ШАРШЫ АЛАҢДА – БОЛАШАҚ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Қыркүйектің соңғы жұлдызы бұқаралық спортқа әуес жандар мен насихатшыларын айшықты әсерге бөледі. Атап айтқанда шаршы алаңда нақты жеңімпазды даралауға негізделген бәсеке ұйымдастырылды.
Енді республикалық мәртебені иеленген қазақ күресінен V республикалық турнир өз пердесін баршаға айқара ашты. Спорт ойыны Елордамыз бен Ерейментау ауданының айтулы датасына, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында жазықсыз жапа шеккен Перуаш Кәрімұлын еске түсіруге арналды. Жарысты ұйымдастырушы, негізгі демеушісі – танымал тарихи тұлғаның немересі, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Тұрлыбекұлы Перуашев.
Ресми салтанатты бөлім аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметовтың, «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Исаның құттықтау лебізімен басталды. Ұйымдастырушының өзі де баршаға тілегін арнады. Қазыбек Иса бұған қоса 2014 жылы Перуаш Кәрімұлының туғанына 100 жыл толу құрметіне жарыққа шыққан кітапқа енген өз шығармасын оқып берді. Жасөспірімдер арасындағы спорттық шараны ұйымдастыруға үлес қосқандарды марапаттайтын жағымды сәт келіп жетті. Бөлім бастықтары Алмагүл Әлжанова, Сайлау Жылқыбаев, Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Сапар Барлыбаев, мемлекеттік қызметкер Ербол Құттыбаев, спорт ардагері Қайыркен Жақып, «Ереймен күрес клубы» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Қазыбек Бөкешев ұйымдастыру алқасының Дипломына қол жеткізді. Турнирдің бастама иесі ізінше дене тәрбиесі мен спортты дамытуға, саламатты өмір салтын нығайтуға қосқан үлесі үшін жаңағы клубтың атынан игі тілекпен Алғыс хатты иеленді. Бұдан бөлек, клуб иесінің қолынан Ерейментау қаласының, Новомарковка, Тайбай ауылының бапкерлері өз шәкірттеріне сыйлық ретінде дзюдо кимоносы мен спорт құралын иеленді.
Тәуелсіз елеміздің Әнұраны әуеледі. Ізінше күйші сазгер Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа» күйінің әуенімен палуандар командасының шеруі ұйымдастырылды. Бұл жолы Астана, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Степногорск, Екібастұз қалаларының, облысымыздың Ақкөл, Бурабай, Целиноград аудандарының, Павлодар облысының Баянауыл ауданының, Майқайың кентінің спортшылары, оған қоса алаң иелері ортамызды толтырды. Ұйымдастыру алқасының дерегі бойынша хаттамаға жалпы 235 адам тіркелген, олар 20 командаға жіктелген. Қазақ күресінің мәртебе-беделінің асқақтығын, шеңберінің қаншалықты ауқымдылығын айғақтайтын жайт.
****
Ресми бөлім тәмамдалғаннан кейін төрешілер алқасы, қапталдағы төрешілер өзінің жұмыс орнына жайғасты да, іске кірісті. Меймандарымыз бен жерлестерімізге тамаша көріністің куәгері болуға, шаршы алаңда бақ сынаушылардың бәріне жанкүйерлік байқатуға, қол жеткізген табысына бірлесе қуануға мүмкіндік берілді.
Алғашқы күні 26-дан 42-ге дейінгі салмақ дәрежесіндегі оқушылардың жарысы өтті, Өз қабілетін, ебі мен бабын, тырнақалды талабын танытуды көздеген інішектеріміздің жалпы саны екі жүзге жуықтады. Әрбір салмақ дәрежесі бойынша жеңімпазы, келешегінен үміт күттіретін палуаны байқалып жатты. Енді жүлделі орын иегерлерінің атын атап, түсін түстейік. Үшінші орын: 26 келі. Рауан Ғазизов (Ерейментау), Ілияс Қазкенов (Екібастұз); 29 келі. Әмір Әлмағамбетов (Ерейментау), Қаныш Жансерік (Майқайың); 32 келі. Олжас Елтаев (Екібастұз), Сәбит Бектемір (Новомарковка); 35 келі. Сайдолла Рахимбек, Әлімбай Тұяқбай (Осакаровка); 38 келі. Совет Расул, Дәулетбай Қайсар (Баянауыл); 42 келі. Төлеген Батыр (Степногорск), Нұртуғанұлы Мустана (Ақсу).
