МҰҒАЛІМ – МӘРТЕБЕ МЕН ҚҰРМЕТ ИЕСІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Өткен аптаның соңында Балалар шығармашылық үйінде қарбалас дайындық жүріп жатты. Ұжым негізгі мереке себепкері – ұстаздар қауымын қарсы алуға қам жасады. Түрлі-түсті шарымен қос қанаттан сап түзеген оқушылар тобы, еденге төселген кілем төсеніш, Балалар музыка мектебі шәкірттерінің сазды сәлемі, Шығармашылық үйі қолөнер иелерінің бірегей бұйым көрмесі, шардан даярланған гүл дестесі – бәрі бәрі аудандық білім бөлімі мен алаң иелері педагогтарының, шәкірттерінің тосын сыйы болатын.
Қала мен ауданның ағарту қызметкерлері жаңағы бірегей сый-сыяпатты ықыласпен, алғыс сезімімен қабыл алды. Мектептен тыс мекеменің жанға жайлы шағын залына қала мен аудан мектептерінің, балабақша мен мектептен тыс мекемелерінің басшылары, күнделікті жұмысында заманауи технологияны, оқыту әдісін қолданатын танымал педагогтар жиналды. Қонақтарды аудан әкімі Виктор Радченко құттықтады. Өңір басшысы өскелең ұрпақты оқытып-тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін бүкіл ұстаздар қауымына ризашылық лебізін арнады.

Әлеуметтік салаға, осы санатта білім беру жүйеісінің мәртебесін көтеруге көп көңіл бөлініп жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауына назар аударды. Елдің болашағы аманатталатын жастарға көңіл бөлінгенін қоса атап өтті. Шаршы топта, көпшіліктің көз алдында сала мамандары құрметтелді. Еңбекте, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеуде үздік шыққан әріптестерге салалас министрліктің, облыстық білім басқармасының, аудан әкімінің Алғыс хаты, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі табыс етілді.
Наталья Курникова мен Асқар Өсіпов басқаратын қос мекеменің ұжымы тартымды концертін ұсынды. Залға келген әрбір маманға Совет Нұрғазин басқаратын білім бөліміндегі ұйымдастыру алқасы тарапынан сый-құрметтің нышаны ретінде гүл дестесі тарту етілді. Салтанатты жиынға қонақ ретінде аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметов та қатысты.
Күзгі жайма-шуақ ауа райы, мұғалім еңбегінің лайықты бағасы, қиын да жауапты,кәсіп иелерінің еленгені кезекті оқу жылын сәтімен өткеруге дем бергендей әсерде болдық.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.