ІС ТЕТІГІ – САПА МЕН ҚОЛЖЕТІМДІЛІК

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 2,00 из 5)

Loading...
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында мектепке дейінгі, орта және жоғары білім жүйесінің сапалық деңгейіне, педагог қызметкерлердің мәртебесін пысықтауға көңіл бөлінген.
Қоғамымыз әлеуметтік саланы сүйемелдеу мәселесіне ұдайы елеулі назар аударып келді. Қазақстан мемлекеті басшысының бағдарламалық құжатында білім саласына мемлекет пен қоғамды жаңғыртудың қазіргі кезеңінде басым бағыт ретінде орын берілген. Президентіміздің ұсынысы бойынша кейбір мемлекеттік кәсіп, қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін жақсартуға мемлекет пен қоғам арасында дәнекер болатын, азаматтық салаға ауыстырылатын болады. Біз Ерейментау ауданының білім бөлімінің басшысы Совет Теміртайұлы Нұрғазинге жолықтық. Аудан мектептеріндегі қамқоршылық кеңесінің жұмысы аясында өзімізді қызықтырған сауалдарға жауап іздестіруді ұйғардық.
– Совет Теміртайұлы, мемлекеттік бағдарламалардың, жобалардың білім, оқыту сапасын жақсартуға, оған лайықты жағдай жасауға негізделетін бизнес-құрылым қызметімен өзара байланысы туралы не айта аласыз?
– Ақмола облысы өңіріндегі үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес құрылымдардың, кәсіподақ ұйымдарының жуырда өткен VIII азаматтық форумына қатысушылар жүзеге асырылып жатқан бірсыпыра мемлекеттік жобалардың әлеуметтік бағытты иеленетіні туралы маңызды ой айтты. Кәсіпкерлер өз қаржысы мен күш-әлеуетін білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласына, спортқа бағыттап келеді. Осылайша жас ұрпақтың, әлсіз санаттағылардың өсіп жетілуіне лайықты жағдай жасап жүр.
– Мектептердегі Қамқоршылық кеңесінің жұмысы туралы не айта аласыз, олардың қызметі, кәсіп мақсаты қандай?
– Қамқоршылық кеңесі білім беру ісін басқаруға жұртшылықты араластыру үлгісінің бірі. Ол – саланың дамуын көздейтін барша қауымды ерікті негізде біріктіріп жүрген беймемлекеттік, бейкоммерцялық, үкіметтік емес қоғамдық ұйым. Іс жүзінде – жергілікті жерде білім сапасын, моральдық, қаржылық ахуалды, қайырымдылық көмегін бақылайтын ата-аналар қауымдастығының өкілдік органы.
Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің 2017 жылдың 27 шілдесіндгі №355 бұйрығымен бекітілген, білім мекемелерінде қамқоршылық кеңесінің жұмысын ұйымдастырудың типтік ережелері мен оны сайлау тәртібіне сәйкес Қамқоршылық кеңесі құрылады.
Қамқоршылық кеңесінің қызмет мақсаты білім ордасына қаржылай қолдау көрсетіліміне, материалдық-техникалық әлеует нығайтылымына, оның ісіне қоғамдық бақылау жүргізіліміне қатысты жарғылық жұмыс атқарылымына жәрдемдесуге арналған.
– Ауданымыздағы Қамқоршылық кеңесінің жұмысы туралы не айта аласыз?
– Ауданымызда Қамқоршылық кеңесінің құрылымы мен қызметі – ұзақ жылден бері қалыптасқан тәжірибе. Өңіріміздегі 26 мектептің 20-сында 216 адам құрамына кірген ұйым құрылды.
Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектептің (жетекшісі Ю.С.Бачевская), №2 мектеп-лицейдің (А.Қ. Сырымбетов), Сілеті (Б.М.Мұсабаев), Күншалған (Б.С.Әкімов), Еркінщілік (Б.С.Дәргенов), Тайбай (Ж.Е.Құсайынов), Ақмырза (А.Т.Сәбитов) мектептерінің қамқоршылық кеңесі білім ошағына өлшеусіз көмек көрсетіп келеді. Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектептің жаңағы ұйымы талай жылдан бері оқу-тәрбие ісімен орайласқан бірқатар мәселені шешуге елеулі жәрдем берді. Ю.С.Бачевская басқаратын ұйымның қатарына қаламыздың әлеуетті кәсіпкерлері енген. Жанашыр ата-аналар да, сөз жоқ, бөгденің баласына өз баласындай қамқорлық танытуда. Дегенмен, Новомарковка, Торғай орта, Бестоғай, №1 негізгі мектебінде қамқоршылық кеңесі жоқтың қасы. Жаңажол, Еңбек, Елтай, Новокаменка негізгі, Жаңатұрмыс, Байсары бастауыш мектебінде бала санының аздығынан, тірек мектебіне бекітілгендіктен, кеңес құрылмаған.
-Қамқоршылық кеңесінің жұмысында қандай міндеттерге басымдық беріледі?
– Бәлкім, алқалы орган мүшелерінің пікірін қостаған болармын: мектепте баланың денсаулығының сақталуына, оқуы мен тәрбиесіне қауіпсіз жағдай жасалуына септеседі. Бұл бағытта Тайбай орта мектебін үлгі тұта аламын. Оқу орнында кеңестің қаржысына волейбол командасына спорт киімі, оған қоса дәстүрлі мерекелерге жүлде алдырылған. №2 орта мектеп-лицейде саламатты өмір салтын насихаттау негізінде спорт жабдығы әперілді. Мектептің материалдық-техникалық әлеуетін жетілдіруге, ғимараты мен төңірегін көріктендіруге үлес қосты, демеушілік қаржыға есік, жазу тақтайшасы алдырылды, пандус орнатылды. №1 орта мектепте есік орнатылды, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша стендке тапсырыс берілді, әзірленді, мектеп түлектерінің стенді безендірілді, балалардың Түркістан сапарына көмек көрсетілді. Еркіншілік, Ақмырза, Күншалған орта мектептерінде қамқоршылық кеңесі қайырымдылық көмегін ағымдық жөндеу игілігіне арнауды, орындық, гүл ыдысын алдыруды, айналаны көріктендіруді, күл шығаруды, қардан тазартуды жөн көрді. Олар шағын ауқатты отбасылардың балаларына мектепке даярлануға материалдық жәрдем көрсетті. Оушылардың аудандық, облыстық шараларға сапарын қаржыландырды. Сонымен, Қамқоршылық кеңесі 2017-2018 жыл ішінде жалпы 1963573 теңге материалдық көмек көрсетіпті. Алқалық кеңестің күшімен 1-4 сыныптың 519 оқушысы буфеттен тегін тамақтандырылған.
-Қамқоршылық кеңесінің жұмысын қалай ұйымдастыруға болады?
– Қамқоршылық кеңесінің жұмысы құқықтық, қаржылық, санитарлық-ағарту, оқу-тәрбие комиссиясы арқылы ұйымдастырылуы мүмкін. Өйткені алқалы органның мүшелері экономика, бизнес, әлеуметтік сала мамандары болуы ықтимал. Ата-аналар мектеп педагогтарымен бірге баршасын қызықтыратын түрлі шара ұйымдастыра алады. Мысалы, жас ата-аналарға арналған педагогикалық жаппай оқу, «Баланың сыбайластыққа қарсы тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» әлде «Баланың ақыл-есі мен дене бітімінің дамуына интернеттің тигізетін ықпалы» тақырыптық әңгімесі, түрлі мәдени, тәрбиелік, саяси шараларға даярлануға үн қосу.
– Қамқоршылық кеңесінің жұмысында қандай мәселе қаралуы мүмкін?
– Мәселе ауқымы санқырлы. Кеңес мүшелері бастама көтеретін тексеріс өтуі мүмкін. Мысалы, тұлғаның нәтижелі әлеуеттенуіне лайықты жағдай, оқушылардың тамақтануын, жазғы демалысын ұйымдастыру, мектептің жаңа оқу жылына дайындығы, мектепте баланың қабілетін анықтауға, дамытуға лайықты орта қалыптастыру, түлектерді қорытынды аттестацияға дайындау, сала мамандары шақырылатын діни экстремизмнің адын алудағы ата-ананың рөлі, жасөспірімдерлің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, жалпы балалардың оқу-тәрбие жағдайын жақсартуға арналатын өзге де өзекті мәселелер.
– Мектептердің қамқоршылық кеңесінің өкілдеріне айтар тілегіңіз.
– Бала – біздің болашағымыз. Туған жеріміздің, тұтас еліміздің келешегі баланың жан-жақты дамуына, терең білім алуына, өнегелі тәрбиесіне қандай жағдай жасайтынымызға байланысты. Өскелең ұрпақтың толыққанды дамып-жетілуіне тұтас қоғам үн қосуы тиіс. Оқушылар заманауи технологиялық жабдықпен, ІТ жүйесімен, жарақтандырылуы шарт. Түптеп келгенде, жан-жақты білім алуына мүмкіндік берудің, тамағы тоқ, киімі бүтін болудың мәні зор. Тек сонда ғана олар бәсекеге қабілетті, ел экономикасының түрлі салаларында қызмет ететін білікті маман болып өседі. Осындай маңызды істе білім ордаларының Қамқоршылық кеңесінің, атқару билігінің бірлескен жұмысына елеулі орын беріледі. Баланың бөтені жоқ, ол бәріміздің бауыр етіміз.
-Қызықты әңгімеңізге рахмет.
Раушан БАРЖАҚСЫ.