ЖҮЛДЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

19 қазанда Көкшетау қаласында «Жыл отбасы» облыстық конкурсы өтті. Негізгі мақсаты өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға, қазақстандық отбасы мәртебесін арттыруға арналды. Ұйымдастырушылар – Ақмола облысының білім басқармасы және облыстық оқу-әдістемелік кабинеті .
Ұлттық және отбасылық дәстүрді дәріптейтін, үйлесімді дамыған тұлғаның қалыптасуына қолайлы жағдай жасайтын, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасылар жұбы облыс орталығында өзара бақ сынасты.
Мереке үлгісіндегі өнер жарысына тиісті бағдарлама бойынша тиісті уақытында орындалатын үш кезеңдік тапсырма енгізіліпті. Олар: Өзін-өзі таныстыру – бейнеслайд арқылы сипатталатын тұтас әулеттің тарихы, отбасылық дәстүрі. «Отбасы таланттары»- шығармашылық және өзге де көркемөнерпаз шеберлігі. «Шығармашылық – шабыт көзі» қолөнер-ісмерлік өнер.
Әділқазылар тарапынан баға берілгенде отбасы мүшелерінің өзіндік, қайталанбас және эстетикалық қойылымы, іске шығармашылық көзқарасы, тапсырманы орындаған сәттегі ұйымшылдық-бірлігі, сыйластық қарым-қатынасы ойға алынды. Сонымен облыс аудандарынан жиылған жалпы жиырма бір жанұя лайықты дайындық деңгейімен, тиісті еңбегімен төреші қауымның, жанкүйер-көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Ерейментау көлемінен Өлеңті ауылының тұрғындары – Ерденовтар әулеті конкурсқа қатысты. Туған жердің намысын қорғауға арнайы сапар шеккен жанұя өздерінің жан-жақтылығымен ерекшеленді. Ақтық нәтижеде жүлделі ІІІ орынға ие болды және ақшалай сый ретінде 65000 теңгенің сертификатына қол жеткізді. Отағасы Ержан Байтемірұлы Ерденов – алты жылдан бері темір жол саласында, ЭЧ-14 Екібастұз дистанциясында, электрмен жабдықтайтын АДМ қондырғысының машинисі ретінде еңбек етуде. Жан жары Жұлдыз Аманжолқызы Әбілдинова – Өлеңті орта мектебінде мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Ерлі-зайыптылар жұбының отбасында үш қыз тәрбиеленуде. Бәрі де жан-жақты, өнерге ден қойған өрендер. .Үлкені Амина жетінші, ортаншысы Аружан бесінші, кенжесі Камила үшінші сыныпта оқиды.
Жұлдыз Аманжолқызы өзінің ғұмырлық жолдасы Ержанға дән риза, өйткені ол кісі – отағасы, әке ретінде жан жарына, бағындағы гүлдеріне ұдайы қамқор болып жүреді, шаңырағының мәртебесі, ұрпағының бақыты үшін бәріне дайын. Сүйікті қыздарының ең керемет, жанашыр тірегі. Байқауға сәтімен қатысқаны да тікелей сол кісінің арқасы екенін айтып өтті.
Сонымен қатар қолдау тобының өкілі ретінде бірге сапар шеккен, өнеріне талабымен, тілектестік ықылас ниетімен дем берген Жұлдыз Аманжолқызының жиені Закирова Нузарға және оқушысы Макашева Кәусарға алғысы шексіз.
Отбасы – шағын мемлекет, кез келген қоғамның іргетасы. Сондықтан отбасылық құндылықтарды жастардың санасына сіңіру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасында салт-дәстүрімізді жаңғырту қажеттігіне айрықша көңіл бөлген. Ал қазақ халқының отбасы діңгегі әркез мықты болған. Сондықтан ел ішіндегі үлгілі, өнегелі әулеттерді өзгеге үлгі етіп насихаттау – біздің басты міндетіміздің бірі.
Әрбір шаңырақтың қос шынары болады. Олар – асқар таудай Әке, кәусар бұлақтай, мейірімді Ана. Әке-анаға сыйластық – елді сыйлаумен, өмірді бағалаумен пара-пар. Бұл да әр адамның төл парызы болуы шарт.
(Ақпарат пен фотосурет электронды поштамен қабылданды).