ЕЛ ИГІЛІГІ КӨЗДЕЛГЕН ҚҰЖАТ

Елбасының әр жылғы Жолдауы – тарихи құжат. Қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелерді шешуге бағытталғанын көреміз. Биылғы Жолдау да осы тұрғыдан сипатталған: бәрімізді еліміздің жаңғыру жолындағы жарқын істерге жұмылдырып отыр. Жасампаздыққа жетелеп, еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет көшіне бастауда.
Жолдау әрбір тұлғаны жауапкершілікке шақырады, жақсы бастамаларға жетелейді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев болашағына сенімді, азаматтық мақсаты анық елде ғана толыққанды мемлекет құрылатынына сенім білдірді. Ол үшін өз бойымызда және өскелең ұрпақ бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу өзекті мәселе екенін алға тартты.
Әрбір адам еңбекқор, өз саласында кәсіпқой болса, лайықты жалақы алады немесе өз бизнесін ашуға және дамытуға қабілетті екеніне келісемін. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 28-ден 42 мың теңгеге дейін ең төменгі жалақыны 1,5 есеге арттыруды үлкен қуанышпен қабылдадық. Бұл меншік нысандарының әртүрлі салаларында жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамға тікелей әсер етеді, бұл жағымды жаңалық бюджеттік ұйымдардың 275 мың қызметкерін қамтиды екен.
Ең төменгі жалақы, ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болмайтыны жақсы. Сонымен қатар бизнестің тұрақты өсу көздерін қалыптастыру, жеке инвестицияларды ынталандыру және нарықтық еркіндікті дамытуда жақсы жаңалық болды. Бұл жаңа жұмыс орындарын құратыны, қазақстандықтардың көпшілігін табыспен қамтамасыз ететіні мәлім.
«Халқы тату-тәтті, саясаты салиқалы елдің ғана қазынасы қыруар, болашағы баянды болады. Ырыс – ынтымаққа жолығады, дәулет – бірлікпен толығады» демекші, Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз. Оның әрбір жетістігі үшін барлығымыз бір кісідей қуанатынымыз да сондықтан. Келешегіміз баянды, ұрпақтарымыз несібелі болсын дегім келеді.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауын бар халық құптайды. Ел келешегін бүгіннен айқындап, ортақ Отанымыз Қазақстанның дамуына темірқазық болатын тарихи құжат жарыққа шығысымен қолдау білдірген әртүрлі сала мамандары мен қызметкерлерінің, жұмысшылардың салиқалы пікірлері айтыла бастады. Айтылған мүмкіндіктер, халыққа шабыт беріп, өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратыны сөзсіз.
Жаһандану жағдайында білім беру жүйесінде аса маңызды өзгеріс жасап отыр. Адамзаттық капиталға, оның ішінде білім беру жүйесіне салынған инвестициялар экономика мен қоғам үшін маңызды ықпал жасауда. Бұл өзгерістер жылдам өзгеріп отырған әлемде өзгеріске тез бейімделе алатын мамандар аса қажеттілікті тудырып отыр. Сондықтан білім беруді тек әлеуметтік қажеттілік ғана деп қарамай, экономикалық инвестиция ретінде түсіну керек.
Гүлден МОЛДАҒҰЛОВА,
көпбалалы ана, мемлекеттік қызметкер