ТОСЫННАН ТАБЫСҚАН БАУЫРЛАР

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Тұтас елді жаппай дүрліктірген, ауқаттыларды кәмпескеге іліктірген, имандылық іліміне бейімділерді қамшымен қуған, зиялылардың аузын буған атышулы заманда талай адам тағдыр тәлкегіне душар болды. Бұл тарихшылар тарапынан талай мәрте зерттелген, жазушы ағалардың шығармасына негіз болған, әлі де жалғасын таба беретін маңызды тақырып.
Құдайсыздық мағынасын беретін атеизм ілімінің де тақуа жандарға залал келтіргені, әсіресе төл дініміз – Исламымызға шідер-тұсау салынғаны, оны ұстанушылардың нысанаға алынғаны бертін белгілі болды. Сөзінің кіріспе-беташары Мейірімді, рақымды Алла атымен басталатын қастерлі ағымымыздың бес парызының бірі -қажылық сапарын атпен, түйемен, тіпті жаяу өткерген ата-бабаларымыз да еш кінәсіз айыпталыпты, бірталай жапа шегіпті. Еліміз егемендік алған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында ғана қуғын-сүргін құрбандары мен күдіктілер санатына енген жандар толық ақталды. Оған да шүкір дестік.
Жуырда редакциямызға келіп жолыққан шөбере ұрпақ – Айман Шайқықызы Смағұлова (Ахметова) атышулы отызыншы жылғы замана нәубетін бастан өткерген ұлы әкесіне – Смағұл қажы ТІЛЕУКЕҰЛЫНА қатысты біраз мәлімет ұсынды.
-«Алласын ауызынан тастамаған қазақ халқында тіпті Кеңес кезінде де бес уақыт намазын қаза жібермеген қандастарымыз көп болған. Сондай-ақ патша заманында да қажылық парызын өтеп келген қазақтар аз емес. Смағұл қажы Тілеукеұлы да имандылыққа ден қойған, бес парызға адалдық танытқан тақуа жанның бірі. Ол кісі 1865 жылы қазіргі Ақмола облысының Ерейментау қаласы маңында дүниеге келген. Өте дәулетті адам болған. Руы – арғын. Оның ішінде – қанжығалы -есіркеп – кенжей.
Дін исламды өміріне серік қылған ол қажылық парызын өтеп қайтады. Десе де Ақмола губерниясынан барған қажылардың деректері мұрағаттарда сақталмауына байланысты оның нақты қай жылы қажыға барғаны белгісіз. Ұрпақтарының айтуынша, Смағұл қажы онда жаяулап-жалпылап алты айдың ішінде барып келіпті.
Қажылықтан келгесін ауыл-аймағында Ислам дінін таратуға үлесін қосқан жан 1931 жылы 66 жасында дүниеден озған.
Смағұл қажыдан Жүніс есімді ұл қалады. Ол да өз заманының байы болған. Алайда солақай саясаттың құрығына ілігіп, бар дүние-мүлкі кәмпескеге түскен. Жүністен Шайхы, Жылқыбай есімді екі ұл тарады. Осы Шайхыдан туған ұрпағы, Смағұл қажының шөберелері Смағұлова Айман Шайхықызы мен Смағұлова Баян Шайхықызы осы деректі ұрпақ атынан дайындап отыр.
Бүгінде Смағұл қажы ұрпақтары тәуелсіз еліміздің өркендеуіне, асыл дініміздің кең етек жаюына өз үлестерін қосып жүр».
(«Қазақстан қажылары» кітабы. 9 том, «Астана» баспасы. 2012 жыл.).
****
Жаңағы аласапыран уақытта, естуімізше, өз заманының бай-дәулетті адамы ретінде отызыншы жылдары қажы атаның қолда бар дүние-мүлкі түгелдей тәркіленген. Сүйегі ауданымыздың Тайбай ауылдық округіне қарасты Елтай ауылының қорымына жерленіпті. Кітапта айтылғандай, Жүніс те қуғын-сүргін құрбанына айналып кете барған. Тіпті қанша жылға жаза кесілгені де, біздің түсінігімізше, сүйегінің қай өңірдің бейітіне қойылғаны да, басында құлпытасының бар-жоғы да, белгісіз.
