АУДАН БІРІНШІЛІГІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

9 қарашада жалпы білім беретін мектеп оқушыларының арасында шахматтан аудан біріншілігі өтті. Зияткерлік бағыттағы спорт бәсекесі «Жастар» спартакиадасы бағдарламасымен үйлестірілді.
Шахмат жарысына мектеп жасындағы ұл мен қыз жиналды. Жалпы бұл ойын берік төзімді, терең ойды, екі жақтың да ойын фигураларының жүріс ретін есеппен талдай білуді керек етеді. Кез келген жаста, кез келген аумақта ойнауға болатын зияткерлік ойын шұғыл шешім қабылдауға, қиындығы әркелкі есептің шешімін тапқырлықпен ойластыруға қабілет-мүмкіндігі санқырлы бала өсіруге септеседі. Өзінің бірегей ойынымен туған жерінің абырой-даңқын асқақтатқан оқушылардың, спорт шеберлерінің есімі Қазақстан тарихында жеткілікті. Оқушылар спартакиадасының зияткерлік үстел ойыны санатына енген жарыстың бірі – шахмат ойынына қатысуға арналған. Ойыншыларымыз игі іске барынша жауапкершілік танытты, бүкіл команда мен тұтас мектептің жеңіс абыройы олардың ұпай үлесі мен нәтижесімен орайласатынын анық сезінді.
Міне төрешілер алқасы ұпай санын есептеп шығарды. Бозбалалар арасындағы жекелей есепте №2 орта мектеп-лицейден З.Қаппас бірінші орынды әділ еңбекпен жеңіп алды. Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің шәкірті Ә.Арынтай екінші жеңіс сатысына көтерілді. Жеңімпаздардың алғашқы үштігінің құрметті тізімін №1 орта мектептен Ж.Советов абыроймен тәмамдады. Бойжеткендердің ойынында ауыл мектебінің өкілдері басым түсті. Бестоғай негізгі мектебінен А.Ермек, Тайбай орта мектебінен А.Ұзақпаева, Еркіншілік орта мектебінен М.Мақсат өз құрбыларын толымды жетістігімен қайран қалдырды. Алдында аталған ер балалармен тең дәрежеде шеберлік, біркелкі нәтиже байқатты. Жүлделі орын қарындастарымызға мақаламызда аталу ретімен үлестіріліп берілді.
Командалық есепте, өз оқушыларының қол жеткізген табысына сәйкес, дәстүрлі жүлделі орынды №1, Бөгенбай батыр атындағы, Тайбай мектебі өзара адал бөлісті. Еркіншілік, Бестоғай, Перуаш Кәрімұлы атындағы Малтабар мектебінің шахматшылары турнир кестесінде алдыңғылардың ізіне ілесті.
Қонақтарды ықыласпен қабылдаған, бүгінгі шараны сәтімен өткізуге лайықты жағдай жасаған Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектебінің әкімшілігі, директоры Ермұқан Жапабаев алғысқа әбден лайық. Сондай-ақ өз шәкірттерін баптаған, жарысқа қосқан әріптестерімізге, мектептердің дене тәрбиесі мұғалімдеріне ризашылығымыз шексіз.
Ойын чемпиондары мен жүлдегерлері аудандық білім бөлімінің Дипломы мен Грамотасына қол жеткізді.
Елбасының спорттың осы түрін мектепке пән ретінде енгізуге арналған тапсырмасы келешекте зерделі де дарынды, жан-жақты дамып жетілген ұрпақ тәрбиелеуге негізделеді.
Мұрат УАЖАНОВ,
аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің әдіскері.
Суретті түсірген автор.