ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
Аудан әкімдігінде Зейнеп Жүсіпованың жетекшілігімен қоғамдық кеңестің өкілдері жүздесті. ТКШ, автокөлік жолдары, жолаушылар көлігі бөлімінің өкілдері, жеке кәсіпкер Игорь Гашек шақырылды. Бұл жолы балаларды мектепке және үйге тасымалдауға арналған қызмет көрсетілім сапасы әңгімеге негіз болды.
Зейнеп Байбаққызы жиынды ашқан сәтте қоғамдық кеңес мүшелерінің қала мектептеріне бала тасымалы қызмет көрсетілім сапасын зерттегенін баяндады. Кеңес мүшесі Раушан Нұрғазинова бағалау ақпарын ұсынды. Ол негізінен қалалық №1, №2 бағыттағы автобус жүргізушілерінің сапар кестесін ескеретінін айтты. Дегенмен жұмыс уақыты басталғанда автобустың іші жинастырылмағанына, пердесінің, орындық жабуының, ауа райы, жаңбырсыз, ашық болғанымен, көліктің сыртының да адам көргісіз күйіне назар аударды. Әңгіме тақырыбы оқушыға арналып отыр. Сондықтан Заготзерно, Қарасу, Известковый мөлтекауданына апаратын жолдың сапасы сын көтермейді, ой-шұңқыры да аз емес. Ересектерге орнын берген бала салонда түрегеп тұрады. Ал көлік күрт тоқтай қалса – кез келген шәкірт жарақат алуы әбден мүмкін.
Раушан Сейітқалиқызы жаңағы мөлтекаудан халқының тағы бір өтінішін атқару билігіне, осы сайлау округінің депутатына қоса жеткізді. Атап айтқанда жолдың ой-шұңқырын бітеген саз балшық пен құм жауын жауғанда жылдам шайылып кетеді. «Нұрлан» техникалық қызмет стансасы аймағына су ағызатын қосымша құбыр тартқызуға ұсыныс енгізілді. Өйткені бұл мөлтекауданның тұрғындары жылда осы өңірде көліктің бейнетін көреді. Қыс жақындап келеді. Екінші ауысымда оқитын балалар да баршылық. Өкінішке қарай, Заготзерно аймағында көшенің шамы жоқтың қасы.
Қаланың әкімі Төлеутай Мұхамеджановқа сөз берілгенде, өткізілген конкурс, күніне екі мәрте мектепке апарылатын, үйіне жеткізілетін бала саны туралы мәлімет ұсынды. Мектептен түскен тізім бойынша оқушының жалпы саны -287. Мысалы, №2 орта мектеп-лицей №3 орта мектептен шығатын 18 бала ұсынған. Ал №3 орта мектеп 185 баланың тізімін берген, олардың кейбірі мектепке дейін екі квартал жүріп өтеді, кейбіреуі Тас карьері, Известковый жағынан қатынасады. Каникул уақытын санамағанда 204 оқу күніне есептелетін, мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі екі мәрте сапардың өзіндік құны 19 теңге болады екен. Әрине, тасымал мақсатына, көлік күтіміне, жанар-жағармай құйылымына, жүргізушінің жалақысына жұмсалған шығын ақталмайды. Өзекті мәселені бірлікпен шешетін жеке кәсіпкер И.А.Гашекке, ТКШ бөліміне алғыс айтылды.
Ізінше сөз алған Игорь Александрович Гашек қоғамдық кеңес мүшелерінің барлық ескертуін назарына іліктірді. Иелігінде 14 жылдан бері жолаушы тасып жүрген ПАЗ маркалы үш автобус, бір Газель көлігінің бар екенін айтты. Кәсіпкер жаңа көлік сатып ала алмайды, өйткені, осы бағытта мемлекеттік республикалық бағдарлама бар болса да, мұндай қызмет түрі субсидияланбайды. Қоғамдық ұйымнан субсидияға қатысты бастаманы жандандыруға жәрдемдесуді өтінді. Қалада жолаушы ағыны шағын ғана. «Автобус жүргізушісі» санатындағы маман тапшы. Игорь Гашек сабақ кезінде және сабақтан тыс уақытта сапар және балалар билетімен жеке автобус бөлгізуге ұсыныс енгізді.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірі ескерілген, ұсыныс сипатындағы тиісті шешім қабылданды.
Раушан БАРЖАҚСЫ. Суретті түсірген автор.