ҚАЙТАЛАНБАС ЖАСТЫҚ КЕЗЕҢ КЕШЕГІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Тыл және еңбек ардагерлерінің қалалық кеңесінінің төрайымы Қарашаш Қалқаманова газетіміздің өткен жолғы санында жаны жас комсомол ардагерлеріне ұсыныс арнады. Автор жерлесіміз ауданның жастар ұйымының өткен жылдардағы даму тарихына шолу жасаған. Ауданның 90 жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламалық құжаты аясында, өлке тарихын толықтыру, ұмытылған есімдерді еске түсіру мақсатында жерлестерімізден өз естелігімен бөлісуді өтінген. Бүгін редакциямызға алғашқы хат келді.

-2018 жылы Бүкілодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағының құрылғанына 100 жыл толады. Комсомол менің 20 жылдық ғұмырымды арнаған ауқымды қоғамдық-саяси жұмысымның бастамасына айналды. Алғашқы ұстаздарым мен тәлімгерлерімді ыстық ықыласпен, алғыс сезіміммен еске түсіремін.

Бәрі мектеп-интернаттан басталды. Мені жаңағы оқу орнына орыс тілі, әдебиеті және тарих сабағының мұғалімі етіп жіберген еді. Бұл мекемеде мұғалімдер комсомол ұйымының хатшылығына сайландым. Тобымызда албырт та талапты, дарынды да шығармашыл 18 жас мұғалім болды. Бұл кезең оңай тиген жоқ. Біз үшін бәрі жаңалық еді. Дегенмен білікті тәлімгерлер қасымыздан табылды. Асқаров Ғалы Асқарұлы – ақылды, ұстамды, мәдениетті басшы болды. Ешқашан дауыс көтергенін көрмеппін. Шығармашылыққа, жаңашылдыққа дем беретін. Матай Сейсембайұлы Сейсембаев, керісінше, талап қойғыш, бастауыш партия ұйымының бірсөзді жетекшісі, мектептің беделі болды. Білім ордасындағы оқу процесі оқу ісінің меңгерушісі Клавдия Прокопьевна Таранованың жіті бақылауымен жүріп жатты. Рәшида Шайқықызы Әбжәлімова – зиятты, эстет, бүкіл әсемдікті бағалаушы жан, менің әлі күнге дейінгі кеңесшім. Бағыма қарай, осындай ортада қызметке төселуге мүмкіндік алдым. Бүкіл педагогикалық ұжымға көптен-көп рахмет. Директордың арқасында аудан басшылығының алдында ұжымымыздың беделі еселенді. Дәл осындай себептен бізге Ұлы Жеңістің 20 жылдығы құрметіне – 1965 жылдың 9 мамырында мәнді шараны – қаза тапқан қаһармандар ескерткішінің ашылу рәсімін тиісті деңгейде өткізуге аманат жүктелді. «Юность» журналында алғаш рет Роберт Рождественскийдің «Реквиемі» жарияланды. Бұл шығарма біздің композициямыздың өзегіне айналды. Чайковскийдің, Бетховеннің, Шуманның, Рахамниновтың әуені негізінде мектебіміздің мұғалімдерінің орындауында жан тебірентерлік тартымды сөз арналды. Алаң қала тұрғындарына лық толды, көбінің жанарына жас үйірілді. Бұл шара шынымен көпшіліктің көңілінен шықты. Өйткені ескерткіш қалалықтардың бір күндік жалақы жиналымы арқылы бой көтерді.
