ЕҢБЕК ЖОЛЫН АБЫРОЙМЕН ӨТКЕРГЕН

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...

Ауданымыз өзінің 90 жылдық атаулы тойын кең көлемде дүркірете атап өтті. Әдеттегідей, мәртебелі меймандарымызды күтіп алдық, дәм-тұзымызды бөлістік, үздіктерді сый-сыяпатқа кенелттік, сахнамызды әнмен әрледік, бимен көмкердік. Ерейментау – ұлан-байтақ Отанымыздың картасынан орын алған, Ақмола облысының аумағындағы баршаны өзінің сұлу келбет-көркімен тамсандырған қастерлі атақоныстың бірі. Алыстан көз тартатын жел электр стансасы, киелі орындары, орман-тоғайы, биік таулары, мөлдір сулы бастау-бұлағы, жеміс-жидегі, астық алқабы – бәрі-бәрі туған жеріміздің ажарын аша түседі. Ең негізгісі – өңірде еңбегімен көпке танылған, кең пейілді, баршаға сыйлы, тамаша адамдар мекен етеді.

Мерейлі дата қарсаңында қаламыздың байырғы тұрғынының бірі Бағдат Баспаққызы Ғалиевамен жүздестік. Жерлесіміз ғұмыр жолы туған өлке тарихымен мәңгі тағдырлас болған ата-анасы жайында бір үзік сыр шертті.

Тілші: Бағдат Баспаққызы, жаңағы тарихыңызға басынан бастап тоқталғаныңыз жөн болар, сірә.

Б.Ғ. Біз Ерейментауға 1954 жылы қоныс аудардық. Әкем Баспақ Ғалиұлы Ғалиев Ерейментау ауаткомы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Сондықтан өз басым, өзге айтулы тұлғалар тәрізді, ол кісі де қаламыздың, ауданымыздың керегесін кеңейтуге, уығын тіктеуге, шаңырағын биіктетуге үлес қосты деген ойдамын. Бестөбе, Изобильный, Сілеті ауылдары ол уақытта біздің ауданның құрамына кірді. Әкемнің жаңағы алыс елді мекендердің жағдайын көзбен көруге жиі шыққаны, халықтың жағдайына қаныққаны есімде қалыпты. Ол уақыттың қысы да қатты болатын, ат құлағы көрінбейтін бораны мен түкірік жерге түспейтін аязы кезектесіп жататын. Қолда қазіргідей жол талғамайтын Джип маркалы қызмет көлігі жоқтың қасы. Межелі жерге жаз айында мәшинемен, қыста атпен жүріп жететін. Қазір бұл жағдайды көзге елестетудің өзі қиын. Біз, балалары, әкемізді үйде сирек көретін едік. Өйткені, әсіресе көктемгі егіс, әлде күзгі орақ науқаны уағында іссапар мерзімі апталап жалғасатын.

Жатсық кезең, албырт шақ, қажыр-қайрат, мызғымас Одақ атандырған, Отанға деген мақтаныш сезімі – бәрі-бәрі сол заман ұрпақтарының санасына мықтап сіңді. Аға буын өкілдері, тың және тыңайған жерлерді игеру жолында, уақытпен санаспай, аянбай еңбек етті.

1957 жылы егін бітік шықты. Аудан мемлекетке бұрын-соңды болмаған деңгейде мол астық тапсырды. Дәл сол кезеңде әкемнің «Құрмет Белгісі» орденін, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалін, «КСРО Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің» көркімен көз тартарлық күміс медалін, атаулы алтын сағатты иеленгені жадымда жақсы сақталыпты.

Әкеміз бізге ұдайы игі іске, борышқа адалниеттілік үлгісін көрсетті. Еңбек жолы 1932 жылы Еркіншілік ауаткомының статисі лауазымынан басталды. 1937 жылы аудандық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушысы болып тағайындалды. Айта кететін жайт, дәл жаңағы кезеңде ол кісі небары 22-ақ жаста екен. Бірде ауданның архивінде өткен кезең құжаттарымен жұмыс істегенімде, әкемнің қолы қойылған 1937 жылғы №43 S 1 БҰЙРЫҚҚА тосыннан көзім түсті. Онда: «Аудан орталығында ясли-бақша ашқызуға арналған жұмысты шұғыл арада өрістетуіңізді міндеттеймін», деп жазылыпты. Ол уақытта Благодат ауылы аудан орталығы болатын.

