«ТОЛҚЫН» ТЕАТРЫ БІРІНШІ ОРЫНДА

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
2018-2019 оқу жылында Балалар шығармашылық үйінде «Толқын» театр үйірмесі ашылды. Оны келешегінен үміт күттіретін дарынды жас педагог Ә.К.Малшиев басқарады.
Ұжым бір айдың ішінде балаларды даярлады да, облыстық конкурсқа қатысты. Көкшетау қаласындағы облыстық орыс драма театрында салалас өнер ұжымдарының арасында «Театрдың ғажайып әлемі» облыстық балалар өнері конкурсы өтті. Мәдени шара «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасына, «Тәрбие және білім» бағдаршасына негізделді. Конкурста жалпы он бес ұжым бақ сынады. Олар: Астана қаласы (облыстық мамандандырылған мектеп), Көкшетау қаласы, Бұланды, Бурабай, Зеренді, Атбасар, Шортанды, Ақкөл, Есіл, Ерейментау ауданы.

Балалар шығармашылық үйіндегі Әлібек Қыдырұлы Малшиев басқаратын «Толқын» театры ауданымыздың намысын қорғады. Өнерпаздарымыз «Өмір белестері» атты дебютті қойылым әзірледі. Нәтижесінде жүлдегер әрі бірінші орын иегері атанды. Театр тобының құрамына Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектептен дарынды балалар Жаннұр Сағынаева, Вероника Евсеева, Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінен Гүлзат Бекенова, Дильназ Хасенова, Жұмағұл Назира, Абайділдә Осман, Қожахан Дінмұхаммед қосылды. Облыстық театрдың еңбегі сіңген қызметкерлері топқа кірген білікті әділқазылар жас актерлердің еңбегіне баға берді.
Конкурсқа қатысушылар жас жетекшінің арқасында өнер сахнасында жақсы қырынан танылды. Командалардың арасында толымды жетістікке жетті. Баршасы жан-тәнімен тиісті рөлін беріле ойнады, образға сәтімен енді, қойылымның мағына-мазмұнын көрерменіне дәлме-дәл жеткізіп берді.
Жас театрға алдағы уақытта да толымды табыс, биік белестен көрінуді тіледік.
Айнагүл ӘБІЛОВА,
директордың оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары.