СПОРТ – ДЕНСАУЛЫҚ, БІРЛІК КЕПІЛІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Еркіншілік ауылдық округінде бәріміз аға буынды құрметтеуге мақсат қойған сәтте ауа райы халыққа жайлы болды, күннің жылы шуағы айналаға молынан төгілді.
Таңсәріден Мәдениет үйінің жанындағы спорт залында абсолюттік салмақ дәрежесіндегі қазақ күресінен бүгінгі мейраммен орайластырылған жарыс жүріп жатты. Бастама иесі -ауылдық округтің әкімі.

Оны құптаған, қолдаған – спорт жөніндегі әдіскер, жатып бүгілуден спорт шеберлігіне үміткер, белбеу күресінен өз салмақ дәрежесі бойынша Моңғолия чемпионы Орынхан Ерболсын. Шараны кіріспе сөзбен ашқан Еркіншілік ауылдық округінің әкімі Жаңабай Амангелдинов спорт денсаулық пен жас ұрпақ бірлігінің кепілі екенін атап өтті. Жергілікті спортшылар командасы аудан мен облыстың жарыс алаңдарында ұдайы үздік ойынның үлгісін танытады. Спорт күніне арналған жылдағы бәсекеде, Денсаулық фестивалінде, мектепаралық, елді мекендер арасындағы жолдастық кездесуде марапатқа ілігеді. Мәдениет үйі мен спорт залының сыртқы төбе жабуы жөндеуді керек етеді. Бүгінгі күні сметасы әзірленді. Жоба мақұлданса – іс қолға алынады да, ауылдың жастарына қазір жөнделуі тиіс спорт алаңында толыққанды жаттығуға мүмкіндік болады.
Спорт жөніндегі әдіскер бәсекенің жүргізілім мақсатын жария етті. Ол байсалды өмір салтын насихаттауға, бозбала мен бойжеткен жастарды секцияға әуестендіруге, туған жері үшін мақтаныш сезіміне жетелеуге негізделген. Спорт жаттығуы өз-өзіне сенімділік, жолдастық көмек, топта жұмыс істеуге ниет сезімін дарытуға жол ашады. Егде адамдар күніне арналған жарыс биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Жастар аға буын өкілін әспеттеуі тиіс, үлкендерден еңбексүйгіштік, өзара сыйластық ниетін дарытуы шарт. Бүгінгі шараның дәстүрге айналатынына үміт білдірді. Ұлттық қазақ күресі бәсекесінде бақ сынауға 11 спортшы ниет танытты. Іріктелім сағаты өткеннен кейін, мәрешілердің есімі белгілі болды. Айрықша басымдықпен Мырзат Айдос бірінші орын алды. Екінші, үшінші, төртінші жүлде Орынхан Ерболсынға, Авдрахман Есенболға, Нағашыбай Асылбекке бұйырды. Аспалы медаль, Мақтау қағазы мен ақшалай жүлде тапсыру рәсімін жүргізген аудандық «Ерейментау» газетінің редакторы Раушан Нұрғазинова, ауыл әкімдігінің маманы Мұрагер Хавджалел шаршы алаңда есімі әлемге әйгілі Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ізбасарларының өсіп-жетілуіне тілектестік ниет білдірді. Төлеутай Аңсар «Үздік әдісі үшін» жеке грамотаны иеленді. Жарысты ұйымдастырушылар спортты қолдаған өз ауылдастарына: Завод Жантілекке, Бейбітхан Еркінге, Авен Дәулетке, Мұрагер Хавджәлелге алғыс айтты. Соңғы өкіл жайында айрықша даралайтын жайт, жерлесіміздің материалдық көмегімен спорт залына аспалы турник, тиісті құралымен штанга, түрлі салмақтағы гір тасы, қол күресі мен теннис үстелі алдырылған.
Спорт жөніндегі әдіскер Еркіншілікте ел Тәуелсіздігі күніне орай жоғарғы сынып оқушылары мен ауыл жастарының арасында қол күресінен жарыс, өзге ойын бәсекесін өткізуге жоспар белгіленетінін хабарлады. Ниет білдірген барша жанды щаршы алаңда бақ сынауға шақырды.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.