ТАҒЫЛЫМЫ ЗОР ШАРА

1 Звезда2 Звезды3 Звезды4 Звезды5 Звезд (1 оценок, среднее: 5,00 из 5)

Loading...
Ақмола облысының Степногор қаласына қарайтын Бөгенбай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 8 шақырым жерде Ақсу өзені ағып жатыр. Дәл осы тұста халқымыздың ардақтысы, аты бар қазаққа мәшһүр Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың мәйіті сақталған биік сөренің тұрғанын ата-бабаларымыз жадынан шығармай айтып келгені белгілі. Сондықтан бұл биікті сол көне дәуірден бері халқымыз зор қошеметпен «Бөгенбай сөресі» деп атап келді.
Батыр бабамыз жазғысалым Ертіске дейін созылған жайлауына көшіп бара жатқанда дүниеден өтіп, сүйегі сол сөреде Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесіне жеткізілгенше уақытша сақталған.
Бүгінгі батыр атындағы елді мекенге қысқаша тоқталайық:
Кеңестік дәуірде – 1935 жылы Ерейменнің бір етегі болатын – Сілеті өзені бойындағы мидай ашық далаға геология-барлау экспедициясы келіп, көмір қорларын табады. Алдында шахталық әдіспен, кейін ашық карьер жолымен 1937 жылдан бастап көмір өндіру ісі қолға алынады. Сол тұста көпшіліктің ұсынуымен ежелгі жер атауы – жаңадан ашылған кенішке беріліп, халық жадында ауызша сақталып келген ұлы баһадүрдің есімі енді заңды түрде Советтік мемлекеттің барлау картасына түседі.
Сол маңда орналасқан алтын өндіретін Ақсу және Бестөбе шахталарын электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 1944-1949 жылдар аралығында Бөгенбайда қосымша жылу-электр стансасы салынған. Оны орнатқан Ұлы Отан соғысында қолға түскен жапон жауынгерлері. Біразының бейіті күні бүгінге дейін сол жерде тұр.
Табылған мол көмір негізінде аталмыш станса 1950 жылы толықтай жұмыс істей бастайды. Кейін ол Ерейментау, Ақкөл және сол кездегі Көкшетау облысына қарасты Біржан сал (Еңбекшілдер) аудандарын да электр қуатымен қамтамасыз еткен.
1964 жылы, Степногор қаласының ашылуына байланысты, 1969 жылы көмір карьері, 1972 жылы осы жылу орталығы (ТЭЦ) жабылып, біраз өндіріс салалары жұмысын біржолата тоқтатады.
1974 жылы Целиноград облысының осы бір аймағында жаңадан Сілеті ауданы ашылды. Сол мезетте, яғни 1976 жылы, Бөгенбай «Мирный» кеңшарының орталығына айналды.
1991 жылы Сілеті ауданы көлемінде Қанжығалы Бөгенбай батырдың 300 жылдық тойы жан-жақты аталып өтті. Ұлы баһадүр сөресінің маңында болған үлкен мәдени шараға ел көп жиналды. Сол 1991 жылы, осы халық аңсаған дүрбелең оқиға қарсаңында, Сілеті өңірінің бірнеше азаматтары, ардақты халық батыры аруағына көрсеткен зор құрметі ретінде, ешкімнің нұсқауынсыз, бүгінгі ұрпақ борышы деп, өз еріктерімен көне тарихи сөре тұрған жерге арнайы ескерткіш тас орнатып еді.
Оған лайықты тас Бурабайдан жеткізілді де, тат баспайтын жылтыр темірге батырдың есімі жазылған тақтайша орнатылып, маңайы темір шарбақпен қоршалды.
Әрине, мұндай жауапты істі жеріне жеткізе орындау оңай болған жоқ. Оған қол ұшын беріп, белсене атсалысқан осы ауыл азаматтарының шынайы көңілдерін, үлгі боларлық ерен еңбегін атап кетпеске болмайды. Олар: Төрехан Батығаев (марқұм), Қасым Момынов, Қазыбек Әлғожин, Қайыргелді Бекболатов, Жәкен Шалабаев, Амантай Байбисенов және Жылқайдар Сапин. Бұл жігіттерге Ереймен елі атынан мың алғыс айтуды өзіме парыз санаймын.
