ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТСАҚ…..

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында одақтас он бес республиканың құрамында қазақстандық жігіттер де майдан шебінде басқыншы жаумен айқасты, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Ауылда броньмен қалған ер азаматтар, әйелдер, еңбекке қабілеттілер тыл майданында басқарманың қарамағында шаруашылық жұмысына араласты.

Жаңағы аға-апалардың қатары да сары күзгі жапырақтай сиреп бара жатқаны ақиқат. Тіпті ауданымызда көзі тірі соғыс ардагері мүлде жоқтың қасы, Бұл өмір заңдылығы, фәни тіршіліктің бұлжымас қағидасы.

Соғысқа бастан-аяқ толық қатысқан, елге Жеңіспен оралған, хабарсыз жоғалған жауынгерлер қатарында Ерейменмен іргелес Малтабар ауылының тұрғындары да аз болған жоқ.

Кезінде сонау 1975-76 оқу жылында өзіміз сегізжылдықты тәмамдаған қос қабатты шағын мектебіміздің директоры марқұм Хамзин Елемес ағайымыз бірталай игілікті іс тындырып еді. Ол кісі әуелі ауданнан фотосуретші шақырды да, сол кездегі көзі тірі соғыс-еңбек ардагерлерін орден-медалімен жеке-жеке суретке түсірткізіп алды. Өмірден өткендердің суретін үйінен сұратып алды. Өмірбаянын зерттеуге, тсендті көркемдеп-безендіруге мұғалімдер бңрлесе үн қосты. Сонымен қатар көзкөргендермен әңгімелесе жүріп, әрбір отбасынан елге оралмаған жауынгерлердің аты-жөнін жеке тізіп алды да, жеке жазғызып қойды. Олардың жалпы саны да 47 адам болды.

Ол уақытта қазіргідей компьютер, сканер, түрлі-түсті сурет шығаратын фотоаппарат жоқтың қасы. Тек шарикті қаламсап, тушь, гуашь, плакат қаламы ғана болатын,

Қазіргі директор Руслан Хамзин басқарған ұжым да жаңадан ашылған, Перуаш Кәрімұлының есімі берілген екі қабатты мектепте бастапқы игі істі сәтті жалғастырыпты. Ардагерлердің фотосуреті заманауи үлгіде жаңартылған.

Ендігі ой-ұсынысымыз келешекте Малтабар мектебінің ауласынан арнайы мемориалдық естелік тақта ашқызсақ деген ниетпен орайласады. Өйткені биылғы 9 Мамыр мейрамында Бозтал ауылы, жуырда Олжабай батыр ауылы осындай сауапты істі толық мәресіне жеткізді. Өткен жылы Ажы мектебінің ауласында да жаңағыдай тақта тас бой көтерді. Округіміздің орталығы – Тайбай ауылында мәдениет үйінің алдынан ертеректе қойылған. Аманшылық болса – жаңадан орнатылатын тақтаға хабарсыз кеткен, топырақ туған жерден бұйырған малтабарлық бүкіл боздақтардың, тыл, еңбек ардагерлерінің есімі түгенделіп, толық енгізілсе – бүгінгі оқушы ұрпақ өз ата-әжесінің есімін санасына, жүрегіне сақтар еді. Бұл да Елбасы аманат еткен Рухани жаңғыруымыздың жарқын үлгісі, патриоттық тәрбиенің бір тармағы болмақ.

Мәселенің қаржыға тірелетіні де заңдылық. Сол себепті ауылдың үлкендері бас болып, ақылдасса, бүкіл ауылдастарды мәмілеге шақырып біріктірсе – үлкен шаруа тындыруға әбден болады. Жұмыс, қызмет бабымен Ерейментауда, Астанада қоныстанған ауылдас азаматтардың да бірлесіп үн қосқанын жөн көреміз. Өйткені мақаламызда аталған ауылдарда да, іссапарға барған сәтімізде, жаңағыдай ортақ іске алыста жүрген жігіттердің тиісті шамада қаржылай демеушілік көмек көрсеткендерін естіп білдік.

Келесі Жеңіс тойына дейін осы мәселе жайында ойланып көрсек қалай болады, құрметті ауыл ағалары, барша малтабарлықтар?!

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.