ӨНІМ ӨЗ ТҰТЫНУШЫСЫН ТАПТЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Өткен демалыс күні жәрмеңке қалашығы алаңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Игі шараға ауыл өңіріндегі шаруашылық жетекшілері, жеке аула иелері, ауданымыз бен өзге облыстардың жеке кәсіпкерлері ықыласпен үн қосты. Мақсатты іс егде адамдар мен мүгедектер айлығы құрметіне қалалықтардың азық-түлік қоржынын толықтыруға арналды.

Таңғы сағат сегізден бастап республиканың оңтүстік облыстарынан келіп жеткен кәсіпкерлер жаңа піскен пиязын, көршілес Павлодар облысының өкілдері капустасын үлестірді. Новомарковка, Бестоғай ауылдық округінің шаруалары картобын саудалады, бағасы тұтынушының таңдауына қарай әркелкі болды.

Бүкіл округтер дерлік кең ассортиментте сүт тағамын: сары майын, қаймағын, сүзбесін, құртын, айранын, қымызын ұсынып жатты. Жылқы, сиыр, шошқа етін жұрт пышақ үстінен бөлісіп алды. Тауықтың еті де мол жеткізілген. Ет сатушылардың бәрі бұрын белгіленген бағаға тоқтады, базардағыдан 20 пайызға арзандатты. Балыққа әуес жандар өзен-көл өнімін келісі 300 теңгеден сатып алды. Жаңа даярланған гүл балына сұраныс кең болды. Буылып-түйілген қалыптағы ұн, қант, сұйық май сөреге қойылды. Қала халқының көбі үй құсының жемін сұрастырды, ұйымдастырушылар мал мен құм жемін келесі жолы міндетті түрде жеткізіп беруге уәде етті.

Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары айшықты да мазмұнды концерт қойып берді.

Аудан әкімінің, тыл және еңбек ардагерлерінің аудандық кеңесінің бастамасымен өткізілген алғашқы күзгі жәрмеңке осылайша абыроймен сәтті өтті.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА. Суретті түсірген автор.