ЖАҢА ТӘСІЛДІҢ ТИІМДІЛІГІ ЗОР

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
2018 жылдың 4 қазанында Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Жаһандану жағдайындағы тіл үйретудің инновациялық әдіс-тәсілдері» республикалық семинарын өткізді.
Жиынның мақсаты мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіруге, озық тәжірибені зерделеуге және қорытуға, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін тәжірибеге енгізуге, заманауи мультимедиялық технологияларды қолданудың әдіс-тәсілдерін үйретуге, латыннегізді қазақ тілінің емле ережелерін үйретуде жаңашыл технологиялардың қолданыс әдістерін таныстыруға арналды.
Семинар жұмысына Тіл саясаты комитетінің сарапшысы Қонай Халым, аталмыш орталықтың атқарушы директоры Ербол Тілешов, əдістемелік бөлімінің басшысы Сабира Сапина, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов, Тіл саясаты комитетінің қызметкерлері, әдіскер ғалымдар, тіл мамандары, Астана, Алматы қалалары және еліміздің 14 өңірінен тіл оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушылары қатысты. Жалпы семинарда 2 баяндама тыңдалды, 5 сабақ үлгісі көрсетілді.
Ербол Тілешов «Жаңа қазақ əліпбиі: ұлттық өркениет бағдары жəне жаһандық дамумен сабақтастық» атты баяндама жасады.
-«Тіл дегеніміз – белгілі бір сөздердің өзара тіркесу комбинациясы. Тілдегі сөздік қордың бірліктері кейде атау тұлғада тұрып, кейде түрленіп өзара байланысқа түсетіні де, әр тілдің табиғатына сай байланысу тәсілдері болатыны да белгілі. Ширек ғасырдай уақыт қазақ тілін үйрету нәтиже бермей келсе, оған тіл саласында жүргендердің де «үлесі» бар деп ойлаймыз. Тіл үйренушінің күнделікті қарапайым қолданысына ең қажетті белсенді лексиканы таңдау сияқты маңызды бастаманы бірлесе атқарудың қамына кіріскен жөн дер едік»,- деді баяндамашы.
Қарағанды облысы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Динара Қуанбаева «Қазақ тілі сабақтарында заманауи мультимедиялық технологияларды, Playposit, Socrstive, Thinglink онлайн бағдарламаларын қолданудың әдіс-тәсілдерін» тәжірибе жүзінде көрсетті. Қазақ тілін меңгертуде қолданылатын заманауи технологияның бір түрі- интернет желісіндегі on-line бағдарлама сабақтың барысын ұтымды, тиімді, үнемді қолдануға мүмкіндік береді. Oл – мультимедиялық әдістің бір түрі. Қазіргі таңда күнделікті қолданыста жиі пайдаланылатын түрлері: Thinglink.com, Playposit.com, Socrative.com, kahoot.it, Google.doc қызметі» – бүгінгі күннің маңызды технологиялық жетістіктері, – деп ойын әрі қарай сабақтады.
«Оның дәстүрлі әдістерден артықшылықтары синкреттік қасиеті: бір сәтте көру мен есту бойынша қабылдау мүмкіндігі, ақпаратты алуда тыңдаушының жеке амалы арқылы белсенді қатысуында. Қайталап талдауды қажет ететін бұрынғы бағдарламаларды қайта шығару арқылы оларға қайта оралу мүмкіндігін тез арада орындайды. Тіл үйренушіні шығармашылық іске ынталандырады. Оқытуды мейлінше дара сипатта жүргізуге мүмкіндік береді. Тіл үйрену тікелей тіл үйренушінің өз іс-қимылы арқылы жүреді. Оқу бағдарламасындағы оқу материалдарын пайдалануда, оларды оқып меңгеруде шегінуіне де, тұрақты көріп талдауына да, таңдауы бойынша ілгері өтуіне де болады», -деп ойын түйіндеді Динара Куанбаева.
Орталықтың əдістемелік бөлімінің басшысы Сабира Сапина «Латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің жаңа емле ережелерін оқыту мәселелері» тақырыбы бойынша емле ережелерінің жобасын таныстырды. Жазу жобасындағы жаңа ережелер, өзгерістер, енген ережелер мысал арқылы түсіндірілді. Тыңдаушылар ереже жобасын үлкен қызығушылықпен қабылдады, кейбір мәселелер бойынша пікір қосты. Емле ережелерінде сөйлеу тілінің заңдылығы сақталғанын, бұл өз ретінде тіл үйрету кезінде, әсіресе, шет тілді сөздердің жазылуын үйрету кезінде оңтайлы болатындығын атап көрсетті», – деп сөзін түйіндеді.
Ал Ақтөбе облысы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Алтынгүл Тəңірбергенова, «Қазақ тілі сабақтарында сандық білім беру ресурстарын пайдалану маңызды. Біздің шеберлік сағатымыз «Қазақ тілі сабақтарында сандық білім беру ресурстарын пайдалану» тақырыбында оқытудың жаңашыл, белсенді әдіс-тәсілдері және қазақ тілін шет ел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі негізінде құрастырылған. Алдымен шеберлік сағатымызда интерактивті «Lepbook» таныстырылады. Лэпбук дегеніміз – қызықты интерактивтік папка. Лэпбук – салыстырмалы түрде оқудың жаңа тәсілі. Лэпбук – ол интерактивтік әдістеме, оны құрастыру жөнінде келесі әдіс-тәсілдер қолдануға болады: салыстырмалы талдау, ізденіс, проблемалық сұрақтар, дидактикалық ойындар, әңгіме, сипаттау, сюжеттік ойындар т.с.с. Бұл қатысушылардың сөйлеу дағдысын дамытады. Ойын еркін жеткізіп, диалог құруға бағыттайды. Сабақ қарапайым А1 және базалық А2 деңгейлеріне арналғандықтан, олардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру мақсатында бұл «Lepbook»-та сөйлесім тапсырмаларына баса назар аударылады. Сабақты бекіту, қорытындылау мақсатында тест тапсырмалары арқылы «Plickers» және «Kahoot» бағдарламалары таныстырылады. Бұл бағдарламалар қатысушылардың білімін жетілдіруде, ары қарай дамытуда өте қолайлы» , -деп ойын қорытындылады.
Шарада «Атамекен» ҚР ҰҚП Бизнес-коммуникацияны мемлекеттік тілде дамыту департаментінің сарапшы-лингвисі, филология ғылымдарының кандидаты Бекзат Динаева сыни ойлау технологиясы арқылы жазылым дағдыларын меңгерту жолдары, Көкшетау қаласы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлнар Кажкенова қазақ тілін оқытуда электрондық, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдаланудың тиімділігін көрсететін тәжірибесімен бөлісті.
Семинар барысында ұсынылған әдіс-тәсілдерге Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Гүлшат Қамзаева ғылыми-әдістемелік сараптама жасап, бағасын берді. Аталмыш семинарға Ақмола облысынан Көкшетау қалалық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Г.Т. Кажкенова, Жарқайың ауданы Тілдерді оқыту орталығының әдіскері Н.Ж. Ысқақова және осы жолдардың авторы қатысты. Әріптестер өз біліктілігін арттырды, тәжірибе жинақтап келді. Шара соңында барлық әріптестерге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің сертификаты табысталды.
Сөз түйінінде айтарым: Елбасының «Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз»,- деген ұстанымын басшылыққа алып, табандылықпен жұмыс істеуіміз қажет.
А.ХАСЕНОВА,
Тілдерді оқыту орталығы
директорының міндетін атқарушысы.