Әкемнің қарындасы Кәкен апайымның әңгімесінен білгенім: сол заманның барлық адамдары тәрізді, бауыры да қудалауға іліккен. Ізінше қызметінен аластатылған. Себебіне үңілсек: нағашысы аты аңызға айналған Бөгенбай батырдың тікелей ұрпағы әрі Жүніс (Жаман ) қажының туған немересі екен. Бірден қарындасын өзімен бірге ертіп алады да, Петропавлға қоныс аударады. Явленкада жауапты комсомол қызметкерінің жұмысын атқарады.

Ананы баладан, баланы әкеден, жарын отағасынан айырған, барша адамзаттың жүрегінде айықпас жара қалдырған Ұлы Отан соғысы әкеміздің ғұмырнама парағынан өшпес орын алды. Ол кісі 1941 жылдың тамызынан 1945 жылдың қыркүйегіне дейін майдан шебінде жүрді. Әскери бөлім командованиесінен елдегі қарындасының атына келесідей мазмұнда хат жолданыпты:

-«Сіз бауырыңыздың әскери бөлім партия ұйымының жетекшісі ретінде өз қызметін қаруластарының сұранысымен шебер үйлестіретінін мақтан тұтуға құқылысыз. Осылайша әскерилерді командование жүктеген тапсырманы тиянақты орындауға жұмылдыра біледі.

Еңбекқор, батыл, ержүрек, қайсар, жанашыр азамат тәрбиелеген Отан-Ананың абырой-мерейі үстем болсын, бәріміздің ортақ мақтанышымызға айналсын. Отан соғысы жылдарында халық алдындағы, жалпы кеңес мемлекеті алдындағы парызын адал, ұқыпты өткеріп жатқан ағаңыз – ел мақтанышы, сіздің мерейіңіз».

Майдангердің омырауындағы көптеген марапатқа үңілсек – әкеміз Қызыл Жұлдыз орденін, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медалін айрықша қастерлейтін. Тағы есімде қалғаны – бейбіт уақытта қажырлы еңбегі үшін берілген Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын көзінің тірісінде жоғары бағалап өтті.

Қай салада еңбек етсе де, астық қабылдау кәсіпорнының директоры, жинақ кассасының басқарушысы болған сәтінде, бүкіл күш-жігерін, білім-білігін игі іске жұмылдырды. Әкем астық қабылдау кәсіпорнын басқарған уақытта Заготзерно аймағында мектеп пен дүкен салынғаны есімде.

Никита Хрущев Үкімет басына билікке келген жылдары, неге екені белгісіз, нан тапшылығы сезілді. Бір қолға бір бөлкеден үлестірілді, сапасы да көңілден шықпай жатты. Таңертеңнен халық ұзын-сонар нан кезегіне баратын, осы топқа, аталмыш мекеме директорының қызы – мен де қосылдым. Қолда осындай мол мүмкіндік бола тұра, үйде бір шөкім ұн әлде нан болған емес. «Кім сенеді директордың үйінде бір түйір нан жоқ дегенге»,- деп әжемнің күңкілдегені есімде. Бір жағынан, әжейді де түсінуге болады. Өйткені немерелеріне бауырсақ әлде үйдің таба нанын пісіріп бере алмады ғой. Ол кісі қолынан бәрі келетін шебер наубайшы еді. Екіншіден, істің түпкі мәнін сол сәтте ұқтым, әкемді бөгденің ала жібін аттамайтын, адалниетті жан ретінде мақтан тұттым.

Әкем талай мәрте қалалық, аудандық, облыстық Советтің депутаты болып сайланды. Дербес зейнеткер атанды. 1943 жылы майдан жорығында екі мәрте ауыр жарақаттанды. Дегенмен бейбіт уақытта ешқашанда мүгедектік жәрдемақысын алған емес. Тіпті тоқсаныншы жылдары ардагерлерге қандайда бір бұйым алдыруға ай сайын талон берілгенде де бұл игіліктен бас тартты.

Бізге, балаларына, қарата нақыл сөз айтқанда: «Біз Отан алдында әрдайым қарыздармыз. Ол бізге ештеңе берешек емес. Әркім өз парызын адал өткеруі тиіс. Жақсы еңбек еткен, Отанды сүйген дұрыс», – деп ой қосатын.

Тілші: Отбасы, отанасы, балалары жайында не айтасыз?

Б.Ғ. Анамыз Мәпруза Әбділқызы Ғалиева әкемізбен қырық жыл отасқан адал жар болды. Соғыс басталғанда ол жетінші сыныпты тәмамдапты. Сабағын өте жақсы оқыған. Үздік оқуы үшін жыл сайын берілген, жалпы саны жеті дана Мақтау қағазы қолымызда әлі күнге дейін сақтаулы. Сонымен бойжеткен қызға майданға алынушылардың құжаттарын ресімдеуді міндеттеген. Шақыру қағазынын күні-түні келіп жататынын еске түсіретін. Бүкіл соғыс жылдарында, ересектердің бірге еріп жүруімен қысы-жазы түнгілікте шақыру бекетіне үзбей барып жүрген. Он алты жасында «Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Соғыс аяқталғаннан кейін Благодат селолық тұтынушылар қоғамында сатушылық жұмысқа кірісті. Ерейментауға қоныс ауыстырғанда Зеленый хутор дүкенінде кәсібін жалғастырды. Өнеркәсіп тауары, азық-түлік, арақ-шарап сатылатын үш бөлімде тұтынушыларға жалғыз өзі қызмет көрсеткені есімде. Осының бәрі қаншалықты еңбек болғанын бертін түсіндім.

Анам зейнеткерлік жасына дейін «Павлодарстройпуть» мекемесіне қарасты сауда орнында стаушы, дүкен меңгерушісі қызметін атқарды. Көптеген Мақтау қағаздары, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, адал ниетті еңбектің, қала халқына қызмет көрсету саласында қол жеткен толымды нәтиженің жемісі. Ол кісінің суреті Құрмет тақтасынан түсіп көрген емес. Бала күнімізден бәрімізге қажырлылық пен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетті. Ата-анамыз негізінен өз ұрпағына мәдениеттілігімен, тапсырылған іске адалдығымен өнеге болып өтті. Айналадағы жандарға қайырымдылығымен, елгезектік, жанашырлық ниетімен, қонақжайлық кең пейілімен ерекшеленді. Жаңағыдай қасиеттері арқылы әріптеске, замандасқа, туыс-жұрағатқа беделді, жалпы көпшіліктің арасында сыйлы болып өтті. Өтінішпен жолыққан ешбір жанның меселін қайтарып көрген емес. Кім келсе де, үйіміздің есігі де, әке-шешеміздің кең құшағы да, әрқашан айқара ашық тұратыны, ыстық ықыласты пейілмен дәм-тұзын ұсынатыны есімде қалыпты.

Біз отбасымызда бес ағайынды болдық. Үйдің тұңғышы мен, Бағдат, інілерім – Егінбай, Есенбай, сіңлілерім – Зеннат пен Айгүл өсіп-жетілдік. Бәріміз жоғары білім алдық. Ата-анамыздың үлгісімен адалдықтың ақ жолын ұстандық.

Мен 36 жыл ағарту саласында еңбек еттім. Мұғалім, оқу ісін меңгерушісі, аудандық әдістемелік кабинетінің әдіскері, меңгерушісі, мектеп инспекторы, білім бөлімінің кадрлар бойынша инспекторы қызметін атқардым. Отағасым Сатыбалды Иманғалиұлы Байжановпен ұзақ жыл бақытты ғұмыр кештім. Ол кісі осы өңірдің тумасы. Ерейментау қаласының төл перзенті. 35 жылдан астам уақыт бойы 32-жылжымалы мехколоннада прораб, сумен жабдықтау мекемесінің басшысы қызметін атқарды. Балаларымыз да өздерінің еңбек жолын туған жерінде бастаған.

Егінбай бауырым, бүгінде марқұм, бастапқы бетте Ерейментау аудандық комсомол комитетінде нұсқаушылық қызметте болды. Жоғарғы буын лауазымға ауыстырылды. Қауіпсіздік кеңесінде (Президент аппаратында) жауапты жұмыста жүрді. ҰҚК полковнигі әскери шенін иеленді. Қай салаға қабылданса да, қарапайымдылығымен, адалдығымен, жауапкершілігімен ерекшеленді. Көпшілігі «Ерейментау ауданының сүйікті дәрігері» ретінде танитын Есенбай Баспақұлын өңірімізде білмейтін жан кемде-кем. Талай жанның дертіне дауа, жанына шипа тапқан, әйгілі Гиппократ антын берік ұстанған иманжүзді, елегезек інімізді барша жұртшылықтың білікті терапевт маман атандырғанына көңілім толады. Келіншегі Гүлжәмила Сейітжанқызы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты маманы, жалпы отыз жылдан астам уақыттан бері қаланың мектептерінде еңбек етті. Сіңлілерім Айгүл мен Зеннат Петропавлда, Алматыда тұрады. Немере-шөберелер ата-әжесін шынымен мақтан тұтады. Олардың көбі Қазақстанның түрлі қалаларында жұмыста жүр. Зеннаттың қызы Гаухар Қазақстанның Жапониядағы елшілігінде қызмет атқарады.

