ТҮРКІСТАН – ЕКІ ДҮНИЕНІҢ ЕСІГІ ҒОЙ…

Еліміздің біртуар ұланы Мағжан Жұмабаевтың осы бір өлең жолдары көзі ашық, көкірегі ояу қазақ баласы үшін ерекше әсерлі естіледі. Рухы мен шабыты астарласып келген ақын сөзі қазақ халқының жүріп өткен тарихи өмір жолдарын еске түсіргендей, мейілінше терең әрі қуатты.
Мұны Астанадан Түркістанға арнайы сапар шеккен делегация мүшелері де толыққанды сезінгендей көрінді. Ата-бабаларымыздың арман-мұраты зор болғанымен оның өмірде әркез жолы бола бермегені анық. Әсіресе, Түркістандағы Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесін көру – олар үшін кіші қажылыққа барып келгенмен пара-пар еді.
«Жігіттің падишасы Әмір-Темір» деп әндеткен Ақан серінің көрегендігіне кім таң қалмас. Олай дейтініміз, қазақ даласында қасиетті адамдарды құрметтеп, оларға арнайы кесене тұрғызған кісі, осы өнерпаз атамыз айтқан, атақты әмір – Ақсақ Темір еді.
«Қанжығалы» қоғамының президенті Қоныс Дуанбайұлы Әлімжанов көптен ойластырған жобасын іс жүзінде орындау үшін нар тәуекелге барып, Қостанай, Көкшетау, Астана мен Ерейментау азаматтарын жауапты ұзақ жолға алып шықты. Олардың ішінде рухани көшбасшымыз болған Сайлаубек Дүйсенбекұлы Байболов. Сайдың тасындай іріктелген ел азаматтары ішінде жазушы-этнограф Ғалы Қасымұлы Омаров (Көкшетау), Солдат Малбақұлы Дүтбаев (Қостанай), Қожабек Сұлтанбекұлы Төреманов (Қызылорда), Мәнап Бектасұлы Әдірешев, Қайыркен Біләлұлы Жақыпов, Ерболат Қайырұлы Шахатов пен әнші-сазгер Талғат Елтайұлы Смағұлов (Ерейментау) болды.
Қазақстан егемендік алған кезде жер-жерлерде ұмытылуға шақ қалған ұлттық мәні зор көптеген игілікті істер қолға алынып еді. Соған сай солтүстік өңірлерде де сең бұзылып, өлі дүние бір жанданып қалғанын білеміз. Елдің алды болып Ерейментауда әулие бабамыз Бөгенбай батырдың 300 жылдығы тойланды. Бұл шын мәнінде көптеген ұлттық мәні зор шаралардың бастамасы әрі тұсаукесері болғаны анық. Өткенді білмей – болашақты болжау қиын. Сондықтан болар Қоныс Әлімжанов осы тұрғыдағы жауапты істердің түйінін шешіп, бірсыпыра көңілге қонымды әрі ел рухын көтерер істерге жол ашты. Жан-жаққа шашырап кеткен ағайындарымыз Ерейментауға келіп өзінің бірлескен құрылтайын өткізді. Осы тектес бірқатар мазмұнды жұмыстар нәтижесін берді. Әсіресе, «Жантай батырдың шаңды жорығы», «Астана – Батыс – Оңтүстік» этнографиялық шерулері ұмытылмасы хақ.
Әрине, көздеген істің сапалы әрі көрнекті болуы үшін оның үнемі жалғасы болуға тиісті. Бұл орайда жергілікті жігіттердің жігері, білім деңгейлері мен жауапкершіліктері бірінші кезекте қажет.
Оңтүстік өңірлерге сапар шеккен делегацияны алдын-ала белгіленген жұмыс кестесі бойынша Шымкент, соңынан Түркістан мен Тараз қалаларының білікті азаматтары қарсы алды.
Кездесу барысында ғылыми-практикалық дәрежесі биік әңгіме-сұхбаттар жүрді. Көпті көрген көреген басшы Сайлаубек Байболов, шежіреші Ғалы Омаров, өлкетанушы Мәнап Әдірешев, қадірлі ел азаматтары Қайыркен Жақыпов пен Қоныс Әлімжанов сындарлы сәтте сүрінген жоқ.
