АНА ТІЛІНІҢ БІЛІКТІ МАМАНЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Алма Хамзеқызы Жасарова Күншалған ауылдық округіне қарасты Шәкей ауылында дүниеге келді. Жастайынан сабаққа зерек болған, мұғалім мамандығына қызығушылық ниет танытқан қыз 1988 жылы Целиноград педучилищесіне түсті. Төртжылдық білім жолында болашақ кәсібінің қыр-сырына теория тұрғысында молынан қанықты. Бастауыш сынып оқытушысы, аға вожатый білігін иеленген дипломды жас маман туған жеріне оралды.
Алғаш жұмысқа кіріскенде мектеп директоры Қазыбек Жүнісовтың, Мұрат Сәдуақасовтың, білікті ұстаз Алмагүл Залғаринованың қамқорлығы мен кеңесін, тәжірибесі мен көмегін мол сезінгеніне, жақсы адамдарға жүздескеніне әлі күнге дейін ризашылығы шексіз.
Отбасылық жағдайымен, қызмет ыңғайымен оқытушылық жолын Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінде жалғастырудың орайы келді. Манап Әдірешев, бертін марқұм Амангелді Молдабаев басқарған жаңа ұжымда да білікті мамандар Күлизат Құсайынова, Күміс Шәріпова, Әсият Ахметова кәсіпке төселуіне мол септесті, оқу-тәрбие жұмыс тәжірибесімен аянбай бөлісті.
Бастауыш топтың оқу ісін меңгерушісі қызметіне тағайындалуына, орта буын лауазымының қыр-сырын жетік меңгеруіне жол ашқан, кәсіби тұрғыда бейімдеген жандарды, өзін жан-жақты қолдаған үзеңгілес әріптестерді құрметпен атайды. «Білім негізі – бастауышта» десек, баланың орта және жоғары буындағы сабақ үлгерімі, ынта-зейіні, қабілет-деңгейі, ұстамы – бәрі-бәрі жазу-сызуға баулыған алғашқы ұстазының білігіне тікелей байланысты. Осы талап үдесінен шығуды көздеген маман талмай ізденуді, ерінбей үйренуді өмірлік қағидасына айналдырды.
Арнаулы орта біліммен шектеліп қалмай, жоғары білім алуға талпынған Алма Хамзеқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдады. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетін сәтімен тәмамдап алды. Ағарту саласында жалпы 26 жыл еңбек еткен, бүгінде директордың оқу ісі бойынша орынбасары лауазымын иеленген жоғары білімді маман алдыңғы жылдан бері жаңартылған білім жүйесіне де ықылас танытып келеді. Жаңа жүйенің тиімділігі мен ерекшелігіне зер сала келе, баланы өздігінен жұмыс істеуге, келешекте теориялық білімін игілікке асыруға, белгілі бір мамандыққа бейімдейтініне көз жеткізгенін айтады. Он баллдық жүйемен бағаланатын білім сапасы шәкірттің: тыңдадым, айттым, оқыдым, жазамын ұстанымын негізге алады. Осы тәртіп негізінде жиынтық бағасы шығарылады да, қорытынды анықтамасы жазылады. Сабақ үстінде оқушымызды өзіндік ой қөзқарасын білдіруге баули аламыз. Негізгі артықшылығы да осында, – деп пайымдайды тәжірибелі мұғалима. Өз білімін де заманауи деңгейде жетілдіруге бағыт алған жерлесіміз Көкшетау педагогикалық шеберлік орталығында бірінші деңгейлі курстан өтіп келді. Бос уақытта ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мәнді де тартымды жыр жолдарына, әншілікке, волейбол ойынына қызығушылық танытатыны және бар.
Негізгі сабағын берумен қатар өнер-білімге бейімді балаларды жылда өтетін аудандық дәстүрлі Абай оқуына, «Жарқын болашақ» конкурсына қосып жүреді. Дильназ Әлмағамбетова, Елдос Сәрсенов өзіндік талап-дарынымен екінші тұғырдан көрінді. Алғашқы оқушылары Айым Ахметова, Меруерт Жетпісова, Әсел Жұмашева апайының ізімен мұғалімдік кәсіпті таңдапты. Отбасында үкілеген гүлі – тұңғышы, журналистика саласына ден қойған Гүлзат Қайыргелдінің де облыс көлемінде өз мектебінің мәртебесін еселегенін оқырманымызға сүйіншілеп жеткізген едік. Отбасындағы өзге перзенті де бастауыш топта білім жолына кірісті. Өз ұрпағының да, бүкіл ел жастарының да, кішіпейіл, инабатты, рухани бай, ана тілінің мәйекті, тіл мәдениеті мен ойлау деңгейінің жоғары болғанын жөн көреді.
Әрбір күні, тұтас оқу жылы бойы ізденістен талмайтын, әрбір шәкіртін өз баласындай аялайтын, баянды келешегі жолында білім-қабілетін аямайтын тәлімгердің әлі де жетістігі толымды болатынына сенім баршылық. Кәсіптік мереке күнгі қосар тілегіміз де осы.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретте: Алма ЖАСАРОВА. Суретті түсірген автор.