Егер мүмкіндік болса, онда Кәкен апайымыз – әкемнің жалғыз қарындасы Кәкен Әубәкірқызы Ғалиева жайында қосымша сыр шерткім келеді. Әпкеміз мектептің қарапайым мұғалімі еді. Өзінің талғам-талпынысына, туабітті табиғи дарынына қарай ел тарихын, қазақтың ұлттық шығармасын, әдебиетті жақсы білді. Әсіресе өзінің өткен өмірі жайында көп әңгімелейтін. Менің жан-дүниеме мол әсер еткен бір оқиға есіме түссе – әлі күнге дейін көңілім босайды, жанарыма жас үйіріледі. Алдында айтылғандай, 1937 жылы әкем қарындасын ертіп алып, Петропавлға кеткен. Ұлы отан соғысы басталғанда сол өңірдегі әскери комиссариаттан алғы шепке аттанды. Кәкен апайдың әңгімелеуінше, 15 жастағы қыз ағасын майданға әкетіп бара жатқан пойыздың соңынан, әбден қалжырап-шаршағанша, ағатайлап, екі өкпесін қолына ала, ботадай боздап, жүгіре берген. Қанша жүргені белгісіз. Есін жиса – өзін сүйемелдеп тұрған бір орыс келіншегін көзі шалған екен. Мән-жайға жете қаныққан, құдайға қараған жаңағы әйел мүлде жалғыз қалған дәрменсіз қызға жанашырлық ниетпен заттарын жинастыруға, Петропавлға аттануына септесіпті. Жолшыбай кезіккен түрлі көлікпен сатылап жүре отырып, бір апта дегенде қазіргі Олжабай батыр ауылына – Благодатқа жеткен екен.

Кәкен апамыз таңғажайып адам болды. Әкеммен бірге бала жастан қаншама бейнет шексе де, ауыртпалық көрсе де, қайырымдылық жолынан, адами қасиетінен еш айныған емес. Ілім-білімді қажырлылықпен, құштарлықпен меңгерді. Бірнеше буын шәкіртке білім берген, ұстаздардың ұстазы, зерделі де зиялы, беделді де, кішіпейіл азаматша болып өмірден өтті.

Тілші. Сіз, қаламыздың, ауданымыздың ең байырғы тұрғыны ретінде, туған үйіңізге айналған қастерлі өңірдің 90 жылдығына нендей тілек арнайсыз?

Б.Ғ. Аудан мен қаланың тарихы осы өлкеде тұратын адамдардың өмір тарихынан құралады. Соғыс жылдарында да, бейбіт уақытта да, ауданның өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, менің ата-анам секілді, жандар өте көп деген ойдамын. Әке-шешемнің арқасында жаңағыдай есімі елге белгілі, көпшілікке қадірлі жандарды танып білгеніме, қазіргі көз тірі адамдардың көбімен аралас-құралас жүргеніме, жалпы осындай абзал ата-ананың қызы болғаныма өз басым шексіз ризамын. Олар: құрылыс, теміржол, денсаулық сақтау, білім саласының, мәдениет, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, тіпті тұрмыстық қызмет өкілдері де баршылық.

Жерлестеріміз өткен кезең ішінде қаншама қажырлы еңбектің үлгісін танытты. Табиғаты сұлу, қойнауы құтты, бақ қонған өңірде небір айтулы тарихи оқиға өтті десеңізші! Қаншама тарихи тұлғалардың бақ жұлдызы жарқырай жанды. Туған жеріміз жыл санап гүлдене түссін. Өзінің қайталанбас бет-бейнесін иеленгені – осында қоныстанған, жұмыс істеп жүрген жандардың еңбек жемісі. Бәріміздің көздейтініміз елдің бірлігі, Отанның тыныштығы, ұрпақ амандығы. Келешекке нық сеніммен қарайтынымыз рас.

Тілші. Әрбір мемлекеттің ең маңызды, басты байлығы – тұрғын халқы. Біздің ауданда да осылай. Ғалиевтар әулетінің үлгісінде өз Отанын сүюге, еңбегін өз мемлекетінің игілігіне бағыштауға, аянбай қызмет етуге дағдыланған тұтас ұрпақ өкілдерін танығандай әсер алдық.

Әңгімелескен Анар ҚЫЗКЕНОВА.