ҚАРИЯНЫ ҚҰРМЕТТЕ – БАТАСЫ ТИЕР

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
«Жас – өң талғамас, уақыт та жүрдек. Дегенмен ол адамның өң-жүзінде өз ізін қалдырады. Әйтседе көңіл қартаймайды. Рухани тұрғыжа бәрі де жас, сергек те ширақ көрінеді. Тіпті тау қопаруға да, әуедегі жұлдызды алуға да қауқарлы. Өз дәуірімізді осылай бағалаймыз. Ол – өмір бойы қалыптасқан ақыл-парасат, ештеңемен алмаспайтын ғұмырлық тәжірибе, төселген игі іс!». Бұл қағиданың бәрін аға буын өкілдеріне қарата айтуымызға әбден болады.
Бозтал ауылында 67 зейнеткер тұрады. Олардың көбі мерекелік шақыруды құп алды. Ауыл әкімі Қанат Мұқанов барлығын бүгінгі жүздесу күнімен құттықтады. Денге саулық, отбасына амандық тіледі. Орта мектептің ұстаздары: Айгүл Қыздарбекова, Айгүл Шайхудинова, Ердәулет Байқалған, Аяулым Тасболат, Сету Шерияздан, Игілік Зұлбек мазмұнды мерекелік концерт ұйымдастырды. Қайролла Жәниев пен Көкқанат Жадыра салтанат себепкерлерінің атына жүрекке жетерлік төл арнауын тарту етті. Ауыл шаруашылығына еңбег сіңген ағаларымыз Сейіт Қырықпаевқа, Серік Рақымовқа «Ерейментау ауданына 90 жыл» мерейтойлық медалі ұсынылды.
Аулдың бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Рая Құсайынқызы Қопабаева дәстүр бойынша ыстық ықыласты лебізін арнады. Зейнеткерлер қатарын биыл толықтырған ауылдастарды: Сәбит Шайхудиновты, Өмірбай Махамбетовты, Абай Ережеповты, Зәуреш Қайырбаеваны, Анна Оспанованы, Зұлбек Алмажанды, Күлеш Көшенованы, Хавай Әмірді құрметтеді, сыйлық ұсынды. Биыл мерейлі 65,70,75 жасқа толған жандар да ескерусіз қалған жоқ. Ізінше баршасы мерекелік дәмге шақырылды.
Аудан әкімдігінің өкілдері – мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысыСайлау Жылқыбаев, әкім аппаратының ұйымдық-бақылау жұмысы бөлімінің жетекшісі Гүлбағдат Сағиева барща қауымға құттықтау жолдады.
Ауыл әкімі Қанат Мұқанов кездесу өткізуге көмек көрсеткен демеушілерге алғыс айтты. Олар: «Зейнел», «Бәке», «Тұмсық», «Мұрат», «Айғыржал», «Қайыр», шаруа қожалығының басшылары Зейнел Бағзат, С.Т.Көпбаев, Ыхылас Солтан, Т.М.Жахин, Е.С.Сейітов, Б.А.Қайырбеков, «Бозтал», «Бозтал-2018» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағалары Ә.Ж.Секуов, К. Рахмет, М.А.Қабылғажы, Ш.Елсінхан, мектеп, әкімшілік ұжымдары.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
****
Білікті ұстаз Айтжамал Ахметованың жетекшілігіндегі Ажы негізгі мектебі оқушыларының бүгінгі көңіл-күйі әдеттегіден ерекше.
Бәрінің жинақы, сәнді киімі, сүйкімді сыртқы бейнесі көз сүйсіндіреді. Қазір өтетін концертке дайындығын, жаттаған өлең шумағын тағы бір мәрте пысықтауда. Олар енді санаулы уақыттан кейін ортамызға жиналатын ата-әжелеріне мерекелік сазды сәлемін арнамақ ниетте.
Межелі уақытта зейнеткерлер де келе бастады. Өзара амандық сұрасқан, жағымды жаңалығымен бөліскен, шүйіркелесіп жатқан үлкендеріміздің жүзінен ризашылық нышаны аңғарылады.
