ШАБЫТ ПЕН АЛБЫРТТЫҚ КЕЗЕҢІ

Комсомолдың тарихы халқымыздың қайсарлық ерлігімен тығыз ұштасып жатыр. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы нәубетін, Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын, тың және тыңайған жерді игеру кезеңін, қала мен елді мекендердің гүлденген дәуірін өткерген аға буынның шежіреге толы тұтас ғұмырнамасы баршылық. Аудан жастарының көбі 1941-1945 жылдары басқыншы жаудан Отанын қорғады. Тылда жан аямай қажырлы еңбек етті. Көптеген жігіттер Вьетнамда, Египетте, Ауғанстанда болған локалды соғыста, сондай-ақ Чернобыль атом стансасындағы апат зардабын жою кезінде батырлықтың үлгісін танытты. Комсомолдың 100 жылдығы қарсаңында 70 жылдың ортасынан 80 жылға дейін аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған жерлесіміз Олжахан Омарұлы Айдаболовпен жүздестік.
– Олжахан Омарұлы, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы лауазымын иеленген бастапқы еңбек жолыңыз жайында не айтасыз?
– Стратегиялық мақсаттағы ракета әскері қатарындағы қызмет мерзімім, педагогикалық жоғары оқу орнындағы сабағым тәмамдалғаннан кейін мені Усамбай негізгі мектебіне оқу ісінің меңгерушісі ретінде жұмысқа жіберді. Дегенмен, арада қысқа уақыт өткенде Ерейментау аудандық комсомол комитетіне қызметке шақырды. Сол уақытта, әңгімелесу барысындаупарткомның бірінші хатшысы Қасым Аппасұлы Тәукенов менің алдыма нақты міндет қойды. Мал, егін шаруашылығында, өңір экономикасының өзге салаларында комсомол-жастар бригадасының құрылуына айрықша назар аударуымды тапсырды.
– Не себепті дәл Сізді аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметіне шақырды?
– Бәлкім, аудандық партия комитеті кеңес әскері қатарындағы қызметім мен институтта оқыған кезеңімде мен туралы кең көлемді толық ақпар алған болар. Ол уақытта партияға өткенмін, институттың қоғамдық өміріне белсене араластым, студенттердің құрылыс отрядының төрағасы болдым.
– Аудан басшылығының нұсқауын іс жүзінде қалай орындадыңыз? Аудандық комсомол комитетінде кіммен қызметтес болдыңыз?
– Аппаратымыз шағын болды, аудандық ұйымды Н.Н.Серова басқарды. С.Н.Дүйсембаева мектептер бойынша хатшы, Қ.Н.Сырымбетов ұйымдық бөлім басшысы, Ж.Д.Хасенов ұйымдық бөлім нұсқаушысы, Т.Г.Захаркина есеп секторының меңгерушісі, Н.П.Домащенко статист қызметін атқарды. Әрбір әріптестің тиісті міндеті белгіленіп берілген. Әрқайсысы өз ісін адал ниетпен, сапалы орындауға тырысты. Біз облыс көлеміндегі «Құрмет Белгісі» орденді бірегей аудандық ұйымның абырой-намысын жоғалтпауға тырыстық. Сондықтан күш-әлеуетіміз бен білімімізді ортақ мақсатқа арнадық, есесіне комсомолдың беделін нығайттық. Алматы қаласында Қазақстан комсомолының Орталық комитетінде өткен, комсомолдың 60 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте «Құрмет Белгісі» орденімен туды енгізгенде өз ұйымымыз үшін мақтаныш сезіміне берілдік.
