ТІЛ ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленгеніне де ширек ғасырдан асып барады. Ата Заңымызда ол жөнінде айдай анық жазылған. Тіпті «Тіл туралы» арнайы жеке Заң да қабылданды.

Дегенмен істің мәнісіне келсек – заңнама талаптарының ескерілмейтінін, тіпті әттеген-ай дегізерлік жайттардың көрініс беретінін аңғарып келеміз. Мәселенің мәнісі екі тілде қатар жазылатын көрнекі жазуларға, жарнама тақталарына қатысты болып тұр. Орыс тіліндегі нұсқасына үңілсеңіз – сөзі де орнықты, мағынасы да ұғынықты болып шығады. Ал қазақшасын оқу үшін – қалтаңызға міндетті түрде валидол салып жүруге кеңес бергім келеді. Өйткені кәсіпкерлік сала мекемесінде жарнама жазуы мәселесіне, тіпті қазақша не жазылғанына бас ауыртып жатқан жан шамалы. Әйтеуір ілулі тұрса болғаны.

Сөзіміз дәлелді, ойымыз жалаң болмас үшін қаламыздың автовокзалындағы, дүкен маңындағы жарнамаға зер салайықшы. Тіпті арнайы фотосуретке де түсіріп алдық. Екі тілде жазылған сөйлемнің айырмашылығы жер мен көктей. Кейбіреуі мемлекеттік тіліңді тіпті маңайына да дарытпайды. Өтірік десеңіз – күнде өзіңіз барып жүрген дүкендерге бір мәрте шолу жасап көріңізші. Сөзіміздің ақаиқатына көзіңіздің анық жететініне біз кепіл.

Бүгінде не көп – дайын жарнама баннері мен плакаты көп. Ішке енсеңіз – алабажақ постерден көз сүрінеді. Мәтіні тек ресми тілде ғана жазылған. Оны алғызып тастауды, әлде екі тілде қатар жазғызуды талап етуге құзыретіміз де, хақымыз да жоқ. Кіжінеміз.Тілімізді тістейміз. Амал қайсы?
Жұмыстан қолымыздан босағанда тәулік бойы үзбей беріліп жататын телеарна жарнамасына да көз саламыз. Тіпті кейбірінің не туралы айтатынын, дәрі-дәрмек рецебінің бұкіл қасиетін оқушы бала да, егде адам да жатқа біледі. Оларға рахмет: бәрін екі тілде тиянақтап, қолмен қойғандай, орнықты етіп жеткізіп береді. Сондықтан ереймендік мырзаларға жарнама беріліс тәсілін теледидардан үйренсе, тәжірибе алса, бәлкім, бәрі орнына келер еді. Әзірше бұл тек арман ғана.

Сатуға қойылған жекеменшік үйлер мен пәтерлердің жарнамасы жаттанды түрде: «ПРОДАЕТСЯ ДОМ». деп жазыла салады. Әйтеуір мағынасын түсінеміз. Тағы үйреншікті дағдымызбен – үндемей жүреміз. Үйдей бәледен құтылғандай әсер аламыз.
Өткен жылы аудандық мәслихат арқылы бөлінген қаржыға қаламыздың Ч.Валиханов көшесінің қазақша қаріппен түзетілгеніне қуанып едік. Ол ұзаққа бармапты. Бұл көшедегі кейбір жекеменшік үйлердің қабырғасында бұрынғы ескі жазу әлі де менмұндалайды.
Бірді айтып, бірге кетті демеңіздер. «Мир рекламы» басылымының бір парағындағы қазақша басылған қысқаша мәтіннің бірінен қаншама орфографиялық қате кеткенін оқырман аңғарды ма екен? Шыдай алмай – редакторына қоңырау соқтық. Олқылығынан нәтиже шығарса – қуана-қуана алғыс айтамыз.
Иә, жарнама тілінің жағдайы жанайқайға ұласты. Түбі бір жақсылық болса – жарар еді! Аудан әкімдігіндегі салалас бөлім басшылары да бір сәт осы мәселеге мойын бұрғаны дұрыс қой. «Сен тимесең – мен тимен» ұстанымымен аса алысқа бармайтынымыз- дәлелденбейтін қағида.
Ұлы ғұлама бабамыз, дала данасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мәңгі өшпейтін, ұрпаққа ұлағат боларлық құнды сөз қалдырған екен. Оны да мақаламызға арқау етуді жөн көрдік.
-«Қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата-бабаның тілі болған қазақ тілін осы күнгі қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе, дін де осында, ғылым-білім де осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата-бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті. Дүниедегі ең асыл тіл – араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі».
Ана тілімізге бір-ақ ауыз сөзбен осылай баға берген төл тіліміздің қадіріне қашан жетер екенбіз?! Сөзіміз тағы сұрақпен тәмамдалды.
Көше жарнамасын жазып алған
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.