Кешегі Қойтас совхозының, бүкіл ауданның игілігін көздеген, кеңес уағындағы Азық-түлік бағдарламасының орындалуын қарапайым еңбегімен қамтамасыз еткен мал өсірушілер мен механизаторлар, ұйымдастырушылық қабілет танытқан орта буын мамандар, бригада жетекшілері шынымен ұрпаққа өнеге. Иә, үлкендердің көбі дүниеден өтті, бірқатары отбасылық жағдайымен, тұрмыс ыңғайымен қоныс орнын ауыстырды. Қай ауылда болсын – бәрінде біркелкі көрініс. Әйтседе жастардың игі қадамына аға-апалардың тілектестік ізгі ниеті, ақыл-кеңесі ізбасар буынға жігер қосады. Үлкендердің ізін жалғаған, төрт түлік мал өсіруді кәсіп еткен талапты, іскер жандар, әлеуетті фермерлер, бүкіл игі іске үн бірлікпен, елгезектікпен үн қосатын жандар Ажыда да баршылық.
Оқушылардың оқуды өнермен ұштастырған дарыны, әртістік-актерлік талпынысы бәрінің көңілін көтерді. Ауылдасымыз Айтжамал Әубәкірова апай да белгілі қаламгер Ғалымжан Мұқатовтың өлеңіне жазылған «Ереймен» әнімен шаршы топтағы көпшіліктің назарын өзіне аудартты.
Ауыл ағаларын округ әкімі Шәку Қожанова, аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметов Халықаралық егде адамдар күнімен құттықтады. Ауыл ағасы, Жолдасов Мағжан ақсақал мазмұнды бата-тілегімен ортамызды көркейтті. Мектеп директоры Айтжамал Ахметова, клуб меңгерушісі Айзада Әбдина, концертті жүргізушілер Мұрат Нұрай мен Жанатай Әсем, жергілікті ФАП мамандары – бәрі-бәрі ұйымдасқан бірлікпен тамаша мереке тарту етті. Дәм мәзіріне демеушілік жасаған – күні кеше осы өңірге ата-аналарының еңбегі сіңген бүгінгі ұрпақ өкілдері, өз өңіріміздің азаматтары: Айтмұхамбет Әлдібеков, Руслан Сағымбаев, Нұржан Әбілов, Батыржан Хасенов, Ғайса Әлдібеков, Жәкен Елешев.
***
Ауданның 90 жылдық атаулы датасын кең көлемде тойлауға біздің ажылықтардың да қонақжайлық пейілімен, ежелден жарасқан ынтымақ-бірлігімен үн қосқанына барша ел куә. Ауыл әкімінің өтініші бойынша екікүндік салтанатта игі істің басы-қасынан табылған, өлшеусіз материалдық көмек көрсеткен ауылдастарды алғыс сезімімен атап өткенді жөн көрдік. Олар: Жомарт Әбділов, Данияр Әбдірахманов, Жұмабек Ахметов, Қаныш Әубәкіров, Ғибадолла Әубәкіров, Ғайса Әлдібеков, Ермек Бәкіров, Жәлел Ербатыров. Ал Ғосман Әлдібеков, Әсет Қанапиянов, Қайырболат Қанафин осы тойға байғазы ретінде бір-бір жылқысын байлаған екен.
***
Ауылдастар біртіндеп қысқы отын-шөбін де қамдап жатыр. Әлеуметтік сала мекемелеріне де тиесілі көмірі жеткізілуде. Бұл күні Ажының су мұнарасының құбырын тексеріп жүрген, суық түскенде қатпас үшін қымтап-реттеп беріп жатқан «Ерейментау Су Арнасының» жұмыскерлерін байқадық. Ойнақ-Қойтас-Ажы бағытында тартылған трасса арқылы екі ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бақылаушылар Төлеген Омаров пен Жомарт Бүкіров жалпы 78 отбасы қоныстанған елді мекеннің су құбырының күтіміне, есептегіш арқылы халықтан алынатын төлем ақысының жиналымына жауапты. Жергілікті жігіттердің бастамасымен ерте қолға алынған істің нәтиже беретініне, халықтың ұзақ қыста тіршілік нәрінен тарықпайтынына бәріміз де үміттіміз.
Дайындаған Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
***
Сілеті ауылы. Бұлыңғыр аспаннан ылғал мол түскен сол бір жауынды күні жергілікті мектептің асханасына жиылған аға-апалар қонақжайлық ыстық ықылас пен сыйластық-мейірім шуағына бөленді.
