ТҰРМЫСЫМЫЗ РЕТТЕЛІП КЕЛЕДІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)
Loading...

Бестоғай ауылдық округіне қарасты Байсары ауылына ортақ ауыз су желісі тартылғаны, әрбір үйге жеке-жеке құбыр енгізілгені баршаға белгілі. Елді мекенге бұрылыстағы қымызхана жақтағы төрт үйге де су тартқызу мәселесі күн тәртібіне қойылған болатын. Аудан әкімі Виктор Радченкомен жүздескенімізде ол жөнінде құлаққағыс жасалды да. Міне, жуырда игілікті іс қолға алынды. Аудандық мәслихаттың бір жолғы сессиясында жаңағы мақсатқа 730 мың теңге бөлінді. Қыркүйектегі тендерде жеңіске жеткен, облыстық мәслихаттың депутаты Темірболат Оразақов басқаратын «ЕрейменТАУ-2005» ЖШС бірден іске кірісті. Өз шаруасын тиянақтап та қалды.

***

Аудан басшысының өтінішімен облыстық қазынадан Бестоғайдың ауыз су құбырының жобалық-сметалық құжаттамасын ресімдетуге 8 миллион теңге бөлінетін болды. Құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Мәшкеновтың араласуымен жобалаушылар өз ісіне кірісіп те жатыр. Кеңес уағында игілікке пайдаланылған құдық суы тиісті сынамасы бойынша ішуге жарамды болып танылды. Енді келешекте ол бестоғайлықтардың ортақ мақсатына пайдаланылмақ. Келесі жылы көше бойымен құбыр трассасын жүргізуге облыстан қосымша қаржы көзі іздестірілуде. Өзекті мәселені ойлағандай деңгейде шешуге тікелей үн қосқан аудан әкіміне барша ауылдастардың атынан алғысымыз шексіз.

***

Дәстүрлі көгалдандыру-тазалық айлығында екі елді мекеннің төңірегі көріктендірілді. Бестоғайда мал қорымына лайықталған ұра қазылды. Байсарыда да осындай арнаулы орын белгілейтін жоспар баршылық. Бұл ветеринарлық ереже талаптарымен сәйкестендірілген, түлік өлексесін көмуге, тұрғындар арасында жұқпалы індет таратпауға лайықталған амал.

Әрбір үйдің иесі өз айналасын таза ұстауға ден қойды. Өткен қыста жиылған малдың көңі мен пештің күлін белгіленген орынға шығарды. Іргеміздегі «Қызылту» ЖШС оған арнайы техника бөлді, өңіріміздегі астаналық фирма да ықыласпен көмек қолын созды.

Халық бүгінгі күні алдағы қыстың қамын ойластыруда. Негізгі күнкөріс көзі – ауладағы азын-аулақ малына қажетті шөбін, пешке жағатын көмірін үйіп алуда.

***

Өңіріміздегі инвесторлар – Ақмарал Оспанова басқаратын «AВВAC GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы көктемде 40 гектар алқапқа картоп, тағы 40 гектар жерге сәбіз еккен болатын.

Күзгі жиын-терін науқанында шаруа иесінің ұсынысымен біздің екі ауылдың, көршілес Торғай мен Еркіншіліктің тұрғындары жұмыла іске кірісті. Көмекшілерге күнбе-күн тиісті шамада қолма-қол еңбекақы, заттай төлем ретінде қосымша бір шелек картоп алуға рұқсат берілді. Қожа мен Ерлан Сүбханқұловтың иелегіндегі «Алтын сақа» шаруа қожалығы да картоп еккен болатын. Ол кісілер де көмектескен ауылдастарды құралақан қалдырған жоқ. Заттай да, ақшалай да, ақысын беріп тұрды. Бұл іс екі жаққа да пайдалы. Фермер алты ай жазғы еңбегінің жемісін көрді. Тұрғындарға да жақсылық шарапаты тиді. Сонымен округімізде ниет білдірген жанға атқарар кәсіп бар деген сөз.

***

Ерейментау ауданының 90 жылдық мерейлі датасын атап өтуге округіміздің халқы қонақжайлық пейіл мен белсенділік танытты. Ынтымақ-бірлік ниетімен баршаға дәм-тұзын ұсынды. «KazНorseMugalgar», «Тиянақ Трейд», «Арқа» шаруашылығы жетекшілерінің демеушілік көмегі, дастархан мәзірін, той жабдығын қамдаған, тиісті орнына уақтылы жеткізген қызмет көрсетуші қауымның еңбегі өлшеусіз.

***

Қазан айындағы Егде адамдарды әлеуметтік сүйемелдеу айлығынан да округіміз шет қалған жоқ. «Асқар», «Бестоғай-2030», «Мадина», «Калибеков» шаруа қожалығының, «Хамзе» серіктестігінің қамқор пейілді көмегімен, аға буынға жанашырлық ниетімен барлық ойластырған ісіміз абыроймен жүзеге асты. Осылайша барша үлкендердің ризашылық батасын алдық.

Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ұйымшыл шаруа иелеріне шын ниетпен рахмет айтамын. Алдағы дәстүрлі мемлекеттік мерекелерде де ынтымақ-бірлігіміздің баянды болатынына, көпшіліктің ықылас-ниетімен ауыл тұрмысының әлі де оңалатынына сенгім келеді.

Джомарт МУСИН,

Бестоғай ауылдық округінің әкімі.