БАЛАҒА ҚАНДАЙ ТӘРБИЕ БЕРЕМІЗ, МЫРЗАЛАР?

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
БЛКЖО-ның 100 жылдығына арналған оқиға әлеуметттік желіде көптеген сауал мен дау-дамай туындатты. Біздің тілшіміз бұрынғы Одақтың Бүкілодақтық лениндік жастар ұйымының бұрынғы белсенділерінің, насихатшыларының кездесуіне шақырылды. Жиын сонымен бірге мал шаруашылығы, өнеркәсіп өнімі өндірісінде, темір жолда ауыр салмақты жүк тасымалында жоғары көрсеткішке жеткені үшін «Құрмет Белгісі» орленімен марапатталған аудандық ұйымның 50 жылдық мерейтойына арналды. Чернобыль АЭС-ындағы апаттың зардабын жоюға аттанған, Ауғанстанда, Вьетнамда, өзге социалистік елдерде интернационалдық парызын өтеген, қаруласынан айырылған, өзінің әскери-азаматтық парызын өтеген комсомолдардың есімі құрметпен аталды.
Экономиканың түрлі салаларында, әлеуметтік салада жоспарлы міндеттемесін абыроймен орындаған, асыра өтеген жастар мақтаныш сезімімен ауызға алынды. Олардың бәрі кеңес адамының тұрмыс сапасын жақсартуға, бүкіл игілікке, әлеуметтік кепілдікке жетуге ден қойды. Ұрпақ сабақтастығы қатаң ескерілді. Мемлекет партияның, комсомолдың арқасында, өндірістің ең қиын учаскесін басқарған, түйінді мәселені шешкен нағыз білікті мамандарды өсірді. Жасыратыны жоқ, әлеуетті идеологиялық жүйе ортақ мақсатты көздеді. Ауданымыздың комсомол ұйымының ардагерлері қазіргі заманның жастары мен аға буынның арасында байланыстың жоғалғаны туралы ой өрбітті. Бүгінде туыстары мен қолдаушы көкесінің беделіне, қаражатына арқа сүйейтін ұрпақ өсіп келеді. Олардың арасында нағыз идеялы жан шамалы. Бұл аға буын өкілдерінің ой-пікірі.
Жуырда өскелең ұрпақ тәрбиесімен міндетті түрде айналысуды қажет ететін ойымызды растайтын оқиға орын алды. Олжабай батыр ауылында ой-ниеті мен амалы теріс адам қаза тапқан соғыс ардагерлері мен дүние салған тыл еңбеккерлерінің есімі қашалған тізім құлпытасына лас етігінің табанының ізін қалдырған. Ерейментауда Ардагерлер саябағындағы интернационалист-жауынгерлердің естелік жұлдызына жақын маңдағы мектептердің орта буын шәкірттері корректор арқылы өз сыныптастары мен достарына пікір білдірген. Бұзақылық ниетпен қаланың орталық алаңындағы аллеяда да шамды қиратқан жастарға не айтуға болады? Әрине, соңғы амал сотта талқылауға сұранып-ақ тұр. Ата-ана мен мұғалім баламен жұмыс істемейді, оларды тәрбиелемейді дей алмаймыз. Дегенмен барлық тәрбиенің түп тамыры үлкенді сыйлайтын, жеті атасын білетін, әспеттейтін, әулетінің абыройына дақ түсірмеуге, сүйегіне таңба салмауға ден қоятын отбасынан басталады. Жастарымыз ащы суға, алкоголь құрамдас сусынға, темекіге әуестенбегені, заманауи байланыс желісі арқылы сәт сайын үзіліссіз беріліп жататын мәнсіз ақпаратқа елікпегені абзал. Күні ертең еліне қажетті маман атануы үшін өзінің білім деңгейін арттыруға ықылас танытқанын, бұзақылығы үшін тиісті мерзімге қоғамнан аластатылмағанын жөн көреміз. Өскелең ұрпақпен жұмыс істеуі тиіс жастар ұйымын саналы түрде атамай-ақ қояйық. Сонымен олардың ата-анасы баласына қандай тәрбие беріп жүр, рухсыз, санасыз ұрпақ өсіріп жатқан жоқпыз ба? Бізді қандай болашақ күтіп тұр? Ол жөнінде құрметті оқырманымыз не ойлайды?
Раушан БАРЖАҚСЫ.