ЗЕКЕТ – ӘЛЕУМЕТТІК ТЕПЕ-ТЕҢДІК КЕПІЛІ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (Пока оценок нет)

Loading...
Адамзат тарихына көз салсақ: әр кез, қайсы бір қоғамда адамдар әлеуметтік тұрғыдан бай-кедей болып, екі топқа бөлінген. Материалдық тұрғыдан теңдік болмаған екі тап арасында қарама-қайшылықтардың болатыны бесенеден белгілі. Байлар өздерінің мал-дәулетіне сүйеніп кедейлерді менсінбей тәкәппарлықпен қарауы, кедейлер болса дәулетті адамдардың алдында өздерін төмен санап, ыңғайсыз жүруі кейбір қоғамда қалыпты жағдайға айналған.
БҰҰ даму бағдарламасының кедейлікке арналған жылдық баяндамасына сүйенсек 2 миллиард 200 миллион тұрғыны кедейлік құрсауының зардабын тартуда. Бұл көрсеткіш бүкіл адамзаттың 14 пайызына тең. БҰҰ-ның тұжырымына сәйкес, күніне 1 АҚШ долларына күн көретін адам кедей саналады, ал 1 доллардан аз ақшаға күнелтетін адамды пақыр кедей немесе қайыршы деп атауға тура келеді. Адамдар арасындағы теңсіздіктің өсуін ауыздықтау турасында The Guardian газеті сараптама мақала жариялап, зерттеудің қорытындысы бойынша жер шарындағы байлардың қолында әлемдегі барлық байлықтың 44 пайызы шоғырланғанын жазған болатын. Ал соңғы жылдары бұл көрсеткіш 48 пайызға жеткен.
Алла Тағала тарапынан жіберілген соңғы дін – Исламның ұстанымы теңдікке негізделіп, әр заман мен уақытқа бейімделген. Асыл дініміз адамдарды ұлтына, тегіне бай- дәулетіне қарай бөліп жарып қарастырмайды. Әсіресе қоғамда адамдар арасында материалдық теңдікті сақтауды алдыңғы орынға қойған. Оны мұсылмандарға парыз болған, бес парыздың бірі зекет құлшылығынан анық байқауға болады.
Зекет Алланың әмірімен хижраттың екінші жылы парыз болған құлшылықтың бір түрі. Зекет тілдік тұрғыда араб тілінен аударғанда «Өсу», «көбею», «тазалану», «берекелену» деген мағыналарды білдіреді. Ал, шариғатта: «нисап мөлшеріне жеткен мұсылмандарға белгілі мал-дүниесінен Құранда келген арнайы адамдарға беруді міндеттеуден тұратын құлшылық». Сондықтан-да бұл ғибадаттың зекет деп аталуы қалған байлықтың көбеюіне, берекеттенуіне әрі берушісінің күнәларынан тазаруына себеп болғандығынан.
Тілдік мағынамен шариғаттағы анықтаманың арасында терең мән бар. Байлық өздігінен келмейтіні баршамызға аян. Дүние-мүлік қолдың кір болғандықтан оны жинау жолын барсында біреудің ақысын жеу, арына қол сұғу ықтимал. Жиналған мал-мүлікте мұсылман бауырының да үлесі болуы мүмкін. Адамның дәулеті артқан сайын күнәсі де көбеюі мүмкін. Сол байлықтан кедей-кемістерге берілген бір бөлігі жиналған мал-дүниені тазартады. Жұмыр басты пендені шайтан лағнет кедейлікпен қорқытады. Жылдар бойы маңдай термен жинаған дүниеңді қалай бересің, малыңды тарата берсең өзің кедей боласын деген ойлар салады. Ал, зекет мағынасына назар алсақ, керісінше, өсу-арттыру дегенді білдіреді. Берілген зекет қалған малды тазартып оған еселеп береке әкеледі. Оған дәлел Құранның мына аяты:
«Оларды (күнәдан) тазартып, (сауаптарын) көбейту үшін мал-мүлкінен садақа ал».
Құран мен хадистен нәр алып, жырын төккен Қабан жырау:
Харам болар, жарандар,
Зекетсіз жиған малыңыз.
Шариғаттан сөз айтқан,
Молла тілін алыңыз.
Құдай берген таусылмас,
Өлшеп берген дәміңіз.
Құдіретімен жаратқан,
Пенделерін өзі алар», – деп жырлау арқылы барлық ризық-несібе бір Алладан болатыны, байлықта уақытша нәрсе екенін жеткізеді.
Шариғатта бұйырылған нәрселерді орындаса мол сауапқа кенелетіні жайлы Құран Кәрім мен хадистерде сүйінші хабарлар бар. Зекеттің пайдасын жеке тұлғаның және қоғамның деп екі санатқа бөліп қарауға болады.
