БАРША ШӘКІРТ БАҚ СЫНАДЫ, ШЫҢДАЛДЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (2 оценок, среднее: 4,00 из 5)

Loading...
Қыркүйек айында Өлеңті орта мектебінде әйгілі палуан жерлесіміз, күрес өнерінің майталманы, спорт шебері Ибраев Рустем Нұрмұханбетұлы Ыбыраевты еске түсіруге арналған мини-футболдан аудандық жасөспірімдер турнирі өтті. Жарысты өткізудегі негізгі мақсатымыз танымал тұлғаны баршаға өнеге етуге; жасөспірімдердің спорттық шеберлігін шыңдауға; жас өрендерді дене тәрбиесі мен түрлі спортқа әуестендіруге арналды.
Аудандық деңгейдегі дүбірлі бәсекеге Ерейментау қаласының, Өлеңті, Бозтал, Новомарковка мектептерінің 2005 жылға дейінгі ер балалары қосылды. Жалпы 8 команда жүлделі орынға таласты. Сонымен қатар аудандық Тоқмағамбет хазірет мешітінің бастамасымен 16 келілік гір тасын көтеруден, кермеге тартылудан, қол күресінен бақ сынауға мүмкіндік берілді.

Өлеңті орта мектебінің түлектері Ардақ Төлендин, Тұрсын Тоққожинов, Әлібек Жәниев, сонымен қатар бір топ спорт жанашырлары Ғабит Шақаев, Сәбит Шақаев, Жанат Мұқанов, Рүстем Шақаев, Дінмұхамед Ыбыраев демеушілік көмек көрсетті.
Ардақ Төлендин оған қоса біздің мектепке өзінің атынан балаларға волейбол, баскетбол, футбол ойнауға арналған 10 доп сыйлады. Жерлес азамат бүгінде Астана қаласындағы “Ереймен” спорт клубының вице- президенті қызметінде. Тәжірибелі бапкер олимпиада чемпионы резервін баптаумен айналысады. Спортқа ықылыс білдірген Ерейменнің жастарын қолдауға әрқашанда дайын.
Ақтық нәтижеде гір тасын көтеруден Жалғас Ихласов үшінші, Расул Узденов екінші, Дильшат Исабеков бірінші орынды қанжығасына байлады.
Ал, кермеге тартылу сайысында Әділет Поезбаев, Рүстем Аренов, Расул Узденов мақаламызда аталу ретімен 3-2-1 орын тұғырына көтерілді. Бұл жеңімпаздар бағалы сыйлықпен және Мақтау қағазымен марапатталды.
Қол күресінен 3-2-1 орын жүлдесі Дастан Сұлтановқа, Батыржан Амангелдиновке, Расул Узденовқа бұйырды.
Футболдан өткен турнирде 1,2 орынды Ерейментау №2 орта мектебі, 3 орынды Өлеңті орта мектебі иеленді.
Жүлделі орын алған командалар арнайы грамотамен, кубокпен және медальмен марапатталды.
Турнирде үздік шыққан ойыншылар да назарға ілікті. Төреші мен жанкүйер көрерменнің назарына іліккен 8 бала ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Ойынға қаржылай демеушілік көмек көрсеткен Рустем ағамыздың туған қарындасы – Гүлнұр Нұрмұхамедқызы Ыбыраева. Осы іс-шараны ұйымдастыруға сүбелі үлес қосқан Дарын Бәкібаевқа және мектебіміздің мұғалімі Айрыпжан Нұрбекұлына оқушылар қауымы алғыс білдіреді.
Әминат УМАРОВ, тәлімгер