КОМСОМОЛ – ӨМІРІМІЗДІҢ БӨЛШЕГІ

Партияның, комсомолдың, пионердің өзара іс-қимылына тікелей басшылық жүргізген БЛКЖО Жарғысының қағидасы әлі күнге дейін еске түседі. Ұрпақ сабақтастығы сақталды. Нәтижесінде белсенді партия, кеңес кадрлары біртіндеп өсіп-жетілді. Турасын айтайын, өзгерген саяси жағдайға орай партияның, комсомолдың, Кеңестің, сол кезеңде атқарылған істің тарихтан өшірілуіне өз басым қарсымын. Бұл ұйымдар тұрмысымыздың барлық саласын қамтыды. Ол жөнінде тереңге бойлаудың мәні жоқ. Әйтседе Ерейментау аупарткомының, кеңестің, комсомол комитетінің ғұмырнамасында елеулі із қалғанын айтуымыз орынды. Өйткені бұл салада тың идеяға, игі бастамаға сенген, өз ісіне шынайы берілген адалниетті жандар еңбек етті. Олар: аупарткомның бірінші хатшысы лауазымын иеленген Қ.А.Тәукенов, аудандық комитеттің хатшылары В.Р.Рамут, Д.М.Агафонов, В.А.Волкова, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылары І.А.Қанапиянов, Н.Н.Серова, А.Грибушенко тағы басқалары.
Іс жүзінде менің бүкіл өмірім, еңбек қызметім Торғай орта мектебінде ағылшын тілі мұғалімінен басталған Ерейментаумен тығыз байланысты. 1974 жылы аудандық комсомол комитетіне келдім. І. А. Қанапиянов ол кезде бірінші хатшы қызметінде болатын. Мінезі қатаң болса да, жауапкершілікті өзіне алудан жүрексінбейтін, батыл жан еді. Ізінше бұл мәртебелі ұйымды Н.Н.Серова басқарды. О.О.Айдаболов екінші хатшы ретінде идеология мәселесіне жетекшілік етті. Үшінші хатшы ретінде маған мектептің жастары сеніп тапсырылды. Бөлім және сектор меңгерушілері Қ.Н.Сырымбетов, Т.Г.Матюшкова және статист Н.П.Домащенко бізбен бірге жұмыс істеді. Аппараттың ұжымы тату болды, сенімділік пен өзара түсіністікті негізге алды, 1981 жылға дейін өз ісін атқарды.
Мектептер бойынша хатшы ретіндегі менің жұмысым өзіме ұнады, қатарымызға жалпы екі мыңға жуық адам кірді. Парасатты, білікті басшы, аудандық білім бөлімінің жетекшісі Матай Сейсембаевтың қолдауын әр күні сезіндім. Мектептегі комсомол ұйымының өмірі көптеген пайдалы іспен, игі бастамамен дараланды: оқушылар комсомолға қабылданды, мектептерде комсомол жиналысы өтті, мұғалімдер ұйымының хатшылары Н.Г.Бойко, Н.В.Скубко, Н.П.Чернушенко, Юлия Курт ауқымды жұмыс жүргізді. Балалар дәрігері Халима Мейманова ауруханада комсомол ұйымын басқарды. Оқушылардың еңбек тәрбиесі ұйым жұмысының бір бағытына айналды. Новодолинка, Павловка, Новомарковка мектептерінің жанынан оқушылардың үздік өндірістік бригадасы құрылды. Оны мектеп директорлары А.Ю.Леглер, В.А.Лейман,Н.В. Слепцова басқарды. Біз облыстық, республикалық слетке қатыстық. Новодолинка оқушыларының тәлімгер И.И.Роот басқаратын «Юность» өндірістік бригадасы үздік болып танылды. Белсенді жоғарғы сынып оқушылары: Валентина Лысак, Абай Темірбаев, Марат Сүгірәлин, Татьяна Кукса, Төлеутай Мұхамеджанов, Лариса Науменко бүгінде қала мен облыстың жауапты мекемелерінде жұмыс істеуде. Алма Әлиева – Целиноград ауданында әкімнің орынбасары.
Аудандық комсомол комитеті хатшысының жұмысын атқара жүріп, пионер ұйымының аудандық кеңесінің төрайымы болдым. Ол уақытта бізде Пионер үйі болатын, қазір онда Бөгенбай атындағы музей қоныстанды. Анна Стригунова басқарған Пионер ұйымының қызметкерлері ұдайы балаларды назарда ұстады. Тартымды слет өтті, бұл аупарткомның үшінші хатшысы Д.М.Агафоновтың тапсырмасы еді. Ол бұрынғы комсомол қызметкері әрі аупарткомның хатшысы ретінде комсомолды үнемі қолдап отырды, нақты қызықты тапсырма жүктеді. Дәстүрлі үлгі қолданысы ол кісіні қанағаттандырмайтын, ұдайы қандайда бір жаңалықты талап ететін. Партия конференцияларында өндіріс озатттарына, шопандарға арналатын пионерлік ілтипат сәлемі есімізде қалыпты, ол ұдайы әрбір адамға жеке-жеке арналатын. Қаншама қызықты шаралар: пионер жиыны, алау, жорық, «Алтын шайба», «Былғары доп» спорттық ойыны, «Әкелер даңқы жолымен» слеті өтіп жататын. 1974-1975 жылы комсомол билетінің ауыстырылған сәті есімде қалды. Құжат табыс етуге облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы В.П.Мелешко мен Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің қызметкері В.Г. Эрме келді. Алғашқы билет комсомол оқушы қыз В. Лысакқа ұсынылды. Облыстық комсомол ұйымында жұмыс істеген Қ.М.Алпысбеков, В.П.Мелешко, С.А.Дьяченко, Ж.Е.Нүркенов, А.В.Клименко, Т.Д.Трегубова секілді кейбір тамаша басшыларды еске түсіргім келеді. Олардың әрқайсысы менің жан-дүниемде, жадымда із қалдырды. Жасымыз, тәжірибеміз, мінез-құлқымыз әркелкі болса да, мақсатымыз бір арнаға тоғысты. Бәрі өмірден өз орнын тапты. Сөз жоқ, комсомолдың тарихына қатысты айтулы сәттің, анағұрлым елеулі оқиғаның бір мақалада толық қамтып шығу мүмкін емес. Баға жеткісіз, ұмытылмас, қайталанбас сәттерге қайта оралу үшін қосымша уақыт пен күш қажет.
Сөздің қысқасы, комсомол мен үшін өмірімнің маңызды бөлшегіне, еңбек пен өмір, адалдық мектебіне айналды. Қызмет жолымен өсуіме: аупарткомның нұсқаушысы, ауаткомның хатшысы, төрағаның орынбасары т.т. лауазымына жетуіме жол ашты.
Комсомолға 100 жыл толды. Бұл айтулы тарихты өткерген барша жанның айтулы мейрамы. Кешегі күнге ойша зер салғанда, атқарылған іске баға бергенде өмірдің босқа өтпегенін нық сеніммен айта аламыз.
Мерекелеріңізбен, қымбатты достар, комсомолдар! Дендеріңіз сау, жаңа белестеріңіз биік, бастарыңыз аман, еңбектеріңіз табысты болсын.
Сара ДҮЙСЕМБАЕВА,
аудандық комсомол комитетінің
1974-1981 жылдардағы үшінші хатшысы.