БІРІЗДІ ТӘРТІП – НӘТИЖЕ КЕПІЛІ

Әрбір Жолдау – Қазақстанды дамытуға арналған қадамның қозғаушы күші. Бүкіл ел болып, жас баладан қарт адамға дейін Мемлекет басшысының алға қойған тапсырма-ұсынысына мұқият ден қойдық. Барша қазақстандықтар әрбір Үндеуден жағымды жаңалық, ерекше жақсылық күтеді. Биылғы директивалық құжаттың да көпшілікті бей-жай қалдырмағанына, жалпы халықтың көңілінен шыққанына сенімдімін.
Жаңа Жолдау елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты, оған қоса және қазақстандықтардың әл-ауқатын әрмен қарай жақсартуға қатысты мәселені қамтыған. Межелі міндет тиімді орындалуы үшін реформа барысын бақылау тетігі күшейтілуі қажеттігі айтылған. Президент Әкімшілігінде құрылатын, тиісті өкілеттік берілетін Ұлттық модерлендіру орталығы реформа барысына, маңызды стратегиялық тапсырмалардың іспен пысықталуына ден қояды, түпкі нәтижесін бағалайды.
Үкiметтiң әрбiр мүшесiне, мемлекеттiк органның басшысына арнайы белгіленген мақсатқа қол жеткізуге дербес жауапкершілік жүктелмек. Елбасы атап өткендей, қала инфрақұрылымының дамуы өзекті мәселенің бірі. Үкімет осы негізде ұсыныс-өтініш тізбегін жинауы керек. Ауыз судың, жолдың сапасы көпшілікті қызықтыратыны анық. Әлеуметтік саланың даму жоспары мен құрылысы халықтың тұрмыс ыңғайымен үйлестірілуі шарт. Бұл жаңа басқарылатын карта.
Сонымен жаңаша айқындалған бағыттар ел дамуына ерекше серпін береді. Әлеуметтік дамудың барлық салаларына енетін экономиканың жалпы цифрландырылуы да замана жаңалығының бірі. Қоғам цифрлы дәуірге еніп жатқандықтан киберқауіпсіздік қағидасының да мән-маңызы да терең. Тәуелсіздікке қол жеткен кезең ішінде еңсерілген игі іс, толымды нәтиже көңілге қонады.
Адамдарды алаңдататын мәселелердің бірі – жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократиялық көрініс. Өкінішке орай, көңіл құлазытарлық жайттар да бой көрсетіп қалады. Бұл салада ашықтық жоқ, Елбасының айтқаны дұрыс және халық пен бизнестің ақпаратқа қолжетімділігі әрдайым ашық түрде болуы керек. Елбасының жер және жылжымайтын мүлік туралы бірыңғай ақпараттық дерекқор құруды тапсырғаны дұрыс деп санаймын. Бұл істе бірізді тәртіп, жер нақты кәсіп атқаратын адалниетті инвесторға берілуі керек.
Әлемдік экономика дағдарысы, елде өтпелі қиындық орын алса да, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленген, брендке айналған тәуелсіз Қазақстан құрылды.
Қайыркен ЖАҚЫП,
«Қанжығалы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.