Мені сол жылдың маусымында аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады, алдындаақпанда бюро мүшелігіне сайланған едім. Мен Клара Сыздықованы алмастырдым. Өзімді мұхитта жүзе алмайтын жандай сезіндім. Дегенмен бәрі өз арнасына түсті. Аға буын өкілдері – тәлімгерлер Омаров Балкен Хасенұлы, Тұрыспеков Хамит Ілиясұлы, партком хатшылары, совхоз, мектеп директорлары жанымнан табылды. Аудандық комсомол комитетінің аппараты мен белсенділер де білек сыбана үн қосты. Шын ниетті комсомол жетекшілерін: Наталья Капишникованы, Эдвин Гурлебаусты, Анатолий Коханецті, Надежда Приданцеваны, Егінбай Ғалиевты, Николай Кравченконы, Бек Құттыбаевты, Жәркен Омаровты алғыс сезімімен еске түсіремін. Комсомол ұйымының хатшыларыВладимир Баур, Болат Уажанов, Николай Хмара, Наташа Палкина, Валентина Наливкина, Мираш Алашпаев, Борис Артамонов, Владимир Квачко, Галя Маманова, Иван Кендюх, Қадиша Тәтиева, Қуат Әлімжанов және көптеген басқалары менің сенімді тірегіме айналды. Облыстық комсомол комитетінің хатшылары Владимир Ильич Жижин, Станислав Баянович Хабибулин, Рамут Вилнис, Дмитрий Бибиков, Зайнеп Керемкулов, Нина Гладунмен үшін алғыспен еске алуға лайық жандар. Василий Осипенко, Борис Кагерманов, Надежда Залесова және басқалары облыстық комитеттің аппаратында мықты тәлімгер ретінде жәрдемдесті. Бүгінгі күнге дейін достық қарым-қатынасымыз үзілмеген әріптестерім Валерий Чубчиков, Петр Ушатюк, Антонина Трофимова, Үміт Бектұрғанова жайында жағымды естелік айтуға даярмын. Әріптес-жерлестерім Амангелді Әлімжановтың, Қуаныш Алпысбековтың облыс комсомол ұйымының көш басында болғанын еске түсірудің өзі зор ғанибет.
1968 жылы ауданымызға Қазақстан Орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков келді. Біз ол кісімен бірге егістік пен мал шаруашылығындағы комсомол-жастар бригадасын араладық. Белсенділермен жүздескен мәртебелі мейманымыз олардың білім-білік деңгейіне зор ризашылық білдірді. Сол жылы өңірімізде егін бітік шықты. Бәлкім, жаңағы жетістік пен республикалық хатшының сапары аудандық комсомол ұйымын Ленин комсомол ұйымының 50 жылдығы құрметіне жоғары марапатқа ұсынуға негіздеме болған шығар. Міне, марапаттау рәсімі өз жөнімен жалғасты. Біз республикамызда төрт ауданның үздік комсомол ұйымы қатарына іліктік. 1968 жылдың 29 қазанында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Ефимович Кручинаның қолынан «Құрмет Белгісі» орденін алдық. Оны аудандық комсомол ұйымының туына қадап берді.
Міне арада 50 жыл өтті. Талай оқиға орын алды. Жекелеген өкілдердің еркімен біздің «азат елдердің мызғымас одағы» ыдырап тынды. «Социализм», «коммунизм» ұғымы дерлік қарғыс атқан сөзге айналды.
Мені өкінтетін жайт: социализмнің «Туысқандық, теңдік, еркіндік» ұғымы өмірден аластатылды. Еркіндік қалғанымен, мән-мағынасы өзгерді, өзімбілемдік пен жазасыздыққа ұласты. Комсомол төбелгісі, пионер галстугі ұмытылды. Онымен бірге құндылық та құрдымға кетті. Есесіне біз үшін бейтаныс «жекешелендіру», «қамтып қалу» ұғымы мен оның серіктесі – жемқорлық, парақорлық алмасты. Өкінішті-ақ. Ағылшын халқының бір тамаша нақылы баршылық. Онда: «Өткеніңе бұрыл да – қалпағыңды шеш, алдыңа қара да – білегіңді сыбан»,деп айтылған. Бұл қағида біздерге арналған.
Валентина ВОЛКОВА,
аудандық комсомол комитетінің 1965-1969 жылдардағы бірінші хатшысы.
Сурет отбасылық альбомнан алынды.