Астаналық қонағымыз – Айман апайдың айтуынша, Жүністен тараған бір қыз бен үш ер балаға да тәңірім өз «сыйын» ұсынған екен. Жаңыл небары 15 жасында павлодарлық жігітке ұзатылған. Себебі – қорғансыз жетім қызды кім көрінгеннің ойыншығына айналдырмаудың амалы болса керек. Жылқыбай кенже бауырымен бірге балалар үйіне өткізілгенде соңғы ұлды сол мекемеден бір отбасы асырап алған деседі. Осылайша бәрі бір шаңырақта өсіп-өнсе де, кенже баламен байланыс үзіліп тынған. Кезінде орыс қызына үйленген Жылқыбайдың бір ер баласы бар деседі. Бүгінде оның немересі, жалғыз тұяғы колледжде оқитын көрінеді. Айман апа бауырдан туған бауырының барына шүкіршілік етеді.
Шайхысұлтан Смағұл қажыұлы әскерге шақырылған, Ұлы Отан соғысына алынған. Сталинград түбінде майданға қатысқан. Елге жарақатпен оралған. Бейбіт уақытта облысымыздың қазіргі Біржан сал ауданын қоныс еткен. Банк жүйесінде абыройлы қызмет атқарған. Өмірінің соңғы кезеңінде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас бухгалтері лауазымын иеленген. Ол кісінің балалар үйінде тәрбиеленген туыстарын көзінің тірісінде іздестіргені-іздестірмегені бізге беймәлім. Қарт майдангер 1978 жылы дүниеден өткен. Сүйегі Ерейментаудың Известковый өңіріндегі зиратқа жерленген. Шәкеңнің жан жолдасы Сәлима Нығметқызы да қайтыс болған. *****
Кейіпкеріміздің алдында аталған, тағдырдың жазмышымен бүгінде дүние салған Жаңыл әпкесінің балаларымен – жиен туыстарымен қалай табысып-танысқаны жеке әңгіме. Құдды «БАРМЫСЫҢ, БАУЫРЫМ» тележобасының эпизодынан аумайды. Апай бірде аралас-құралас жүрген, сыйлас танысының құдайы асына барса керек. Жиылған жамағат бір-бірінен әдетте мал-жанның амандығын, руын, ата тегін, ақ иесіне қандай туыстық қатынасы барын сұрастырады ғой. Дәм үстеліндегі жаңағыдай әңгіме барысында қонақтардың бірінің аузынан Жаңыл апаның есімін естігенде – құлағы елең ете қалады. Тіпті руы да, тегі де тұп-тура сәйкес келіп тұр. Осы сәтте жанын қоярға жер таппаған Баян апамыз сағыныштан ет-жүрегі елжіреген, көңілі босаған қалыпта, ойда-жоқта табысқан туыстарын кезек-кезек құшақтай беріпті. Дастархандас жандардың да жанарына жас үйірілгені ақиқат. Аманшылық болса – Айман апа енді өз әулетінің бүкіл өмір тарихын жинақтауды, оны Жылқыбайдан туған жаңағы інісіне аманаттауды мақсат етеді.
«Әдетте қыз бала өте бауырмал, ағайынға жанашыр болып келеді», – дейді қазекем. Осы қағиданың дұрыстығына жаңағы эпизод толық дәлел. Иә, заман ағымының тұтас бір әулетке тигізген залал-зардабы, бауырларды бір-бірінен тірідей айырған ауыртпалығы осындай.
Айман апаның бертін өз туысқандары, нағашылары жерленген Ерейменнің Известковый аумағындағы қазақ зиратын қоршауға бастама көтергенін, игі істі Амантай Әбдірәсімов, Қанат Имашев және ауыл азаматтарының құптағанын, мақсатына түпкілікті қол жеткізгенін естідік.
***
Естелік-әңгіме қысқа болса да, түпкі мән-мағынасы терең, тыңдарманын терең ойға жетелейтін құнды дүние. Бәлкім, бұл отбасы жайында қосымша дерек естіген, әлде көзкөрген аталас-рулас азаматтар табылып жатса, шағын әңгімемізді толықтыратын қызықты да тартымды естелік-дерек ұсынатын жандар болса – әрбір хат авторын алғыс сезімімен қуана қабыл аламыз. Айтулы есімді бірлесе жаңғырту, бүгінгі ұрпаққа жан-жақты таныту –ортақ парызымыз болсын, оқырман қауым.
Дайындаған Раушан БАРЖАҚСЫ.