«ҮМІТ ЖҰЛДЫЗДАРЫ»

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Көңіл толарлық жайт: оқушылардың басым көпшілігі жылда сабағына қоса, спорт, музыка, өнер саласында топ жарып, жарқырай көрініп жүр. Олар ізденіс пен еңбекке қоса өз арманына қол жеткізуге талпына да біледі.
Әрине, табысқа жетуіне, бірінші кезекте, ілім-білімге құштарлық ниеті, қажырлылық, жаңалыққа ұмтылыс дағдысы септеседі. Сөз жоқ, мұғалімі де, ата анасы да, айтарлықтай дем береді. Бұл айтарлықтай психологиялық елеулі жәрдем.
Ауданымызда талантты жастар аз емес. Олар: әншілер, аспапшылар, бишілер, спортшылар, суретшілер, ақындар, актерлар т.т. Дарынды ұл мен қыздың жетістігі жайында баспасөз бетінде мақала жарияланып жатады. Бәрі де көңілге мақтаныш пен қуаныш сезімін ұялатады. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы мен Астанамыздың 20 жылдығы шеңберінде аудандық білім бөлімінде түрлі жобалар жүзеге асырылып келеді. Түпкі мақсаты балалардың түрлі салада қол жеткізген жетістігін насихаттауды көздейді.
Әдістемелік кабинет меңгерушісі Қатима Әубәкірованың басшылығымен қолға алынған алғашқы жоба ғарышкер Тоқтар Әубәкіровпен өткізілген жүздесу болды. Балалар ғарышты меңгеру тақырыбы аясындағы ғылыми жұмысын, макетін дайындады. Келесі жолы ортамызға танымал айтыскер ақын Айбек Қалиев келді. Оған тума дарын иелері, жазба ақындар шақырылды.
Ағымдағы жылдың тамызында аудан әкімі Абай Әлжанов дарынды балалармен үшінші мәрте кездесті. Оқушылар медалі мен Грамотасын өздерімен бірге ала келген.
Жуырда №1 орта мектепте «Ерейменнің жұлдыздары» атты кезекті кездесу ұйымдастырылды. Оған өз саласында толымды табысқа жеткен төрт бала: №1 орта мектептен Бейбарыс Айтмұғамбетов, №2 орта мектеп-лицейден Құдайберген Айсана, Абайділда Осман, Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінен Асылбек Нұртілек келді. Кездесуді ұйымдастырған аудандық білім бөлімі мен Балалар музыка мектебі ауыл мектебінің өзге дарынды балаларына жас дарын иелерін жақын таныстыруға, қызықтырған сауалын қойғызуға мүмкіндік берді. Бәрі бастапқы бетте өздерін тым тұйық ұстады. Дегенмен оны жүргізген Музыка мектебінің оқытушысы Досхан Жылқыбаевтың ізгі ниетінің нәтижесінде сұрақ берушілер қатары көбейді. Шаршы топтағылар негізінен дарындылардың осы бағытты таңдаған себебін, сахнадағы өнер жолын, кімнің сүйемелдейтінін білгісі келді. Ой-жоспар, арман-мақсат, алғашқы конкурс, отбасы, достары жайындағы мәліметке ден қойды. Кездесу қызықты өтті, танымдық сипат алды. Кейіпкерлеріміз өз міндетін сәтті орындады. Берілген сұрақтың бәріне сеніммен, еркін жауап қайтарды, өз өнерін ұсынды. Асылбек Нұртілек – жас ақын, өзі де өлең жазады, танымал ақындардың шығармаларын жатқа оқиды, түрлі авторлық оқуларда талай мәрте жүлделі орынды иеленген. Абайділда Осман да өнерден құралақан бала емес. Түрлі музыкалық конкурстың жеңімпазы. Келешекте кәсіби әнші-күйші ретінде талай биік белесті бағындырары сөзсіз. Өнер иесі болашақта Ерейментауда іні-қарындастарына флейтада, скрипкада әлде саксофонда ойнауды үйрететін жаңа музыка мектебін ашқызуды армандайды. Құдайберген Айсана қобызда шебер ойнайды, республикалық, Халықаралық конкурста сіңліміздің бақ жұлдызы жарқырай жанған, оған қоса суретті де жақсы салады, келешек өмірін өнермен байланыстармақ ниетте. Айтмуғамбет Бейбарыс елдің ірі вокалдық жобаларында ауданымыздың намысын талай мәрте сәтімен қорғады. Жерлесіміздің қатысуымен өткен концерт телеарнада да көрсетіліп жүр. Қарапайым, елгезек бозбала шын жұлдыз болуды армандайды, дегенмен атақ-мансапты көздемейді. Жас дарын иелерінің өз арманына міндетті түрде қол жеткізетініне үміттіміз.
Есте қаларлық осы бір айтулы күні күні дарындылардың атына аудандық әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Қатима Әубәкірова қол жеткенмен қожырамай, үнемі өнер-білім ізденісі арқылы алға ұмтыла беруді тіледі. Білім бөлімінің атынан бәріне естелік сыйлық ұсынды.
Людмила МАРКОВА.
Суретті түсірген автор.