ДОЙБЫШЫЛАР БАҚ СЫНАҒАН ЖАРЫС

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Қалалық ардагерлер кеңесінің демалыс бөлмесінен ешқашанда жан үзілмейді. Зейнеткерлер шарша топта өзара сырласады, тың жаңалығымен бөліседі.
Бұл жолы үкіметтік емес ұйым дене тәрбиесі және спорт бөлімімен өзара ақылдаса келе, егде әйелдердің арасында дойбы жарысының өткізілетінін жария етті. Зияткерлік ойын бәсекесі жуырда тәмамдалған Егде адамдар айлығымен орайластырылды.
Бас төреші Александр Котляренконың қарамағына шоғырланған нәзік жандылар үстел ойынынан бақ сынауға ықылас танытты. Сонымен бес жұпқа жіктелген жерлестеріміз айналым жүйесі бойынша бәсекеге кірісті.
Қарсыласына есе жібермеуді, қарымта қайтаруды көздеген сайыскерлер білімі, тәжірибесі, тапқырлығы арқылы қызықты да тартымды ойынның үлгісін көрсетті. Алғашқы айналымда бірін-бірі ұтып та жатты. Дегенмен ол үшін ренжіген ешкім де жоқ. Бәрінің де көңіл-күйі көтеріңкі. Өйткені ақыл тоқтатқан, сыйластығын жарастырған, әрнәрсенің байыбын парасат тұрғысынан салмақтайтын байсалды да сабырлы әпке-жеңгелеріміз өзара жақын араласқанның өзін жеңіс ретінде бағалады. Оған іні буын ретінде біз де сырттай сүйсіндік, үлгі ретінде қабыл алдық.
Арлық үзілістерде ойыншылар бөлмеде орнатылған тренажер қондырғысы мен жүгіру алаңына да қызығушылық танытты.
Жиылған ұпай саны бойынша ақтық нәтиже шығарылды. Валентина Палий, Зинаида Варкентин, Галина Кривошеева, Құралай Имашева, Людмила Кривошея, Бақша Бүкірова, Галина Бебенина тыл және еңбек ардагерлерінің аудандық кеңесінің Грамотасы мен естелік сыйлығына қол жеткізді. 1-2-3 орынды иеленген Шәмшібану Жолдыбаева, Қарашаш Қалқаманова, Гаухартас Айгөзова дене тәрбиесі және спорт бөлімі тағайындаған Грамотамен, тиісті дәрежелі аспалы медальмен, бағалы сыйлықпен көтермеленді.
Бірін-бірі жеңісімен құттықтаған, сый-сыяпатқа риза болған апайларымыз ұйымдастырушыларға алғыс ниетімен келешекте тағы да қызықты жарыс алаңында жүздесуге ниет білдірді. Естелік фотосуретке де түсіп жатты.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.