ҮЛКЕНДЕРДІҢ АЛҒЫСЫНА БӨЛЕНДІК

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Күншалған өңірінің: орталық қоныспен іргелес Қаратал, Шәкей ауылының аға буын өкілдері межелі уақытта жылы да жайлы клубқа жиналды.
Атақоныста ауыл шаруашылығы өнімі өндірісін еселеген, аудан экономикасын нығайтуға еңбегі сіңген қарапайым еңбеккерлер – бүгінгі ақылшы ата-әжелер ортамыздың көркі. Иә, әрқайсысының туған жерде – кешегі «Ленинский» совхозында қалдырған өзіндік айшықты ізі, өнегелі қолтаңбасы баршылық. Егемендік кезеңінде елге құт қондырған, алыстан атамекенге ту тіккен қандас ағайындар -ортамыздың сәні. Қажырлы да даналы, қазыналы да саналы үлкендеріміздің бәрі әрдайым төрден орын алуға әбден лайық.
Міне бұл жолы баршасы құрметті де құтты орынға жайғасты. Көтеріңкі көңіліне, ризашылық пейіліне сырттай көз сүйсінеді. Әңгімеге тартсаңыз – қызықты естелігі іле құнды ақыл-кеңеске ұласып жүре береді, тіпті сөзін бөлмей – тыңдай бергің келеді.
Округ әкімі Айланыш Тілекберді, №6 Күншалған сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың депутаты Асқар Ерғали шай дастарханында қадірлі қарттарымызды шын ниетпен құттықтады. Олардың жүрекке жетерлік жылы лебізі аға буынның елге сіңірген еңбегіне, келер ұрпаққа жасаған игілігіне ұрпақ атынан айтылған ризашылық алғысы ретінде қабыл алынды.
Ауыл клубының Золотхан Альдиева басқаратын «Жұлдыздар» балалар вокалды ұжымы, Ермек Базылованың қарамағындағы «Әжелер» тобы, Наталья Казначейдің жетекшілігіндегі «Ивушки» вокалды ұжымы, жеке дауыстағы әншілеріміз Сәуле Санақова, Мәди Еламанов шағын сахнаны әнмен әрледі, көрерменінің көңілін көтерді. Өзге өнер иелері де мереке ажарын аша түсті. Аты аңызға айналған Бөгенбай батырдың үзеңгілесі Үмбетей жыраудың ізі қалған өңірдің тума дарын иелеріне бай екені, ауданның мәдени өміріне, мәртебелі өнер байқауына бірлікпен белсене үн қосатыны баршаға белгілі.
Еңбек ардагерлеріне бір сәт ой бөлісудің, теңдес замандасын, өткен уақытты еске түсірудің өзі зор ғанибет қой. Өзара жақын араласқан, емін-еркін сырласқан ата-әже көбінесе қызмет бабымен, білім жолымен алыста жүрген бала мен немеренің өзара амандығын сұрасады, жетістігіне бірге қуанады, келешегіне жақсылық тілейді. Ұлағатты ана Баян Тезекбаева барша қонақтардың атынан кездесу кешін ұйымдастырушылар мен демеушілерге, аспаз-даяшы сіңлілеріне шынайы алғыс айтты.
Ұйымдастыру ісіне еңбек сіңірген, өнерпаздарды бір арнаға топтастырған – әкімдіктің бас маманы Тазагүл Жасарова, демеушілік көмегін ұсынған «Ақдін-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
(Бауыржан Аралтаев), «Әділет» (Жұмажан Боқанов), «Қаратал» (Анатолий Меньшаков) шаруа қожалықтары, «Үміт» жеке кәсіпшілігі (Қадылбек Дүйсенбек), Қайырбек Әбдікенов, Серік Мұхтаров, жекеменшік дүкен иелері Қонти Қадылбек, Біләл Қабылтай, Шаукен Бақытгүл, Марат Жұмабеков, жергілікті дәрігерлік мекеме қызметкерлері.
Золотхан АЛЬДИЕВА, клуб меңгерушісі