ТУҒАН ӨЛКЕ КЕЛБЕТІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Дархан дала, көкшіл таулар – Ерейменнің келбеті,
Жасыл жолақ тау қойнауы, шоқ тоғайлы жер беті.
Мекен етіп кейде бір сәт, батыр баба белгісін,
Қызықтаймын сол биіктен – көзге көркем суретін.

Ерейменнің солтүстігі-батысы мен шығысы,
Байтақ алқап жасыл кілем, орман шоғы, қыр құсы.
Араласып қырқалармен, көкжиекті барладым,
Шілде жазы, салқын самал – бала кезден арманым.

Жазғы маусым, демалыста – қой соңында, далада,
Жүрген едік ойнақ салып – балалығың қала ма!
Абылайша, Тамды көлің, Жұмабайдың бұлағы,
Бұл күндері ертегідей көз алдымда тұрады.

Ата-анам қоныс тепкен Ерейменнің қаласы,
Бабаларым мекен еткен ұлан-байтақ даласы.
Саққұлақ би мекендеген Қоржынкөлдің сағасы,
Туған жердің шежіресі, ата жұрттың саясы.

Ұрпақтары аталарын қасиетпен бағалар,
Қарт Бөгенбай ұлы бабам – ұлы атам Қайназар.
Ұлы шешем Қамырхандай болсын ару аналар,
Аталарым Әли-Қали, сол бұтақтан таралар.

Ата жолым Әли, Қали-Қабан батыр ізінде,
Еңбек етіп өмір кешкен өткен ғасыр кезінде.
Елес тартса Ерейменнің көне тарих бейнесі,
Өзгермеген табиғаты, жасыл майса келбеті.

Тау сілемі ойнақ салып, сай-салаға өрлеткен,
Жауын өтіп, кемпірқосақ, аспан жүзін төрлеткен.
Сыр берер ме жер анамыз – серпи ашып астарын?
Бізге жұмбақ құпиясын – мыңжылдықтың дастанын.

Өтсе-дағы неше ғасыр, ата жұртым ел беті,
Байтақ дала, көкшіл таулар – Ерейменнің келбеті.
Алаш елін ардақ еткен, қарт Бөгенбай сәулесі,
Сарыарқаның шамшырағы, мақтанышы, дәулеті.

ЕРЕЙМЕНІМ – ТУҒАН ЕЛІМ
Адамзаттың бар ма екен тау-жері,
Тағдыр салып табанымен баспаған.
Қымбат болар жасыл бағы, өз елі,
Жырға бөлеп ар-намыспен мақтанар.

Ерейменім – туған елім, сәбилік нұр бесігім,
Кіндік қаны тамған жерім –қасиетті есімің.
Өмір жолы, арман толы өзіңменен басталып,
Өзің аштың арнап бізге білім-орда есігін.

Ерейменім – көзге көркем көкжиекте тауларың,
Кестелеген орман шоғы, тал мен шілік қойнауың.
Мойыл-жидек, қайың-терек, көкшіл табақ көлдерің,
Жасыл майса ұлан дала – бала кезден көргенім.

Ерейменім, жасыл бағым, гүлдей берсін көктемің,
Біз екенбіз еркелетіп, жел қақтырмай еккенің.
Есімізде абзал жандар, ұстаздарым аяулы,
Аясында он жыл өткен, қазақ орта мектебім.

Ерейменім, төккен терің – бізге тартқан шашуың,
Қайрат алып сол сыйыңмен, өттік өмір асуын.
Жүрсек бүгін әр тарапта, әр белестің бойында,
Өскен жерім, сағынышым, мақтанышым ойымда.

Ақтабаны шұбырынды, қауіп-қатер жылдары,
Жасақ жинап ер-азамат жайлаудағы, қырдағы.
Орта жүздің батырлары, Есіл, Торғай, Тобылда,
Бөгенбаймен жеңіс тапқан азаттықтың жолында.

Ерейменім – Кәрітауым, орта жүздің даласы,
Ұлы шайқас өткен аңғар, жоңғар-қалмақ таласы.
Ұланты мен Бөлентіде, өзендерің сағасы,
Айғақ еткен Бөгенбай деп – батырлардың бағасы.

Ерейменім –жігеріміз, ғасырлардың дастаны,
Жау алмаған байтақ дала, ақша бұлтты аспаны.
Ел басына күн туғанда, ат үстінде жорытқан,
Бабаларым туған жердің, сол ғасырдың жастары.

Ерейменім шежіреміз – жыр сандығы төгілген,
Ғасыр бойлап аманатпен ұрпақтарға берілген.
Келер жастар, бала жастан, туған елдің тарихын,
Батыр баба Бөгенбайды мақтан етер сеніммен.

Ерейменім – туған жерім, ғасырлардың данасы,
Аталарым қоныс тепкен кең жайлауы, даласы.
Орман кезіп, жеміс теріп, асыр салып доп қуып,
Балалық шақ өте шыққан осы күннің қаласы.

Серікбай ҚАЛИЕВ, Ереймен елінің тумасы.
Степногорск қаласы.