Республикада ол уақытта комсомол-жастар қой өсірушілер бригадасы жұмыс істей бастады. Әсіресе семейліктердің жұмыс тәжірибесі құптауға лайық болды, Біз де олардың үлгісімен шопандар бригадасын құруды қолға алдық. Аупартком мен ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері, совхоз директорлары мен партком хатшылары, кәсіподақ комитетінің төрағалары бұл ісімізді жан-жақты қолдады. Қ.А.Тәукенов арнайы тұрақты бақылауында ұстады. Әлі есімде, аупарткомның екінші хатшысы В.А.Волкованың басшылығымен, шаруашылықтардың партком хатшылары Ө.Қ.Мұсабаевпен, С.Қ.Сейітқановпен бірге, сол кезде ондаған бригада жұмыс істеп жатқан Қорғалжын ауданына сапар шектік. Бұл жолы қой өсірушілер бригадаларының жұмыс тәжірибесіне қанығуды мақсат еттік. Бірлескен ісіміздің нәтижесінде, қысқа мерзімде бізде де: «Өлеңті» совхозында «Самал», «Қазақстан» совхозында «Қызғалдақтар», «Горный» совхозында «Арман», «Торғай» совхозында « Қарлығаш» шопандар бригадасы құрылды. Айта кететін жайт, жастардың еңбекқорлығы, күш-әлеуеті, қайтарымды еңбегі әрбір ұжымда анық көрінді. Ізінше олардың көбі ЖОО мен техникумға конкурстан тыс қабылданды, ауданның халық шаруашылығының түрлі саласында еңбек жолын жалғастырды.
– Аудан экономикасының өзге салаларында комсомол-жастар ұжымы болды ма?
– Тәлімгер, соғыс ардагері Я.Ф.Пустоветтің жеке бастамасымен, аудандық комсомол комитетінің қолдауымен локомотив депосында комсомол-жастар бригадасы абыройлы жұмыс атқарды. «Ленинский» совхозында А. Елешевтің, «Торғай» совхозында Н.Семкиннің, Еркіншілікте Н.Клаустың комсомол-жастар трактор-егіс бригадасы, бірқатар өзге ұжымдар егіннен мол түсім жинады. Сонымен қатар СМП-382, ПМК-32 мекемелерінде құрылысшы-жастар бригадасы, тұрмыстық қызмет комбинатында, әктас зауыты жанындағы тігін цехында комсомол-жастар ауысымы еңбекке араласты.
– Жастар мен комсомолдар қандай шараларға белсене үн қосты?
– Әскери-патриоттық ойын, түрлі спорт жарысы жүйелі өткізіліп тұрды, туристік бағыт пысықталды, ауданда да, облыс көлемінде де, слет ұйымдастырылды. Шопандар, сауыншылар слетінің өткізілімі дәстүрімізге айналды. Бұл ісімізді ауыл шаруашылығы басқармасының, салалас кәсіподақ қызметкерлері жан-жақты қолдап отырды. Жастардың мәдени демалысын қалыпты ұйымдастыру мақсатында тақырыптық концерт, көркемөнерпаздар байқауы жолға қойылды. Қаламызда алғашқылардың бірі ретінде жасақшылардың жедел комсомолдық тобы құрылды. Жастардың құптарлық жұмыс тәжірибесі Қарағанды қаласында өткен жаңағыдай республикалық слетте насихатталды.
– Олжахан Омарұлы, жұмыстан бөлек, бәлкім, жемісті қызметіңіз үшін көтермеленген де шығарсыз?
-Расында да комсомолдағы қызметтен көңілде тек жағымды әсер қалды. Жұмыс нәтижесі қанағаттандырды. 1979 жылғы егін орағының қорытындысы бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталдым. 1980 жылы облыстық комсомол комитеті Москва қаласындағы Олимпиада-80 ойынына қатысуға туристік жолдамамен көтермеледі. Бұдан бөлек, шет елге де талай мәрте туристік жолдамамен сапар шектім.
-Комсомол жетекшілерінің ішінен жастардың арасында, ұжымда кім мәртебе-беделге бөленді?
-Ауданның косомол ұйымының беделін нығайтуға, өз ұйымдарында жастардың бастамасын дамытуға біздің замандастарымыз Б.Т.Қосыбаев, Қ.Қ.Күленов, Х.Е.Ахметов, Қ.Д.Молдабаев, В.Р.Брилицкий, Н.Х.Бейсенова, Е.И.Роговская, В.И.Савич, Г.А.Кольцова, В.В.Худякова, Е.М.Топорков, Д.Ж.Жұмабеков, К.К.Ахметов, В.А.Зеленый, Э.И.Гасько, В.Ф.Краус, В.Б.Иванов, Н.И.Шумайлова, Н.Куксина және көптеген басқалары үлес қосты деп есептеймін.
Тілші: Олжахан Омарұлы, ауданның комсомол ұйымына қатысты қызықты дерегіңіз, тартымды естелігіңіз үшін Сізге рахмет айтамыз.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