ҚЫЗ – ӨМІРДІҢ ҚЫЗҒАЛДАҒЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
БҰҰ Бас ассамблеясы 2011 жылдың желтоқсанында қыздардың құқығын қорғау мақсатында Халықаралық қыздар күнін (International Day of the Girl Child) 11 қазанға бекітті. Әлемдік қауымдастық жер жүзіндегі барлық қыздар бетпе-бет келетін мәселені шешу қажеттігіне назар аудару үшін осы күнді жариялады. Бүгінде әлемде 600 миллион қыз-жасөспірім өмір сүруде. Қазақстанда статистикалық мәлімет бойынша 15 жасқа дейінгі 1 932 657 қыз бар. Осы сіңлілеріміздің барлығының да болашағымызды жасайтын үлкен әлеуеті бар. Қыз баланың қауіпсіздік, білім мен денсаулыққа тек кризистік кезеңде ғана емес, бойжетіп, әйел болып қалыптасу кезінде де алуға құқы бар. Жасөспірім кезеңде қыздарды тиімді қолдаса олар ана болуға, жұмысшы, кәсіпкер, ізбасар, үй шаруасына да саясатта да көшбасшы болып, өз күшін іске асыра алады.
Қазақ отбасында қыз ерекше орын алған, оны құрметтеп төрге отырғызған. «Қыздың жолы жіңішке», «Қыздың өмір жолы оңай емес, сондықтан ол үлкен бақытқа лайық» деген сөздер бар. Осы сөздердің түп астарында қазақ халқының барлық даналығы жатыр. Отбасында қыз баланы мәпелеп, оны аялап өсірген, осы қағидалар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.
Соңғы жылдары әлемдік қауымдастық қыздардың өмірін ерте жастан жақсартуда айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізгенін айтты. Алайда он жастан асқан шақта алдынан шығатын мәселелерді шешу әлі де кемшін болып тұр. Мәселе орта және жоғары сапалы білім алу, ерте жастан тұрмыс құру, ерте жүктілік және т.б. Өкінішке қарай, қыздарға қатысты зорлық-зомбылық – мәдени, географиялық немесе діни шекарасы жоқ елдерде бүкіләлемдік мәселе болып отыр. Қыздарға қатысты физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық зомбылық жер-жерде тараған. Дәл сол себепті жыл сайын Халықаралық қыздар күні шеңберінде сіңлілерімізге арналған нақты бір тақырыпта шаралар өтеді.
Ең алғаш қыздар күні 2012 жылы аталып өтті және әлемнің көптеген елдеріндегі өзекті проблема – балалар некесі, адамның негізгі құқығын бұзу және қыздардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, балалығынан айырып, қыз өмірінің барлық аспектілеріне кері әсерін тигізеді. 2013 жыл «Қыздың қалыптасуына жаңаша қадам» тақырыбына арналды, бұл заманауи қоғам үшін өзекті мәселе. Соңғы жылдары қыздардың білім алуына қолжетімді прогресс болса да, көпшілігі сол күйінше негізгі құқықтарынан айырылған, оның ішінде кейбір елдерде отбасының қаржылай қиындығы, білім сапасының төмендігі, үй шаруасы мен қамқорлық жетіспейді. 2014 жылдың күн тақырыбы: «Жасөспірім қыздардың мүмкіндігін кеңейту: зорлық-зомбылық циклін тоқтату» мәсселесін қамтыды. 2015 жылы «Бүгін инвестициялау – ертеңгі әлемімізді дамытуға қосқан үлеске көмектесу». 2016 жылы «Қыздардың жағдайын жақсарту – мақсатқа жетудегі прогресс: қыздар үшін не маңызды». 2017 жылы Қыздар күнінде көпжылдық жұмыс аталып өтті, ол жаһанның назары мен амалын қыздардың дағдарыс кезінде және дағдарыстан кейін ұшырасатын мәселелерде мүмкіндіктер мен сын-тегеурін алдында дем беруіне бағытталды.
Осы орайда, Бөгенбай атындағы қазақ орта мектебінің тәрбиесі жөніндегі орынбасары Айман Карсибаеваның ұйымдастыруымен мектебімізде 4-13 қазан аралығында онкүндік болып өтті. Онкүндіктің ішінде мектеп психологы «Қыздар арасында» тренингін ұйымдастырды. Негізгі мақсаты физиологиялық, психологиялық даму үстіндегі орта жастағы қыздарға мән-жайды психологиялық тренинг арқылы жүргізуге арналды. Қыздар арасындағы спорттық сайыс және «Ұлы есімдер» атты дөңгелек үстел өз дәрежесінде өтті. Негізгі күрделі мәселелердің бірі болып табылатын «Денсаулық және жыныстық қарым-қатынас гигиенасы» бойынша қыздар мен ер балаларға арналған кеңес сағатын өткізуге мектеп медбикесі жауапты болды. «Менің құқығым бар» тақырыбында 5-6 сыныптар арасында онкүндік бойы флешмоб көрсетіліп отырды. 6-8 сыныптар арасындағы «Қыздардың да құқығы бар» эссе конкурсында оқушылардың неше түрлі сыни ой-пікіріне қанық болдық. Онкүндік барысында негізгі мақсатымызға жеттік деп ойлаймыз. Себебі, әр өсіп келе жатқан жеткіншектің ойына қыздарға деген құрмет пен ілтипат, сіңлілерімізге өз құқығын қорғауға сенімділігі, денсаулық т.б ақпараттар берілді. Сонымен қатар, үлкен өмір жолына түсетін жандарды адамгершілік пен ибалы болуға тәрбиелеуді ұмытпауымыз керек. Бұл мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды, енді мектеп қабырғасында да айтулы мейрам бір күнмен шектелмей, тұрақты сипат алуы тиіс деп ойлаймын. Сөзімнің соңында Қазақстанның барлық қыздарына бақытты балалық шақ пен ашық аспан тілеймін!
Жанар Нұрлан,
Бөгенбай батыр атындағы
қазақ орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі