ӨМІРІ – МӘҢГІЛІК ҮЛГІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Жуырда Целиноград ауданының орталығы Ақмолда ауыл тұрғындары және «Шаңырақ Басқарушы компаниясы» ЖШС-нің құрылтайшылары А.А.Лоренц пен М.В.Божконың бастамасымен даңқты жерлесіміз, Социалистік Еңбек Ері Иван Иванович Шарфқа ескерткіш мүсін орнатылды.
Мерекелік салтанатты шараға ауыл тұрғындары мен аудан басшыларынан бөлек, Қазақстандағы неміс диаспорасының өкілдері, Парламент, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ еліміздегі Германия Федеративтік Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннер қатысты.
Ақмола облысының айтулы азаматы Иван Иванович Шарфтың ауыл шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі орасан. Оның өмірлік ұстанымы «Бәрі де адамдардың игілігі үшін» ұраны болды.
Бүгінгі астаналық өңірдің ең ірі құс фабрикасын басқарған кездерінде ол биік өндірістік жетістіктерге қол жеткізді. Сол үшін Иван Иванович Шарфқа сол кездегі КСРО-ның ең жоғарғы наградасы – Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп еді.
Салтанатты рәсімде «Шаңырақ басқарушы компаниясы» ЖШС-нің жетекшісі Александр Лоренц, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко, «Возрождение» неміс қоғамдық қамқорлық қоры кеңесінің төрағасы Альберт Рау мен Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр сөз сөйледі.
Жалпы, Еңбек Ері Иван Ивановичтің өмірі қилы заманмен тұспа-тұс келді. Ол жас кезінен сталиндік қуғын-сүргінді өз көзімен көріп, зұлмат жылдардың зобалаңына куә болды. Көзі тірісінде бізге айтқан бір әңгімесі ұмытылмастай есімізде қалды.
– Егер қазақтар болмағанда біздің келешегіміз беймәлім болар еді. Үлкен қарттардың айтқан ақылы күні бүгінге дейін жадымда: «Ваня, мұқалма. Оқы. Заман түзеледі, сенің дегенің болады». Орысшасы мен қазақшасы бірдей кісіні мен өмір бойы құрметтеп өттім. Ол кісінің де бізге деген сыйластығы ерекше болды.
1989 жылы Шарфтың бастамасымен, барлық саяси және әкімшілік тұрғыдағы кедергілерге қарамастан, Малиновка ауылының орталығында «АЛЖИР» лагерінің нәзік жанды тұтқындарына ескерткіш тұрғызылды. Оның ашылу рәсіміне бас директор И.И.Шарфтың күш салуымен №26 нүктесі аталған «Карлаг» филиалының азабын тартқан барлық әйелдер шақырылды. Кеңес мемлекеттеріне көшіп кеткен біраз кісілер сонда арнайы келіп еді. Олардың арасында біздің апамыз, менің әкемнің апасы Сағадат Құдабайқызы да болды. НКВД-ның «Отанын сатқандар зайыптары» атағын арқалаған жандар сонда бірінші әрі соңғы рет кездесіп еді. Сағадат апамыздың бар кінәсі – Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің бірінші хатшысы Қайсар Тәштитовтың жары болғанында. Асыл ер 1938 жылы НКВД үштігінің шешімімен Сәкен Сейфуллинмен бірге атылды.
Сағадат Тәштитова «АЛЖИР» лагерінде өзінің бар жастық ғұмырын өткізіп, соңына дейін бар ауыртпалықты көтере білді. Ол тек Сталин өлгеннен кейін ғана бостандыққа шықты. Біздің әулет үлкендерінің айтуларынша, бұл олардың өміріндегі ең бір сындарлы әрі ауыр кезең болған.
Биылғы жазда Целиноград ауданының басшылары мен депутаттары Ақмол орта мектебі мен бір көшеге Социалистік Еңбек Ері Иван Иванович Шарфтың есімін берді.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Ерейментау ауданының Құрметті азаматы.
Астана.