Жеке тұлғаның пайдасы: Зекет – мінәжат болғандықтан, оны орындаған адамның мойнынан міндеттері түсіп, күнәсі кешіріледі. Алла уәде еткен мол сауапқа кенеледі.
– Адам баласының бойындағы дүниеқоңыздық, қанағатсыздық, сараңдық, тәкәппарлық сияқты жаман қылықтан сақтайды. Алла разылығы үшін дүние-мүлкімен бөліскен адам жомарт, кішіпейіл, мейірімді, Отанын сүйген құл болады.
– Зекет пәле-жаладан, апаттан, ауру-сырқаудан сақтайды. Байлықтың құрып кетуіне тосқауыл жасайды. Пайғамбарымыз ﷺ: «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, дертті садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларыңмен бастарыңа келетін пәлелерге дайындалыңдар»9 – деп түсіндіреді.
– Өзін қоғамның бір мүшесі ретінде санауға жол ашады. Айналасындағыларға пайдалы екенін сезініп, ләззатқа кенеледі. Осы арқылы аяушылық сезімі оянып, жүректің қаттылығынан арылады.
– Дүниеге деген махаббаттан сақтайды. Қазіргі қоғамда ағайындар арасында болып жатқан дау-жанжалдың бір себебі мал-дүниені бөлісе алмаудан. Зекетің мұсылман бауырына беріп үлестіре білген пенде, ағайынмен де дүниесін бөлісе алады. Жүрегінде дүниеге деген махаббаты болмаған адам қу дүние үшін ағайынмен жаға жыртысып, дауға келмейді. Дүниені қолда ұстаған жанға байлықты Алла жолында сарп ету оңай болады.
– Зекет берген адамның жан-дүниесін керемет қуаныш билеп, ерекше ләззат құшағына кіргендей күй кешеді. Өмірдің қиыншылығына, экономикалық дағдарысқа төтеп бере алатын күш-жігер пайда болады.
Күнімізде Батыс елдерінде адами қарым қатынасы материалдық тұрғыда өлшенетіндіктен адамдар рухани күйзеліске ұшыраған. Сол күйзелістен емдеу үшін мұқтаж жандарға көмектесуге кенес береді. Хақ Тағала әмір еткен бұйрықтарының дұрыс орындалып, жүзеге асса, оның пайдасын ақыретте де осы өмірде де, жеке тұлға, қоғам да сезінері күмәнсіз.
Зекеттің қоғам үшін пайдасы:
Зекеттің екінші пайдалы тұсы – қоғамның игілігі. Адамдар арасындағы таптық құрылымды жоюға төмендегідей пайдасы бар:
-Қоғамда бай мен кедейдің арасындағы алтын көпір болады. Бай зекет беру арқылы қоғамға өзінің пайдасын сезінсе, пақыр жан мейрімділік көріп, өзіннің айнасындағы жандарға алғыспен қарап, байлардың дүниесіне сұқтана қараудан тыйылады. Әрқайсысы да қоғамның бүтін бір мүшесі ретінде сезінеді.
-Кедей-кепшіктердің орташа өмір сүруін жақсартып, мемлекеттің өркендеуіне жол ашады. Қоғамында кедейлері болмаған ел мықты болады.
-Ақша айналымын біржақты болудан сақтайды. Егер байлық тек байлардың қолында болса әлеуметтік теңдік бұзылып, қоғамда әділетсіздік орнайды.
-Қоғамда ұрлық-қарлық, адам тонау, кісі өлтіру, алаяқтық жолмен ақша табу деген жаман қылықтардың кең таралып, өріс алуына бөгет болады. Қазіргі таңда қылмыс артқан елдердің көпшілігі халқы кедей өмір сүретін, бай-кедей болып бөлінген мемлекеттер. Зекет – біріншіден, Алла Тағаланың парыз еткен ғибадаты. Оны орындаған адам екі дүниеде жақсылыққа, берекеге кенеледі. Орындамай бет бұрған адам ауыр жазаға тартылатын болса, екіншіден, зекет қоғамда әлеуметтік теңдікті сақтайтын, бай мен кедей арасындағы әділеттілікті орнататын иләһи жүйе.
Тұрмыстық өмірдің төмендігінен адамдар шарасыздан қылмысқа барады. Осындай қоғамда өзекті мәселелердің алдын алып, шешуге зекеттің тигізер пайдасы мол. Ол – қоғамдағы байлар өзінен жағдайы материалдық тұрғыда төмен болған қоғам мүшелерімен санасып, оларға қамқорлық танытуы. Асыл дініміз қоғамның бірлігін жақсарту, адамдар арасында теңдік, әділеттілік болу мақсатында зекетті парыз етеді.
Е.ИСЕНОВ,
Ерейментау аудандық
Тоқан хазірет мешітінің наиб имамы