ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТІ – МӘРТЕБЕЛІ ІС

19 қазан – Құтқарушы күні. Ол – өз денсаулығын, тіпті жеке өмірін қатерге тігетін, алғашқы телефон хабары түскенде зардап шегушіге көмекке асығатын өртке қарсы қызмет өкілдерінің кәсіптік мерекесі.
Біз өткен жұмада Ақмола облысы бойынша Төтенше жағдайлар қызметінің аудан орталығы аумағында қоныстанған 10-өрт сөндіру бөлімінде болдық. Тәуліктік кезекшілікке кіріскен жаңағы гарнизонның кезекші қарауыл жауынгерлері №1 орта мектептің тоғызыншы қазақ-орыс сыныбының оқушыларын экскурсияға шақырды. Дене тәрбиесі сабағының маманы Сергей Киянский шәкірттер делегациясын басқарып келді.
Мекемеге келген ұл-қыздар бөлімнің бүкіл жұмыс бөлмесін аралап көрді. Адам өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты мамандардың жұмыс ыңғайымен танысты. Кез келген телефон хабары әлде дабылды ақпар әуелі байланыс бөліміне түседі. Оны кезекші тіркеуге алады да, ізінше кезекші қарауылдың жауынгерлеріне, жедел іске кірісетін көлік жүргізушісіне жеткізеді. Шақыру түскен және бөлімге кері оралған уақыт Бірыңғай сотқа дейінгі тексеріс тізілімі жүйесіне тіркеледі. Біздің серуеніміз дәл осы басқару пультінен басталды. Заманауи байланыс құралдарын көзімізбен көрдік.
Түтін жайлаған бөлмеде жұмыс істеуге лайықталған «Омега» тыныс алу аппаратының жұмыс технологиясына, қолданыс тәсіліне ықыласпен назар аудардық. «Омега» – тыныс жолының жеке қорғаныс құралы. Арнайы оттегі жастықшасы арқаға асылатын, противогазы бар бұл прибор кез келген ауырлық дәрежесіндегі өрт кезінде құтқарушыларға қолдануға өте ыңғайлы. Тиісті норматив бойынша оны киюге, сапқа қосылуға 40 секунд уақыт беріледі. Осы салада үш жыл еңбек еткен аға өрт сөндіруші өртке қарсы қызмет сержанты Ілияс Қалқамановтың анықтама әңгімесін мұқият тыңдадық. Жауынгер жұмыстың мәнісін нақты, ұғынықты етіп баяндап берді. Әрине, оқушылар да противогазды кезекпен қызығушылық ниетпен өлшеп киіп жатты. Бұл қондырғының ерекшелігі: құтқарушыға еркін тыныстауға, өз жұмысын орындауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда үй мен кеңсенің іші-сыртын әрлеуге шет елдік заманауи құрылыс материалы жиі қолданылады. Олар: отқа жылдам тұтанатын пенопласт, алюкобонд, электр кабелі, пластмасса бұйымы.
Келесі бөлмеге өттік. Алты жыл қызмет атқарған аға өрт сөндіруші азаматтық қорғаныс сержанты Дәурен Әлжанов темір кесетін заманауи аспапты көрсетті. Рас, бұл сәтте маманның қондырғыны әдеттен тыс шеберлікпен қолданғаны бәрімізді қайран қалдырды. Бұл тас жолдағы жол-көлік оқиғасы кезінде жеңіл көліктің қаңқасын бұзуға лайықталған гидравликалық пышақ. Автокөліктің салонында қалып қойған адамды құтқарарда әрбір минөттің қымбат екені баршаға аян. Телеарнадан берілетін «112» хабарында көлік ішінде қысылып қалған адамды шығарып алуға біз көрген аппарат пайдаланылады екен.
Жалпы, көзбен көргеннен көкейге мол әсер түйдік. 10-ӨСБ-нің ұжымы өз құзыретіне сәйкес, мемлекеттік және жеке мүлікті, адам өмірін арашалауға арналған сауапты іспен айналысады. Оқушылардың өң-жүзінен, ынта-ықыласынан кейбіреуінің келешекте әскери салаға, осы мамандыққа, қоғамға пайдасын тигізуге ниеті барын аңғардық.
Бізге түсіндіргендей, өрт қауіпсіздігі қызметінің жауынгерлері биыл оныншы жыл кәсіби мерекесін атап өтуде. Ұжымды білікті басшы азаматтық қорғаныс подполковнигі Ербол Қасымов пен оның орынбасары капитан шеніндегі Қанат Әржікеев басқарады. Аға инженерлер Вадим Глушань, Берік Жеңіс объектілердігі жалпы өрт қауіпсіздігіне жауапты, қызмет бабымен түрлі мақсаттағы ғимараттардың сақтық жағдайын назарда ұстап, тексеріп отырады. Тұрғындармен, заңды тұлғалармен, кәсіпкерлермен арнаулы әңгіме жүргізеді. Әріптестерге сонымен қатар өрттің шыққан себебін анықтауға тапсырма жүктелген. Бәрінің түпкілікті мақсаты да, ізгі ниеті де бір: өңір тұрғындарының амандығын көздейді. Ал жедел жұмыстың атқарылым ретін төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ерлан Айдрахманов назарда ұстайды. Бұл жолғы баспасөз туры өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды жастар арасында кеңінен танытуға, мәртебесін көтеруге, Құтқарушы күні құрметіне арналды.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.