ЖАҚСЫДАН – ШАРАПАТ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
«Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында».
(Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті).
Үнемі сабырлы, байсалды, шектен тыс көп сөйлемейтін, көбінде ой ойлаумен жүретін, күнделікті сабағына тыңғылықты дайындалатын, ізінше бәрін ақылмен салмақтайтын, жетістігі мен олқы тұсын, оқушының ынта-жігерін үнемі назарда ұстайтын, әр сабақты шығармашылықпен өткізуге арнайтын ұстаз – Ботакөз Серікбайқызы.
Әкесі ауыл шаруашылығы маманы, шешесі дәрігер болса да, қызы мұғалім болуды қалапты. Ресейдің Омбы қаласының тумасы. Сол жерде орысша он бір жылдық білім алған. Атажұртқа оралып, Солтүстік Қазақстан облысындағы Мемлекеттік университетті төрт жыл қазақша химия-биология пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды. Әрине, орысша оқып келіп, қазақша оқу қиын болса да, жолдастарының көмегімен өзінің ынты-жігерімен табысты аяқтайды. Бұл мамандықты таңдауда нағашы атасы мұғалім болған адам. Ол кісі адам жанын елітетін, әңгімелері қызықтыратын болса керек. Әрбір оқушының мамандық таңдауда ұстаз қауымның міндеті орасан зор екені белгілі.

Бұл орайда Исаак Ньютонның: «Егер балалар тәжірибелі мұғалімдерден жеткілікті білім алып, тәрбиеленсе, онда келешекте іскер теңізшілер, кеме жасаушылар, сәулетшілер және теңіз бен құрлықта жұмыс істейтін әртүрлі математикалық мамандық иелері – халыққа қызмет етеді»,- деп армандағаны мұғалімнің шеберлігіне қатысты болмақ. Ұстаз қандай болса, оқушы да оған еліктейді. Ботакөзге дәріс берген мұғалімдер де оқушыны өзіне тартумен қатар химия-биология сабағына деген құштарлығын шыңдай түсіпті. Олимпиадаға тұрақты қатысып, жүлделі орынға ие болған шәкіртін ұстазы Әлия Сақтағанова ерекше назарға алып, шыңдаумен болыпты.
Мектеп бітірген жас маман осы ауылға мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Мектеп директоры Бақыт Манашқызы, оқу ісінің меңгерушісі Марина Сапарбекқызы қуана қабыл алады. Ол кезде ауыспалы кезең, мұғалімдер жетіспейтін болса керек. Арада жиырма жылдай өтті. Жоғары санатты ұстаз қаншама шәкірт ұшырды. Әлі де ұшыра бермек. Аудандық, облыстық конференцияларда, «дөңгелек үстел» жиынында өз пікірімен бөлісіп, баяндама жасады. Оқушыларды өз пәніне қызықтыра білді. Игі еңбегінің нәтижесінде оннан астам марапат, Алғыс хатты иеленді. «Судың кермегі және оны жою әдістері»: «Аралас бездер» тақырыбына өткізген ашық сабағы жоғары бағаланды, бұл материалы республикалық ғылыми-әдістемелік «Биология» журналына басылды, көптің қажетіне жарады. Соңғы жылдары жаңа бағдарламаларға байланысты білім жетілдіру курс-семинарларына тұрақты қатысып келеді. Тиісті куәлік-сертификаты баршылық. Әсіресе 2014 жылы халықаралық әлеуметтік педагогикалық инновациялар жәрмеңкесіне, 2017 жылы «Білім берудің жаңа философиясының тұжырымдамалық ойлары» аясында химияны (биологияны) оқыту процесін жобалаудың қазіргі әдістері тақырыбы қамтылған баяндамалары жақсы бағаланыпты. Кабинет ішін күнделікті сабағына қажетті материалмен жарақтандырған. Өз сабақтарында модульдік сын тұрғысынан ойлау, дамытпалы оқыту және жобалық технологиясын қолданады. Сабақ үстінде әруақытта оқушыларды қызықтыратын, ойландыратын экологиялық мәселелерді жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді екен. Пән маманы негізгі кәсібіне қоса шығармашылық жұмыспен айналысады. Сабаққа қатысты дидактикалық, тестілік тапсырма, көрнекілік материалы жинағын өзі құрастырады, іске жиі қолданады, рет-ретімен сақтайды. Ғылыми жобаларға көңіл бөледі. «Оқушыны өз жұмысынан жеміс көруге ынталандыру арқылы өзіне қорытынды жасау, келешек өмірге дайындау негізгі мақсатым»,- дейді кейіпкерім. Өзінің әрбір жұмысына есеп беретін жыл сайынғы олимпиада қорытындысын, ҰБТ нәтижесін, балалардың ғылыми жобасын, оған қатысқан оқушылардың жиған балл санын, алған бағасын, иеленген орнын жазып сақтауды дәстүрге айналдырған. Ұзақ жыл еңбек етіп, өз пәнінің қыр-сырын жете меңгерген қадамына есеп жасайтын Ботакөз Серікбайқызы жолдасымен бірге төрт бала тәрбиееп отыр. Алдыңғы буынның шарапатын алған ұстаздың ізбасарлары көбейе берсін. Ұстаздық еңбек оқушының нәтижесімен көрінеді. «Алты алаш бас қосса – төрден орын алатын ұстаздың» әлі де мол еңбек ете беруіне тілектеспіз.
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.
Новомарковка ауылы.