ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Әрбір мамандықтың өзіндік мәртебесі, қол жеткізер биігі, адам баласына сыйлайтын қуанышты да қызықты сәттері болады. Уақыт ағымымен кәсіп иесінің таңдаған ісіне көзі де қанығады, қызығушылығы да арта түседі, ара-тұра кезігетін сынағына да қажырлылық-төзімділік танытады. «Адам жанының инженері» атанған, тұтас ұрпақ тағдыры сеніп тапсырылған Мұғалімнің де бүгінгі қоғамда алар орны ерекше.
Мерекелік суреттемемізге кейіпкер болып отырған мұғалима апай – Гүлбаршын Анасқызы Сәдуақасованың да өмірден көрген-түйгені, кәсібі жайында айтары аз емес.
Кешегі Құлтума мен «Дударай» әнінің төл авторы Үлебай ақын жасап өткен, талай әнші, айтыс ақыны түлеп ұшқан Қорғалжын өңірінің қызы да киелі өнерден осал емес. Несіп Ашуқызы «Әліппе» ашқызған, Балкен Қасенова тіл-әдебиеті пәнін оқытқан.
Әкесі Анастың да кітапқұмарлығы, бәлкім, ұрпағының келешегіне, білімді, зерделі болп өсуіне негіз болғаны рас. Жаңағыдай білікті-тәжірибелі жандардың ұлағатты тәлімін көріп өскен шәкірттің 9 сыныптан кейін бірден Алматының қазақ тілі-әдебиетін тереңдете оқытатын мектепке қабылданғаны алғырлығы мен зеректігін аңғартатын жайт. Белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаевтың Ән өнері сабағын жүргізгені, танымал сахна саңлақтары Мейрамбек Беспаев пен Тоқтар Серіковпен сыныптас болғаны қызықты дәурен еді. Алматыда оқуда жүргенде әжесі Бәтима Жақыпованың сүйікті немересіне хатты латын қарпімен жазатыны ұстаздың әлі күнге дейін есінде қалыпты. Бұл да үйренетін үрдіс, қазіргі заман ағымына ілесудің іргетасы, деген ой түйеді мұғалима. Орта мектепті абыроймен тәмамдаған түлекке ҚР Білім және ғылым министрлігінің жолдамасымен еліміздің кез келген жоғарғы оқу орнына емтихансыз түсуге мүмкіндік беріліпті. Бойжеткен бірден Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін таңдаған.
Іле тұрмыс құрған студентке отбасылық жағдайына орай қысқа уақытқа оқудан қол үзуге тура келген. Әйтседе жаңа шаңырақта туған әкесіндей жанашырлық ниет танытқан, алғы күнді алыстан болжаған көреген қайын ата – Балтабай ақсақал жаңа түскен келініне сабағынан қол үзбеуге, қайтседе жоғары білім алуына ақыл қосып, жағдай жасаған екен. Ақылды, парасатты ене – Шәмшия Қалиқызы да өз отағасының шешімін аналық кең пейілмен құп алған. Гүлбаршын дәл сол сәтте жағдайға түсіністікпен қараған үлкендерге бүгінгі күнге дейін ризашылық ниетпен алғысын жаудырып келеді. Сонымен бірге Күншалған орта мектебінің директоры, марқұм Гүлжиһан Мәдешқызы Таханованың мол тәлім-тәжірибе бергенін мәңгі жадында ұстайды. Әрбір күнгі мұғалімдік жұмысында да тәлімгер апайының көрсетіп кеткен ізімен тұйықтан жол тауып шыға біледі. Ұжымның бүгінгі басшысы Ораз Сетаевтың әріптестерге жанашырлық ниеті, кәсіби шеберлігі, баршаға ортақ талап қоятын, шығармашылық жұмысқа жігерлендіретін жанашырлығы еселі еңбекке жетелейді. Заман ағымына ілесуге ден қойған мұғалиманың өзі де белім жетілдіру курсынан қалыс қалмайды, жаңашыл бастамаға, әдістемелік-деңгейлік оқыту бағытына қызығушылық танытады.
Жалпы жиырма алты жылға таянған мұғалімдік қызметте, соңғы үш жылда оқу ісін басқарушы ретіндегі мәртебелі лауазымында Гүлбаршын Анасқызының қол жеткізген табысы да толымды. «Тіл жанашыры» аталымында ауданнан берілген Алғыс хаты, облыстық білім басқармасының Мақтау қағазы – еңбегінің лайықты бағасы. Тәлім алған түлектерінің жетістігі де толымды. Хадия Лида, Әсемгүл Кереева, Әйгерім Мәкенова –апайының жолын қуған ұстаз. Нұржайнат Хамзаева, Қабылтай Уатхан – журналист. Аудандық, облыстық «Тіл білгірі» конкурсының жеңімпазы Любовь Лесная бүгінде Қазақ технология-бизнес университетінің студенті.
Отағасы «Бұйратау» паркінің инспекторы Дауыл Сәдуақасовтың да мектеп жұмысынан қолы босамайтын жарына түсіністік ниеті, үкілеп өсірген ұл-қызының жанашырлық пейілі, немеренің бал қылығы – ордалы шаңырақты нұрландыра түседі. «Абысын тату болса – ас көп» дегендей, өзімен бірге математика, орыс тілі пәнінің мамандары келін болып түскен ордалы отбасында, абысын арасында қалыптасқан түсіністік, бірлік дәстүрі ойлаған істі өрге бастыруға негіз болып келеді. Сабақ жоспары мен кестесін жасаудан қолы қалт еткен сәттерде бір үйдің отанасы ретінде тәтті дәм әзірлегенді, ағайын мен ауылдасқа қонақжайлық пейілмен дастархан жайғанды жөн көреді. Бұл да келер ұрпаққа ұлағат, жастарға үлгі боларлық, ел сүйсінерлік, көңіл толарлық жайт. Міне, табиғаты сұлу Күншалған өңірінде еңбектен бақыт тапқан, ауыл баласына ілім-білімнен шырақ жаққан әулет өкілінің бүгінгі тірлігі осындай.
Суретте: Гүлбаршын СӘДУАҚАСОВА.
Сурет вацап желісі арқылы қабылданды.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.