Аты аңызға айналған Олжабай батырдың қорымында ұрпақтары мемориалды кешеннің құрылысын қолға алыпты. Осы оқиғаның бәрі халқымыздың, аталмыш округ тұрғындарының патриоттық рухының беріктігін паш етеді. Бұл күні шаршы алаңға жиылған халық кезінде соғыстан елге аман-есен оралған, бейбіт уақытта бертін дүние салған әке-ағаларды еске түсіретін мемориалды тақтаның тұсаукесер рәсіміне қатысуды мақсат етті. Сонымен қатар тыл еңбегіне араласқан, майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз еткен тыл еңбеккерлері де тізімге енгізілді. Иә, тасқа қашалған әрбір есімнің арғы жағында бір адамның тағдыры, қилы заман қиындығы менмұндалайды. Ол кісілер сұрапыл соғыс уақытын, шаруашылықты қалпына келтіру кезеңін, бейбіт уақыттағы қажырлы еңбек жолын өткерді.
Ауылдық округтің әкімі Хасамхан Хавджәлел тақта тұсаукесеріне арналған мерекелік митинг пердесін ашып берді. Өңіріміздің танымал айтыскер ақыны, мәртебелі жыр додасының бірнеше дүркін жеңімпазы Хавджәлел Сахария патриоттық мазмұндағы арнауымен аталар ерлігін тағы бір мәрте паш етті. Ауыл кітапханасының қызметкері Күләтай Жанымхан да жүректен шыққан жыр шумағын жолдады.
Бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Амантай Шошанов, тақта орнатылымына бастама көтерген Төлеубай Тойғанов, ауыл кәсіпкері Сулумбек Тачаев, еңбек ардагері Айтым Оңайбеков және басқалары өткен тарихқа сәл шегініс жасады, айтулы ауылдастар есімін атады, сөзін жылы лебізді құттықтаумен тәмамдады. Жергілікті мешіттің имамы дүниеден өткен барша қауымның рухына Құран хатым түсірді.
Аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Сайлау Жылқыбаев, округ әкімі, ардагерлер ұйымының төрағасы, ауыл белсендісі Төлеубай Тойғанов лента қию рәсімін жүргізді. Әжелердің кәмпит шашуы көптен күткен оқиғаға қуаныш сезімін, бүгінгі ұрпақтың баршаға сыйластық ниетін аңғартқандай әсер берді. Өскелең ұрпақ тәрбиесіне молынан септесетін игі щараға қатысуға республиканың түрлі өңірлерінен ат терлетіп жеткен қонақтардың өң-жүзінен оны анық аңғардық. Ауылдастардың бастамасын аудан әкімдігі қолдады. Тұрғындар дәм мәзірін ұйымдастырған, ақындар айтысын өткізген округ әкімі Хасамхан Хавджәлелдің, Төлеубай Тайғановтың, Қанат Жотаевтың, Мағзұм Жұматаевтың, Жандос Амантайұлының, өзге жандардың атына алғыс айты. Балабақша ұжымы, мәдениет қызметкерлері, мектеп, қонақтар ұйымдастырған концерт көпшіліктің көңілінен шықты.
Аманшылық болса, келесі жылдың көктемінде жаңағы саябақ алаңы көріктендіріле бастайды. Әкімнің айтуынша, бұл жерде жарық шамы орнатылады, ескерткіш алаңы заманауи құрылыс материалымен алмастырылады.
Өз ұрпағының бейбіт өмірі, жарқын болашағы жолында жанын қиған боздақтар есімі халықтың жадында, жүрегінде мәңгі сақталады. Күз аспанындағы тырналар да Отанды қайсарлықпен қорғаған гимнастеркалы, пилоткалы жауынгерлерді, ата-бабамызды еске түсіретін болсын.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА. Суретті түсірген автор.