АЛТЫН КҮЗ ҚАСТЕРЛІ ДЕ БЕРЕКЕЛІ

Алтын күзді шынымен баршасы береке айы ретінде бағалайды. Бүкіл халық әрбір жыл мезгілінен өзіндік қайталанбас ерекшелігіне қарай ізгілік тілек ниетімен үміт күтеді, көздеген мақсатына қол жеткенін жөн көреді.
Қазан айында талай жылдан бері дәстүрлі негізде Егде адамдар құрметтеліп келеді. Ол – мұқтаж жандарды сүйемелдеуге, елге сіңірген еңбегіне ұрпақ атынан алғыс айтуға, сыйластық ниет білдіруге арналатын қадам.
Тайбай орта мектебінде жергілікті әкімдіктің бастамасымен ыстық ықыласты жағдайда мерекелік кездесу ұйымдастырылды.
Өнерпаз оқушылар ата-әжелеріне сазды сәлемін жолдады, шағын сахнаны әнмен-бимен көмкерді.
Шаршы топқа жалпы тоқсаннан астам қонақ жиылды. Аудан әкімі аппаратының басшысы Ербол Құттыбаев, орта мектептің директоры Асқар Ералинов, округ әкімінің міндетін атқарушысы Гүлнәр Тағиманова зейнеткер аға-апаларды атаулы күнмен құттықтады. Туған күн иелері Иван Соломенников пен Өрік Тағимановаға тілек лебізі арналды, естелік сый ұсынылды. Баршасына арнайы мерекелік дәм берілді.
Аға буынның атынан жауап сөз сөйлеген Нұрғайша Кәмәлиденова, Құсайын Әбілов, Эрна Кирсакова ұйымдастырушыларға алғыс айтып жатты.
Гүлнәр Тағиманова көпшіліктің алдында бір топ демеуші шаруаларға, кәсіпкер азаматтарға разылық ниетпен рахмет айтты. Олар: Теодор Вебер -«ВК-Агро» ЖШС, Николай Лончинский – «Артемида» ШҚ, Никита Соколов – «Ника» ШҚ, Валерий Мамбур, Сергей Ульбашев – «Элита» ШҚ, Юрий Ищук -«Ищук» ШҚ, Досхан Көшербаев – «Заман» ШҚ, Әсемгүл Айтжанова – «Одеке» ШҚ, жеке кәсіпкерлер: Ольга Неплюева, Күлбану Сейілова, «Ырыс» АӨК – Якас Қадыс, Сылай Мүттақа, Ромбай Қадылбек, №10 Тайбай сайлау округінің депутаты Надежда Горончко.
Иә, күнделікті қарбалас тірлікпен уақыт керуені алға жылжи береді. Дегенмен қанша жұмысбасты болсақ та, үлкендерімізді бір сәт аялау – ортақ парызымыз. Елді мекендегі барша қарияларымызға бақытты, мәнді өмір, отбасының қуанышқа толы қызығын, ұрпағының шаттық күлкісін көруді бұйыртсын деген ниетімізді арнадық.
Людмила МАРКОВА.
***
ЕЛТАЙДАҒЫ МЕРЕКЕ
Тайбай ауылдық округіне қарасты Елтай ауылында Халықаралық қарттар күніне арналған сый-құрмет шарасы ұйымдастырылды. Мерекелік дастарханға жалпы 17 қария жиналды.
Жергілікті негізгі мектептің директоры Бағила Құсайынова жиналған қауымды дәстүрлі мерекемен шын жүректен құттықтады, зор денсаулық пен бейбіт өмір тіледі. Аудан әкімдігінің сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Бәтенов, Тайбай ауылдық округі әкім аппаратының бас маманы Гүлнәр Тағиманова аға буынға жылы лебізін арнады. Ұйымдастыру ісіне үн қосқан «Елтай» шаруа қожалығының басшылары мен мектеп ұжымына, Гүлзат Уажановаға шын жүректен алғыс айтты.
Ата-әжелердің мерекелік кездесуі мектеп жеткіншектері дайындаған шағын концертке ұласты.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.