МИЗАМ МЕЙРАМЫ ТОЙЛАНДЫ

Күзде болатын қазақтың дәстүрлі мейрамдарының бірі – Мизам мейрамы дер едім. Мизам – қазан айының екінші атауы. Күз айы жомарт айларға жатады. Олай дейтінім: жаз бойы атқарылған еңбектің жемісі, астық, көкөніс, жеміс-жидек пісіп жетілетін кез. Біздің Бозтал орта мектебінде балалар ұйымының ұйымдастыруымен «Мизам мейрамы» яғни алтын күз мерекесіне байланысты мектеп оқушылары арасында «Ханзада мен Ханшайым» байқауы өтті. Өнер жарысына 1-9 сынып оқушыларынан бір жұптан қатысты. 1-сынып Махметова Жансұлу – Әсет Әли, 2-сынып Төлеген Жансая- Қанат Альдаир, 3-сынып Амангелді Томина – Ясин Елдос, 4-сынып Серікпай Гүлдана – Ережепов Сағындық, 5-сынып Қайрат Мерей-Жарқын Марғұлан, 6-сынып Байбекова Мадина-Лайық Қайрат, 7-сынып Тұрғынбай Айман-Қажмұрат Аман, 8-сынып Қайролаева Ақбота – Серік Аңсар, 9-сынып Бақыт Еркежан-Ихласов Жалғас бақ сынасты. Әр жұп күзгі түрлі материалдан киім үлгілерін, күз несібесінен қолдан түрлі тағам әзірледі. Ойынға қатысты, табиғи материалдан бұйым жасау шеберлігімен, әншілік-бишілік өнерімен танылды. Әсіресе ұл-қыздардың тапқырлығы, ұшқыр ой-қиялы, дүниетанымының кеңдігі, ісмерлік, аспаздық өнері намысты оңайлықпен қолдан бермеуге мол септесті. Жекелеген жұптар шаршы топта жаңағыдай қасиеттерімен дараланды, жанкүйерлердің қошеметін иеленді.
Ақтық нәтижесінде Серікпай Гүлдана-Ережепов Сағындық, Қайролаева Ақбота – Серік Аңсар жүлделі бірінші орынға ие болды. Ең кішкентай Ханшайым мен Ханзада: Махметова Жансұлу мен Әсет Әли және 9-сынып түлектері Бақыт Еркежан-Ихласов Жалғас екінші тұғырға көтерілді, Төлеген Жансая мен Қанат Альдаир, Тұрғынбай Айман- Қажмұрат Аман үшінші орынды иеленді. Байқауға ата-аналар да үн қосты. Әсіресе бастауыш сынып ата-аналарына өз ризашылығымды білдіремін. Барлық ауылдастар, ұстаздар өз ұл-қызының қарым-қабілетін, талпыныс-талабын көзбен аңғарды. Көңілді дем алып қайтты.
Жалпы бүгінгі мерекенің әрбір баланы ерте бастан қолдағы игілікті, табиғи ортаны бағалауға, жанашырлық ниетпен қарауға, ұқыптылыққа, үнемшілдікке баулитыны, келешек өмірге бейімдейтіні рас. Күз мейрамы, жалпы күз айы баршаға байлық, береке, молшылық әкелсін дегім келеді.
Райхан САҚТАҒАНОВА,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Бозтал ауылы.