ҚАРИЯНЫҢ КЕЛЕЛІ КЕҢЕСІНЕН

«…Даламның исі бұрқырап қарттарым аман сау жүрші».
(Сағи ЖИЕНБАЕВ)
1.Ауылын аялаған ақсақал.
Қарағым жақсыдан ұқ, жаманнан без,
Әрбір іс жер жаһанға тарайды тез.
Ақсақал іштегісін ақтарды бір,
Кешқұрым самал желде, отырған кез.
Тоздырдық біраз жейде ерте туып,
Отаннан, жау әскерін шықтық қуып.
Нанымыз көбейсін деп тың игердік,
Шыдадық аштыққа да белді буып.
Әжім торлап беттерін із тастаған,
Деп тұрғандай: тау бар ма, біз аспаған?!
Досқа адал, жауына қатал тұрып,
Ынтымағы, айбары жау жасқаған.
Қонақ келсе қуанып төрге оздырған,
Жылы шырай ниетпен қой сойдырған.
Сәби келсе өмірге – арқа-жарқа,
Азан айтып балаға ат қойдырған.
Ақсақал баяндады көргендерін,
Ертеде төл бекіткен көгендерін.
Ойланып бәрін түгел айтып отыр,
Теріден түрлі бұйым өргендерін.
Өрім өрген теріден таспа тіліп,
Естігенін айтатын кеңес қылып,
Үй салады бірлесе ауыл болып,
Шөп шабады шалғыны қолға іліп.
Бүгін болса ертеңге жимағаны,
Адал жанды арамға қимағаны.
Жарты нанын бөгдеге бөліп беріп,
Жан жылуын жарлыға сыйлағаны.
Жел тербеткен сақалын баяу сипап,
Сөз бастады өткеннен ойын жинап.
Қала жаққа ол кезде қызықпадық,
Алтын бесік ауылды қалай қимақ?
Туып өскен бұл менің мекен жерім,
Тәй-тәй басып осында еркеледім.
Сабақ оқып, мал бағып, тізгінші боп,
Біраз жасты бүгінде желкеледім.
Алла берсе бөпені шектемедік,
Пана іздеп келгенді кет демедік.
Соғыс жылы шет елден көптеп келді,
Қалай келді? – Себебін екшемедік.
Тумаса да әлемде заман ақыр,
Ел-жұртын аңсайды-ау адам пақыр.
Қалай келді бір кезде? – Кім біліпті,
Сендер келіп, олар да кетіп жатыр.
-Ата жұрт, алтын бесік қоныс болар,
Заманның толқуымен келген олар.
Кеңестік дәуір кетіп, азат болды,
Олар кетсе – біз келдік, орны толар.
Ол кезде бәрімізде болды жұмыс,
Тақауыр қатал тұрған істе дұрыс.
Жатсаң да демалыста шақыратын,
Ешкім де деген емес мұның бұрыс.
2.Түйткілді түрткілегенде..
Қарағым, мына жайға мойныңды бұр,
Пайдасы болар мүмкін – құлағың түр.
Қысқарту деген пәле пайда болды,
Ал казір біраз адам жұмыссыз жүр.
Бұл жігіт жұмыс іздеп қала кеткен,
Сол жерде әлдекімге еңбек еткен.
Келіскен берешегін бермей қойып,
Қаншама рет барғызып тентіреткен.
Әуелде сөз байласып қол алысқан,
Кім қашсын келіп тұрған мол табыстан.
Сандалтып келіскенін бермей кетті,
Лақтырып кету деген дерт жабысқан
Жігіт қой үзетұғын темір тепсе,
Табылар мұнда жүріп еңбек етсе.
Ақшасыз жатар орын өз үйінде,
Ауылда малын бағып, егін ексе.
Ол заман осы күнмен теңеспейді,
Көзіңе талай ойлар елестейді.
Немереңдей балалар бастық болып,
Үлкеннен ақыл сұрап кеңеспеді.
Пайымы ақсақалдың жырым-жырым,
Тершиді қиналғанда пұшық мұрын.
Сыбайлас жемқорлыққа таң қалады,
Ондайды естімеген бұдан бұрын.
Көңілі кейбір жайға толмағандай,
Таппайды қиналады жауап қандай.
Жемқорлық деген ұғым пайда болды,
Жесе де жей береді жағы талмай.
Жемқор деп малға қойған атау еді,
Ал қазір адамдар да ақша жеді.
Қорқыту, пара алу қаптап тұр ғой,
Көрдік ғой қартайғанда көрмегенді.
Осылай ақсақалдың ой елегі,
Мысал ғып көп жайларды тізбеледі.
Өтпелі кезең дедім сәл шыдалық,
Бәрі де орнына кеп түзеледі.
3.Түйткілдің түйіні…
Ақсақал, біраз жасқа келдіңіз,- деп,
Келеді жаңа дәуір сеніңіз, деп.
Ақыл айт балаларға еңбек етсін,
Бұл біздің туып өскен жеріміз, деп.
Қария қостай кетті жақсы лебіз,
Туған жер алтын бесік мекен деңіз.
Ауылда малын бағып, еңбек етсе,
Пайдасы болар оның ұшан-теңіз.
Кім қисын алтын бесік туған жерді,
Ұзақ жыл еңбек етіп төккен терді.
Ауылда еңбек етсін деген дұрыс
Бұл сөзің тамаша бір шабыт берді.
Менмін ғой көп түйткілді тізбелеген,
Жүретін адамдармыз жалғыз ізбен.
Балалар қолдай кетсе жарар еді,
Жауабын алғандаймын бүгін сізден.
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.
Новомарковка ауылы.