Жергілікті клуб қызметкерлері Егде адамдар күні құрметіне концерт әзірлеген. Сахна төрінен қазыналы қарттарға, ата-аналарға сазды сәлем жолданды. Айтуған Шапай, Нұржан Бекназаров, мретхан Майрагүл, Сәния Төлегенова орындаған әндер көрермен жүрегіне жол тапты. Мектеп оқушылары қазақ және орыс тілінде мәнерлеп өлең оқыды, ән шырқап берді. «Мал Аман» коммуналды кәсіпорны басшысының міндетін атқарушысы Жасқайрат Әбділов, аудандық «Ерейментау» газетінің редакторы Раушан Нұрғазинова туған елде жасампаздықпен еңбек атқарған, өз міндетіне адал ниетпен қараған, із қалдырған жандарға алғысын арнады. Редакция алқасының атынан ауыл кітапханасына, редакцияда 20 жылдан артық уақытсақталып келген, «Степные зори» газетінің тігіндісін табыс етті. Бұл басылым бұрынғы Сілеті ауданының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан жерлес аға буын жайында сыр шертеді. Абдолла Жанғазинов, Ғазиз Әбенов аға буынның атынан сөз сөйледі. Өмірден өткендерді еске түсірді. Аувлдастарды ауданның 90 жылдығымен құттықтады. Баршасына зор денсаулық, баянды бақ, отбасына амандық тіледі.
Ауылдық округтің әкімі Сәуле Сұлтанова ауылдастарды Егде адамждар күнімен құттықтады, оларға жастық қажыр-қайратын жоғалтпауын, өң-жүзінен күлкі, шаңырағынан шаттық арылмауын тіледі. Шын ниетпен бөлісетін ақыл-кеңесі, айналаға тигізген шарапат-жақсылығы үшін алғыс айтты. Ауқымды шараны ұйымдастыруға ұлес қосқан аурухананың мектептің, әкімдіктің ұжымына ризашылық білдірді.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА. Суретті түсірген автор.
***
Кеңес дәуірінде бұрынғы «Ерейментау» совхозының үшінші бөлімшесі атанған, ортақ Отанға астық, ет, сүт өткізген, көркем табиғатымен баршаны тамсандыратын, қасиетті де көрікті Малтабар ауылының бұрынғы еңбеккерлері, бүгінгі қазыналы қарттарымыз өткен жұмада ортамызды толтырды.
Тайбай ауылдық округінің әкімі Талғат Кәріпжанов кездесу сағатымызды ел ағаларына құттықтау лебізімен ашып берді. Еңбек ардагерлері: Ерейментау ауданының құрметті азаматы Амантай Имағамбетов ата, Әбілов Сағымбай ата, Жұмабике Шайқымова апа игі тілегін ризашылық сөзімен ұштастырды. Өнерпаз әжелер триосы Майра Әбілова, Бақыт Ахметова, Бәтима Жантілеуова тартымды әнімен сахнамызға сән берді. Жергілікті мектептің 7,9,10 сынып оқушылары, клуб меңгерушісі Әлия Өмірбаева, ән-күй сабағының мұғалімі Хуанбай Нұрболат концерт репертуарын кеңейтуге мол үлес қосты, шаршы топта тартымды өнерімен көпшіліктің қошеметін иеленді.
Ауылдастарымыз: Ыбырай Жантілеуов, Сәрсенбай Нығметов, Айгүл Солтанбекова, Жанат Көшмағамбетов, Ералы Көшенов, Нұрлан Серіков, ереймендік Владимир Баэрбах, округіміз бойынша аудандық мәслихаттың депутаты Надежда Горончко бүгінгі мерекені абыроймен тойлауға жанашырлық, бірлік ниетімен демеушілік көмегін ұсынды. Қолда бар игілікті кәдеге жаратуға, қонақтарымызға дәм мәзірін әзірлеуге директордың міндетін атқарушы Қызылгүл Ермұқанова бастаған мектеп, асхана жұмысщыларының еңбегі өлшеусіз.
Арайлы таң нұрындай жүзінен жылы мейірім шуағы төгілген, әрбір қадамынан қамқорлық пен жанашырлық ниеті сезілген, ұдайы жастардың амандығын, үйдегі-алыстағы ұрпағының тілеуін тілейтін қарияларымыз барда – бәріміз де бақыттымыз. Әсіресе өз ата-анаңды қоса еске түсіретін көзкөргендерге жолыққанда ет-жүрегің елжірейтіні, бір сәт өткенге сағыныш сезіміне берілетінің және рас. Иә, жасы үлкен ауылдастың да есен-саулығын, ортамызда әлі де қажымай, аман жүргенін қоса тілейтініңді өзің де аңғармай қаласың.
Лайым жүрекжарды ақ тілегіміз, сыйластық, ізгі ниетіміз, кең пейіліміз баянды, ризық-несібеміз мол болуға, келесі жылы да баршамызға аман-сау жүздесуге жазсын,
Үміт ТӨЛЕНДИНОВА,
Перуаш Кәрімұлы атындағы Малтабар орта мектебінің мұғалімі.