Осы дара тұлға мәйіті жатқан көне сөренің солтүстік тұсында Біржан сал ауданына қарасты Мамыр ауылы (бұрынғы «Советский» кеңшарының орталығы) жақын жатыр. Айтайын дегенім, сол мамырлық азаматтар Бөгенбай бабамыздың ескерткіш тасының сақталуына үнемі көз салып, қамқорлық жасап жүреді. Оларға да біз зор ықыласымыз бен ризалығымызды білдіргіміз келеді. Өліні разы қылған кісі тіршілікте жақсылықты көп көрер.
Біз Қанжығалы Бөгенбай батыр бабамыздың қазақ елі мен жерін сақтап қалу үшін істеген қайталанбас ерлігін, сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпаймыз. Өнегелі ісі тарихпен таңбаланған кісі сондай болар.
Жоңғар қақпасы – Алтай тауларында қалмақтың ойранын шығарған асыл ерге халқымыз құрмет көрсетіп жауды жерге қаратқан бір асуды күні бүгінге дейін «Бөгенбай мұздағы» деп атайды. Оның бекерден-бекер қойылмағаны анық.
Осының бәрін елеген қазақтың әрбір руларынан шыққан ынталы азаматтар шынайы тілектерімен батырдың аруағына тағзым етіп, оның соңғы демі біткен жерге қойылған ескерткіш белгіге биыл тағы да барынша көңіл аударды.
Жоғарыда аты аталған азаматтар: Амантай Байбисенов, Қазыбек Әлғожинмен қатар Сілеті-Степногор өңірлерінің тумалары Бейсенбай Шайкин мен Жәнібек Медрисов бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әулие баһадүрдің ескерткіш белгісі тұрған маңды қызыл кірпішпен қоршап, ішіне қалың қиыршық тас төседі. Материалдар Астанадан жеткізілді. Осы азаматтар ұйымдастырған игі бастаманы Елорданың рухы биік кәсіпкерлері де жан-жақты қолдады. Олардың ішінде құрылыс материалын, жұмыс көлігін берген қолы ашық жандар жеткілікті. Бірінші кезекте Бауыржан Керебаев, Игорь Пчелков, Манарбек Бектасов, Серікбай Әбжанов, Жәкен Шалабаев пен Азынабай Қалиевты ауызға алған дұрыс.
Ескерткіш тастың айналасын қызыл кірпішпен қалап шыққан Жәнібек Медрисовке де ризалығымыз ерекше. Бұдан Мамыр ауылының азаматтары да сырт қалған жоқ. Атап айтсақ олар: Рамиль Рахымжанов, Мадияр Жапаров, Қабиболла Төкенов, Жұмабай Хасенов, Нұрлан Сағындықов, Өсербай Қанафин мен Азамат Оқанов.
Елордадан шалғайда орналасқан киелі жерде жұмысты ұйымдастыруға қаржылай көмек бергендер ішінде кәсіпкерлер: Нәйля Жанайдарова, Рамазан Ташмаков, Сәбит Жәміш, Берік Хамзин, Қайдар Әкімов сияқты азаматтар бар.
Ұлы тұлғаның істеген ерен ісі халқының үнемі аузында болса, ерлік жасаған, қайтқан және жерленген мекендері тайға таңба басқандай анық. Ешқандай күдік туғызбайды. Бірақ, кәрі аруақты білместіктен және пендешілікпен сөзбен қорлайтындар күні бүгінге дейін арамызда жеткілікті. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін Ереймен елінің тумалары, әсіресе ұлы баһадүрдің ұрпақтары бұл мәселеге ерекше мән берулері керек деп ойлаймын. Тарихта аты қалған батыр ұрпақтары: Бапан би, Саққұлақ би, Тасымбет, Нұралы болыс, тағы басқаларының қорымдарын бүгінгі заманға сай көрнектеу қажет. Уақыт талабы солай.
Бір кездері марқұм Әлихан Барлыбаев, сондай-ақ Ерейменнің белді бірсыпыра азаматтары бұл іске мұрындық болып, көптеген көшелі жұмыстарды қолға алып еді. Қазіргі батыр ұрпақтары ештеңеге елегізімейді, қалғып ұйықтап кеткен кісіге ұқсайды. Шын батыр ұрпақтары бар болса осы кезде бірлігін көрсетсін. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қазақ халқы әулие санаған батырдың мекені және мәйіті сақталған Сөресі – Қазақстанның киелі жерлері географиясына енгені абзал. Бөтен өлкенің бейтаныс азаматтары соған тырысып еңбек етіп жатыр. Біз неге ұлы істен шет қалуымыз керек?

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Ерейментау ауданының Құрметті азаматы.
Астана.