МЕРЕКЕНІҢ ТҮПКІ МӘНІН ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ?

Жылда 1 қазанда басталатын, тұтас бір ай бойы сәтімен жалғасатын Егде адамдарды әлеуметтік сүйемелдеу айлығының тойлану реті жайында ой қозғауды, пікір білдіруді, ұсыныс жолдауды жөн көрдім.
Айлық басталысымен әрбір округтің әкімі өз әріптестерімен, демеушілермен, ауыл зиялыларымен бірге дайындықтың қамына кіріседі. Сөз жоқ, баршасының осындай сәттегі ұйымшылдық-бірлігіне көз сүйсінеді.
Әрмен қарай ауылдастар мерекеге шақырылады. Үлкендер дәм ала бастағанда оқушылар шағын сахнадан мерекелік концерт пердесін ашады. Ал дәл жаңағыдай сәтте оқушы ұл мен қыздың да, көбі дәлірек айтсақ – өз немерелеріміз ғой, дастархандағы тәттіге аңсары аумайтынына кім кепіл?! Бұл әрбір елді мекенде жылда қайталанатын жаттанды көрініс, тіпті көшірмелі сценарий десек те еш айыбы жоқ. Кешіріңіздер, мен бұл жерде сүттей ұйыған ел ішіне іріткі салуды, ауыл әкімінің, бүкіл ұйымдастырушылардың еңбегін жоққа шығаруды көздемеймін. Негізінен мұндай жиын өткізгенге қарсы емеспін. Ертеректе бір кездері дастарханға ара-тұра ащы су да әкелінетін. Аллаға шүкір, соңғы уақытта бұл үрдіс пышақ кескендей тыйылды. Оған да қуанамыз. Тіпті жаңағыдай концерт барысында дәм дастарханына өнерпаз ұл-қыздарымыз да, ұйымдастыру алқасы да, бірге шақырылғанда – бұл жиын өзінен-өзі үш ұрпақтың: атаның, бала мен немеренің кездесуіне айналып жүре бермей ме? Бөлісіп жеген тағам да жұғымды болады, үлкендердің ғибратты әңгімесі де баянды, ғұмырлы болады.
Аға буынды әспеттеу мерекесін қызықты да әсерлі, көңілді де тартымды етіп тойлаудың баламалы жолын қарастырсақ қалай болар екен? Әуелі алғы жоспар жайында жергілікті ардагерлер кеңесінің, қауымдастық өкілдері, білім, мәдениет қызметкерлері алдын-ала ақылдасып алса. Балаларға ертегі, аңыз-әңгіме айтатын аталар, имандылық ілімін насихаттайтын имамдарымыз ортаға шығып жатса – қандай жарасымды! Ауыл тарихына, жер атауына қатысты дерек, кешегі ғұлама тұлғалардың, соғыс, еңбек ардагерлерінің өмірі мен ерлігі, туған ауылына сіңірген игі ісі өскелең жасқа бейнеслайд арқылы ғибрат ретінде көрсетілгені құба-құп.
Мысалы, ата-әже мен немере бірге ойнайтын асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат-дойбы ойыны, кішігірім спорт-өнер сайысы, шағын ақындар айтысы өткені – жақсылық. Ер балаларға қамшы өру, ағаштан бұйым жасау тәсілін, қыздарға ісмерлік, тоқыма өнерінің үлгісін көрсете білсек – нұр үстіне нұр! Бұл үлкендердің балалық шаққа бір сәттік саяхаты десек, баланың сол күнгі көзбен көргені мәңгі есінде қалады. «Ал, кәнекей, аталар!», «Ал, кәнекей, әжелер!», «Біз спортшы отбасымыз», «Өнер қонған әулетпіз» жарысын ұйымдастыруға да шама-мүмкіндік, ынта-ниет баршылық. Бұл тәулік бойы Ұялы телефоннан, мәнсіз сериалдан көз айырмайтын, тіпті әдеби кітап та оқымайтын оқушы баланы бір күн болса да бері қарай бұрудың оңтайлы амалы деп білеміз. Халық қалаулысы да, көшбасшы партиямыз да, мектептің ата-аналар комитеті де, спорт әдіскерлері де, игі істен өз бойын аулақ салмай, бір салмақты сөзін айтуы тиіс.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдары, бағамдай білсек, өткенімізді құндауға, үлкенімізді сыйлауға, тарихымызды зерделеуге негізделеді емес пе?! Енді, аманшылық болса, санаулы уақыттан кейін қыс түседі. Көзі тірі адам үшін жүрдек уақыт алға жылжып, келер жылы тағы да алтын күз келеді. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей, маңызды мәселе төңірегінде ойланып көргеніміз дұрыс болар, сірә.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.