КЕЛЕР ЖЫЛЫ АМАН-САУ ЖҮЗДЕСКЕНШЕ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Елді мекенге табан тіреген сәттен халықтың қысқа даяр екенін анық аңғарасыз. Аулаға шөп үйілген, көмірін де, картобын да қоймаға енгізуде. Жалпы бәрінің көңіл-күйі жақсы. Еркіншілік ауыдық округінде аға буын өкілдері құрметтелген күні ауа райы шуақты да жылы болды. Жеке кәсіпкер Хазез Бақытжанның тойханасына округтің түрлі сала ардагерлері жылы жүзбен, сыйластық пейілмен жинала бастады. Құлаққа жағымды әуен, мектеп оқушылары мен Мәдениет үйінің қызметкерлері даярлаған концерт көпшіліктің көңілін көтерді. Бәрі де өзара емін-еркін шүйіркелесті, әзілдесті, өткенді сеске түсірді.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Медеу Әбжіков, аудандық мәслихаттың депутаты Әбіш Сүлейменов, «Ерейментау» газетінің редакторы Раушан Нұрғазинова, жергілікті ауыл шаруашылығы өндірісі жетекшілері, жергілікті қауымдастықтың басшысы бүкіл ауылдастарды құттықтады, Отбасыларына амандық, денге саулық, ұрпағының қызығын көруін тіледі. Ауылдық округтің әкімі Жаңабай Амангелдинов ізгі лебізіне қоса барлық демеушілерге – бүгінгі кездесу рәсімін ұйымдастыруға қол ұшын берген жеке кәсіп иелеріне, шаруашылық, серіктестік, АӨК басшыларына, жергілікті тұрғындардың, спорт белсенділерінің қолдауымен мереке құрметіне күрес өткізген әуесқой палуандарға алғысын арнады. Жекелеген мекемелер мен кәсіпорындар өз зейнеткерлерін өз ұжымында құрметтеген. «Арна» серіктестігі 10 зейнеткердің әрқайсысына бір қап ұн, бес литр сұйық май әперген. Енді бірі малына, шөп, топан түсіріп беріпті. Еңбек, Еркіншілік ауылының өкілдері жауап сөзінде тартымды мереке ұйымдастырған ауыл әкімінің аппаратына, мәдениет, білім саласы қызметкерлеріне рахмет айтты, келер жылы да аман-сау жүздесуге тілектестік ниет білдіріп жатты.

Раушан БАРЖАҚСЫ. Суретті түсірген автор.