Екінші орын иегерлері: 26 келі. Жолдыбек Асылхан (Баянауыл); 29 келі. Түсіпбай Арман (Екібастұз); 32 келі: Ержанат Магавия (Осакаровка); 35 келі. Ерғали Райымбек (Тайбай); 38 келі. Бейбітов Нұрхат (Ерейментау); 42 келі. Мейрамбек Айдарханов (Ерейментау).
Тартысты жекпе-жек барысында тапқырлық пен тыңғылықты бабын байқатқан бір топ жеткіншектер мәртебелі бірінші тұғырға көтерілді. Олар: 26 келі. Сухрат Айтжанов (Қарағанды); 29 келі: Жағалбайлы Әділет (Ерейментау); 32 келі. Қуатбек Нұрхан (Жезқазған); 35 келі. Владимир Засыпкин (Тайбай); 38 келі. Ислам Қазкенов (Екібастұз); 42 келі. Нұрғали Жаппар (Екібастұз).
Теміртаулық қонақ палуан Амангелді Дулат «Женіске деген жігері үшін» аталымында мақтауға ілікті.
****
Келесі күнгі турнирде қызықты да әсерлі, тартымды да тамаша көріністің куәгері болдық. 46; 51; 57 келілік салмақ дәрежесіндегі кілең мықтыларымыз, күрес өнеріне шыңдалып, төселген майталман інілеріміз күш сынасты. Олардың әрқайсысы жекпе-жекте өзінің мәртебелі орнынан айрылмауға, қарсыласына есе жібермеуге тырысып бақты. Дегенмен тәжірибе мен шеберлік, тұрақты бап, тыңғылықты дайындық ұдайы биік мәреге жетелеп отырды. Палуандардың бірі қысқа белдесу амалымен, оңтайлы тәсілімен, келесісі – ұпай санымен жеңіске жетіп жатты.
Ақтық нәтиже көп күттірген жоқ. Тәсілі бәрінен мықты, бабы келісті, төзімді де тәжірибелі жігіттер биік мінберге көтеріле берді. Енді бәрін тізбелеп атап өтейік: 46 келі. Шаймағамбет Нұрасыл (Екібастұз), Атығаев Мадияр (Ерейментау) -3 орын; Сапарғали Досжан (Солтүстік Қазақстан облысы) – 2 орын; Балтерек Нұрбек (Қарағанды) – 1 орын. 51 келі. Расул Малгелдинов, Рахметолла Нұрмұхамед (Екібастұз) -3орын; Алдияр Қазбеков -2 орын, Мейірхан Такбаев -1 орын (екеуі де Ерейментаудан). 57 келі. Жарас Аймырзаев (Теміртау), Ерлан Мустафинов (Ақкөл) -3 орын; Мухамед Бейсембаев (Әлкей Марғұлан атындағы ауыл) -2 орын; Атанбек Ақжол (Тайбай) -1 орын.
Спортшыларға екі күн бойы қызмет көрсеткен жандарды да атап өткеніміз дұрыс. «Шәкей» шайханасының қызметкері Факизат Мұқанова мәдени-спорт кешенінің фойесінде шырыны мен самсасын саудаға ұсынды. Емхананың оташы дәрігері Айдос Бейсембаев, жедел көмек фельдшері Лидия Евтушенко палуандардың денсаулық жағдайын назарда ұстады.
Жалпы қонақ бапкерлердің бәрі ыстық ықыласты қабылдауға қанағат сезімімен, алғыс лебізімен қоштасып жатты. Нұрболат Өтембергенов, Екібастұз қаласындағы БЖСМ бапкері: бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Менің шәкірттерімнің табыс қоржыны бұл жолы бес қола, екі күміс, екі алтын медальмен толықты. 23 баланың арасында бұл жалпы жаман нәтиже емес.
Жүлделі орын иегерлерінің бәрі Азат Перуашев бастаған ұйымдастыру комитеті тағайындаған Мақтау қағазын иеленді, тиісті дәрежелі медальмен көтермеленді, белгілі шамадағы ақшалай жүлдеге ілікті.
Мәртебелі ұрпағы мен ізгі ниетті жақтастары барда, тарихи тұлғалар есімі, замана нәубетінен еш кінәсіз жапа шеккендер санамыздан ешқашан өшпейді. Оған өңірлік спорт мектептеріне, спортшы-меймандарға, бапкер-тәлімгерлерге сыйға үлестірілген өмірбаяндық кітаптың да тигізер септігі аз емес.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ. Суретті түсірген автор.