«ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ АЗБАС»

Олжабай батыр ауылындағы жеке кәсіпкер Мұрат Асқаровтың дәмханасына айнала қаз-қатар үстел қойылған.
Орталық қоныстан бөлек, округ аумағындағы Ынтымақ, Алғабас, Бәймен ауылының тұрғындары – ата-аналарымыз Егде адамдар күніне арналған мерекеге жиналып жатыр. Төскейінде батыр-бидің ізі қалған, аға буынның игі еңбекпен бағы жанған, бір кездері қамбасы астыққа, төскейі малға толған өңірдің «Рухани жаңғыру» аясындағы қазыналы тылсым сыры ешқашанда толастамайды. Кешегі «Қазақстан» совхозының қажырлы еңбеккерлері мемлекетке астық, ет, сүт, жүн өткізуде ұдайы алдыңғы қатардан көрінді. Игі еңбектің қос майталманы Шәмшит Байтуаров пен Егінбай Шошанов Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына ұсынылды.
Елді мекенде билік пен халықтың арасы жақындағанының нышанын анық аңғарғандай болдық. Бүгінгі күні жергілікті ардагерлер кеңесінен бөлек, Ақсақалдар, Алқабилер, Әйелдер кеңесі іске кіріскен. Ынтымақта орын алған төтенше жағдайда Ақсақалдар кеңесінің жылу беру дәстүрін жаңғыртқан жағымды хабары жүрегімізге жылы тиді. Бұл өзге ауылға үлгі боларлық игі қадам. Осылайша ел ағалары, қазыналы қариялар өңір өміріне белсене араласады, ауыл тірлігіне қатысты түйінді мәселені бірлікпен шешуге ақыл қосады. Ынтымақ ауылында ауыз су мәселесі шешімін тапты. Келешекте әрбір үйге құбыр енгізілмек. Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің де күні кеше тікелей эфир арқылы халықпен жүздескеніне куәгер болдық. Көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға тұжырымды жауап алынды. Бәрімізге енді келер күнге мол үміт, зор сеніммен қарауымыз қажет.
Аудандық ветеринария бөлімінің бастығы Орал Төлеуов, округ әкімі Хасамхан Хавджәлел барша ауылдастарға амандық, толымды табыс тіледі. Тыл ардагері Темірбай Дүйсембаев, медиатор Наил Хужин, бұрынғы совхозрабкооп қызметкері Анна Посохова, Ардақты ана Орынбасар Назарбекова жерлестерге ізгі лебізін арнады.
Тағы бір жан сүйсінерлік жағымды рәсімге куәгер болдық.

Ауданның, соның ішінде Олжабай батыр ауылдық округінің әлеуметтік дамуына өз үлесін қосқан, ерен еңбегін сіңірген ауылдастарымыз, түрлі сала еңбеккерлері мереке құрметіне аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжановтың қолы қойылған Алғыс хатпен көтермеленді. Олар: округтің бұрынғы әкімі Бегайдар Шәпин, Олжабай Әлмағамбетов, Анна Посохова, Жағыпар Амангелді, Күләш Әбішева, Қаратай Өмірзақова, Мәрияш Червалиева, Рахила Бәетова. Ол кісілердің есімі енді келешек ұрпаққа үлгі ретінде ауыл мектебінде ашылатын Естелік кітабына жазылатын болады.
«Әсемай» балабақшасы бүлдіршіндерінің ән сабағының маманы Нұргүл Қабылдың еңбегімен ұсынған жан сүйсінерлік өнері, мектеп оқушыларының бүгінгі замандағы теңдестерінің өмірін дөп басып сипаттаған сахналық қойылымы, Елена Пеннер мен Марат Аманжоловтың дуэті, «Әжелер» ансамблі сахнаға ерекше сән берді. Әуезді ән, топтасқан би баршаның көңілін көтерді. Спорт әдіскері Унерхан Алмагүл әуесқой дойбышылар мен шахматшыларды ортаға шақырды.
«Бірлігі күшті ел озады» дегендей, дәм мәзіріне ықыласпен демеушілік танытқан бүкіл шаруашылық, АӨК, жеке кәсіп өкілдері, ұйымдық мәселеге үн қосқан мемлекеттік қызметтегі жандар көпшіліктің алғысын алды. Иә, аға буынның алғыс-батасы бүгінгі қызметкерлердің мақсатты ісін өрге бастыруға, елдің амандығына, ортақ үйіміздің гүлденуіне мәңгі негіз болғай. Көпшіліктің жадыраған қуанышты жүзінен жаңағыдай тілектестік әсерді, ақ жүректі пейілді аңғардық.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.