ТАПСЫРМА ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ

Аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Ерейментау аудандық филиалының төрағасы Виктор Радченконың жетекшілігімен көшбасшы партияның XXVIII есеп-сайлау конференциясы өтті. Бұл форум ауыл, ауылдық округ, кәсіпорын, ұйым, мекеме бастауыш ұйымдарында өткен жаңағадай жиынның қорытындысына айналды.
Тиісті регламенті бойынша күн тәртібінің қарауына үш мәселе ұсынылды. Партияның Ерейментау аумақтық филиалының есепті кезең ішіндегі жұмысы туралы есебі және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы Виктор Радченко сөз сөйледі. Баяндамашы шаршы топта аудандық партия ұйымының жұмысын бүкіл қырынан қамтып шықты. Партияның «Қазақстан-2021» Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды тұғырнамасының, «Нұр Отан» партиясының саяси доктринасының, бес институционалды реформаның жүзеге асырылымы шеңберіндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының негіздерін басшылыққа алды.
Ауданда 15 бастауыш партия ұйымына біріккен көшбасшы партия мүшесінің жалпы саны 2212 адамға жетті. Соңғы екі жылдың ішінде партиялық жобалар шеңберінде жалпы 9049 адам қатысқан 150-ге жуық, қоғамдық-саяси жұмыс саласында 5500 адам жиналған 120-ға жуық шара өткізілді. Баяндамада айтылғандай, Партия көшбасшысы белгілеген жаңа міндеттер шеңберінде, нұротандықтар күш-әлеуетін өз қызметін жандандыруға бағыттап келеді. Бюджет пен мемлекеттік бағдарламаның атқарылымына аудандық мәслихаттың депутаттары арқылы бақылауды күшейтуде. Сыбайластыққа қарсы амал жөніндегі Қоғамдық кеңес комиссиясының рөлін арттыруда. Саяси кеңес өзге қоғамдық бірлестіктермен, үкіметтік емес ұйымдармен. жастармен өзара тығыз іс-қимыл жасауға ден қоюда. Саяси кеңестің Бюросы, жұмыс ауқымы кең болса да, партиялық ықпалдың бүкіл тетігін пайдалана отырып, барлық жоспарлы тапсырма мен аманаттың орындалымына қол жеткізді. Қатардағы партияластардың белсенділігі, бастауыш ұйым жетекшілерінің жауапкершілігі күшейді. Ардагерлер елеулі қолдау көрсетуде. Аудан халқының барлық санатының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған партиялық жобаларды, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға үн қосатын, ҚР Президенті партиясының белсенді мүшелерінің аты-жөні үлгі ретінде нақты тізбектелді. Конференция делегаттары Павлодар қаласындағы бастауыш партия ұйымында өткен, партияның жұмысын жандандырудың жаңа тұжырымдамасына қатысты мәселе қамтылған шағын форум туралы мәліметке қанықты. Шаршы топта бастауыш партия ұйымының қызметін жұмыс тәсілін трансформациялауға, дерек қорын өзектендіруге, негізгі үдерісті автоматтандыруға негіздеп жандандыратын тұжырымдама ұсынылды. Тұжырымдаманы жобалағанда ағымдағы жағдай мен өзекті мәселе талдамасы, партиялық жаңғырудың негізгі міндеттері, «Жол картасы-2018-2020» бағдарының қабылданғаны ескерілді. Құжатта бастауыш партия ұйымының орташамерзімдік болашағына арналған қызметін ширатудың негізгі мақсаты, міндеті, механизмі белгіленді. Ол бастауыш ұйым қызметінің индикаторына айналмақ.
Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер туралы бөлек айтылды. Аудандық мәслихаттың депутаттары, қоғам қайраткерлері, партия мүшелері оны насихаттауға белсене үн қосып келеді. Адам мен оның өмір сапасына жіті мән берілген негізгі басымдықтарына көңіл бөлінеді. Баршаны Елбасының бастамасын қолдауға, болашақ ұрпақтың игілігіне жұмыс істеуге шақырды.
«№12 Торғай сайлау округі» бастауыш партия ұйымының төрағасы Марат Әубәкіров, «№1 Автобаза сайлау округінен» аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Қатима Әубәкірова, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы, №8 АТК оқытушысы Мадияр Смағұлов негізгі баяндама бойынша жарыссөзге шықты. Олар есепті кезең ішінде атқарылған жұмыс туралы есеп деректерін ұсынды.
Әрмен қарай регламент бойынша «Нұр Отан» партиясы Ерейментау аудандық филиалының Саяси кеңес мүшелері, Саяси кеңестің Бюросы, оған қоса облыстық есеп-сайлау партия конференциясының делегаттары сайланды.
Күн тәртібінің барлық мәселелері бойынша сәйкестелген қаулы қабылданды.
Партия жиналысы марапаттауға негізделген жағымды рәсіммен тәмамдалды. Аудандық партия ұйымының төрағасы Виктор Радченко бастауыш партия ұйымының өміріне үн қосқаны, белсенді азаматтық, партиялық ұстанымы үшін әрмен қарай толымды табыс тілегімен партия мүшелері Нұртас Маңдаевты, Қадиша Төлендинованы, Нұрлан Мәжкеновты, Наталья Кусаинованы, Төлеутай Мұхамеджановты Алғыс хатпен марапаттады.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Суретті түсірген автор.