МҰҒАЛІМДІК – ҚАСТЕРЛІ КӘСІП

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі һәм бірегейі Мағжан Жұмабаев: «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» дейді. Ал мектептің жүрегі – ұстаз екенін бәріңіз де жақсы білесіздер. Міне, бір жылды бір айналып Мұғалімдер күні де келіп қалды. Еліміз бен жеріміздің, өркениетіміз бен мәдениетіміздің дамуына мол үлес қосып жүрген осы бір асыл жандардың мерекесі неге қазан айының алғашқы жексенбісі тойланады деген сауал мені мазалап жүрді. Мұғалімдікке енді ғана аяқ басқан жас мамандардың қай қайсысында мазалаған сұрақ екеніне көзім жетеді. Себебі, барлық мерекелік күндер белгілі бір күнге қойылған және сол күн мейлі дүйсенбіге, мейлі жұмаға түссе де тойланады. Ал, мұғалімдер күні неге жексенбі, неге белгілі бір күн қойылмаған? Осы сұрақ төңірігенде біраз ізденіп, азды-көпті мағлұматтар жинап, Ұстаздар күнінің мерекелік іс-шара ретінде тойлану тарихына шолу жасап шықтым. Соны өздеріңізбен бөлісе кетейін. Мейрам алғашында, 1965 жылдан бастап Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында бесінші қазанға бекітілген болатын. Алайда, 1980 жылдың 1 қазанында КСРО-ның Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығы бойынша Мұғалімдер күні қазан айының бірінші жексенбісіне қойылды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де Қазақстан, Әзірбайжан, Белоруссия, Қырғызстан, Латвия және Украина елдері бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісінде тойлап жүр екен. Сонымен қоса, Мұғалімдер күнінің тағайындалуына 1966 жылдың 5 қазанында Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы Арнайы үкіметаралық конференция тарихи негіз салды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды. Сөйтіп, алғаш рет «Дүниежүзілік мұғалімдер күні» 1994 жылдың 5 қазанында тойлана бастаған екен. Сол күннен астап барлық мерекелік кеш, мектепшілік іс-шаралар дәл осы күні аталып келеді.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатуда, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Осы үшін де Ұстаздар күнін тек бір күн ғана етіп белгілемей, үнемі сол күннің жылуы мен тілегін білдіріп жүру керекпіз деп ойлаймын. Әл-Фараби бабамыз: «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет етсең де артық емес», деп Х ғасырда-ақ ұстаздың орнын дөп басып көрсеткен екен. Әрине, ұстаздықтың қиындығы мен жауапкершілігі мол жұмыс екенін, иығына қаншама ауыр жүкті артып жүретінін өзіміз ұстаз атанғанда ғана түсінгеніміз өкінішті. «Бүкіл бейнет пен ауырлық тек қана мұғалімнің қолында», деуден аулақпын. Дегенмен, білімнің нәрі, ғылымның шыңы, барша адамзаттың игілігіне қызмет ететін адамгершілік пен патриотизм, өнер мен руханиятты тәрбиелейтін ұстаздар екені анық.
Көрнекті қазақ геологы, ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының ұйымдастырушы академигі Қаныш Сәтбаевтың айтуынша, “…не салтанатты шеру, не салюттер болмайды. Бірақ бұл күн ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн. Бұдан асқан ұлы мереке жоқ”, – деп толғаған. Демек, мұғалімнің бақыты – шәкіртінің құрметі. Жас ұрпақтарымыздың тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей, өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттер мен адамгершілік құндылықтарды бойына дарытуда ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек!
Ендеше, құрметті әріптестер, аяулы ұстаздар, кәсіби мерекелеріңіз әрдайым құт дарытсын! Отбасыңыз аман, бауырларыңыз бүтін, жаныңыз жайдары болсын. Өз шәкірттеріңізді бар біліміңізді салып оқытыңыз. Болашақта қандай шыңға шықса да, «төркінін ешқашан ұмытпайтын», білім саласына оң көзбен қарайтын, елім-жерім деп жүрегі елжірер ұрпақ тәрбиелеулеріңізге тілектеспін!
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы, – деген ақын Ғафу Қайырбековтың өлең шумақтарынан, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етемін. Ұстаздардың әсерлі ырғақпен, асықпай мәнерлі тембрмен сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы:
-“Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”, – деген. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші тұлға – мұғалім. Ендеше өз ісіне жауапты, кез келген жаңалықты жатсынбайтын, шәкіртінің жанына нұр шуағын құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. “…Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға”, деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз. Бізге де осы күннің тууына себепші болған, тәрбие мен білім нәрін қатар еккен ұстаздар қауымына алғыс айта отырып, сөзімнің соңын тағы да бір құттықтаумен аяқтағым келіп отыр. Себебі, ұстазға қанша алғыс пен құттықтауларды жаудырсақ та көптік етпейтініне енді ғана көзім жеткендей…
Жанар НҰРЛАН,
Бөгенбай батыр атыдағы қазақ орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы