АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ЕСЕБІ

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдары аясындағы ұсыныс-бастама ұмытылуға шақ қалған төл мәдениетімізді, жалпы айтқанда қазақилығымызды қайта жандандыруға негіз болуда.
Қазіргі мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың тиімділігі халық пен билік арасындағы сенімділік пен бірлескен іс-қимылдың нәтижесінде қоғамда әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің оңтайлылығын көрсетуде. Ақылды қарттар, данагөй би-шешендер кезінде ел билігінің тізгінін ұстап, әлеуметтік-экономикалық, ішкі-сыртқы даулы мәселелерді бір ауыз сөзбен шешті емес пе? Осының айғағы ретінде округімізде үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар, атап айтсақ, Жергілікті қоғамдастық, Ақсақалдар кеңесі, Алқабилер кеңесі (Медиатор), Әйелдер кеңесі құрылды. Әрқайсысының өз құзыреті мен міндеті бар. Барлығының ортақ парызы – халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселесін шешу. Жоғарыда аталған бірлестіктерді құруға ауылдық округіміздің әкімі бастама көтерген болатын. Өзім де осы Ақсақалдар кеңесінің мүшесімін. Аталмыш ұйымның мақсаты аға буын ел ағалары тарапынан өскелең жас буын ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге, даналық ақыл айтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналмақ. Бұдан бөлек, азаматтардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында әкімшілікпен тығыз байланыс арқылы әлеуметтік шиеленісті бәсеңдетуді, қоғамға ортақ өзге де мәселе түйінін шешуге көмектесуді көздейді. Игі істің бір айғағы: жақында округімізге қарасты Ынтымақ ауылында өрт апатынан зардап шеккен үш отбасына әлеуметтік-материалдық көмек беру мәселесі қаралған «Ақсақалдар кеңесінің» кезекті жиынының қорытындысын айтқым келіп отыр. Шұғыл түрде жергілікті әкімнің бастамасымен өткен кеңесте қиын жағдайға ұшыраған отбасыларға әлеуметтік-материалдық көмек көрсетуге лайықталған «Жылу», «Асар» шаралары назарға алынды. Кеңес мүшелері ұсынысты бірауыздан қолдады, кеңестің тиісті шешімін қабылдадық. Нәтижесінде ауыл ақсақалдары, мекемелер, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары басшыларының, барлық ауыл тұрғындарының бірлігімен жиналған қаражат аталған отбасыларға үлестірілді.
Қазақ қашанда жетімін де, жесірін де, жылатпаған дана халық. Рухани жаңғыруда елдігіміз бен ерлігіміз бекіп, егемендікте көк туымыз арқашанда желбіреп тұрсын. Өскелең ұрпақ санасына осындай игі істердің мән-жайын түсіндіру біздің әкелік, аталық парызымыз болмақ. Ақылды жас болу үшін ақылды қарияң болуы керек шығар?
Шалқар РАМАЗАН,
«Ақсақалдар кеңесінің» мүшесі
Олжабай батыр ауылы.