«Қонақ аз отырады, бірақ көп сынайды» деген сөздің парқына олар өздерінің қадір-қасиеттерімен, біліктіліктерімен толықтай жауап бере алды. Бұл кездесулердің ұмытылмайтыны анық.
Жаңа өңір – Түркістанға барар жолда Арқа азаматтары әулие Бәйдібек биге, соңын ала Арыстанбабқа тәуіп етіп, мал шалдырды, арнайы дұға бағыштады.
Отырар қаласы, әсіресе оның мұражайының берген әсері өте зор. 1219-1220 жылдары моңғол шапқыншылығынан тоз-тоз болған шаһардың жанданған мезгілі ХІІІ ғасырдың орта кезі екен. Бұдан табылған бай мұралар түгелдей мұражайға қойылған. Көне қалада 3 қоғамдық монша, бірнеше мешіттер жұмыс істепті. ХҮ ғасырда Отырарды Ақсақ Темір әулеті басып, қазақ пен өзбек сұлтандары арасында Сырдария қалалары үшін біраз уақыт күрес жүрген. ХҮІ ғасырдың аяғында қазақтың ханы Тәуекел Созақ, Сығанақ, Отырар мен Ташкент қалаларын басып алады.
Түркістанда болғандарында олар ұлы бабалары Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр жатқан Әзірет сұлтан кесенесіне біраз уақыттарын бөліп, ата-бабаларымыздың өміріне тағы да бір қаныққандай болды. Мұнда еңбектері орасан қазақтың би-батырлары, хандары мен сұлтандары мәңгілік мекен тапқан. Оларды ардақтау, пір тұту – өскелең ұрпақтың парызы.
Тараз қаласының тағылымы мол тарихи жерлері мейілінше көп.
Қарахан мемлекеті 942 жылы құрылған. Оның негізін Сатұқ Богра хан салды деседі. Олардың иелігінде Сырдария мен Амудария, Жетісу, Қашғар, Тараз, Испиджаб пен Бұхара болған. Тараз сол дәуірдегі бас қалалардың бірі.
Осы көне мекеннен 18 шақырым жерде Айша бибі, Қарахан мен Дәуітбек кесенелері орналасқан.
Қаланың дәп тұсында атақты Талас өзені ағып жатыр. Оның тап іргесіндегі бір биікте Тектұрмас (ХІҮ ғ.) пен Мәмбет батырлардың (1715-1819) кесенелері тұр. Тектұрмастың шын аты – Сұлтан-Махмұтхан. Ол, тарихи деректердің пайымдауынша, Қарахан империясының ұлы қолбасшысы бопты. Кесене өте көне діни орындардың бірі.
Ал Мәмбет батыр өз заманында Абылай ханның серігі болған деседі. Ол Қоқан хандығына қарсы күрес жүргізген Байзақ датқаның әкесі.
Барлық болған жерлерде мұсылмандық діни жоралғылар жасалып, құран бағышталды, садақа берілді.
Теріскейден келген ағайындарға аты аталған көне қалалардың қандас туыстары үлкен қонақжайлылық көрсетті. Тіпті, Тараз қаласының белді бір тұрғыны Назарбай есімді азамат немересі Ерсайынның тұсаукесер тойына қонақ қылып, бұл ұлттық шараны жасауды делегация көшбасшысы Сайлаубек Дүйсенбекұлынан өтінді. Талғат Смағұловтың орындаған әндері көпшілікті бей-жай қалдырмады. Әсіресе, Ереймендік ақын Сайлау Жылқыбаев пен композитор Асқар Өсіповтің бірлесе жазған шығармалары «Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр» әнінің орны бәрінен де жоғары болды. Шымкентте өткен кездесулерде де жұрттың оған деген қошеметінің зор болғанын аңғарған едік.
Ұлы сапар барысында «Қазақ хандығының – 550 жылдығы» құрметіне орай орнатылған Керей-Жәнібек хандардың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, қазақтың алыбы, Ресей патшасының атақты балуаны Қажымұқанның аруағына да құран оқылды.
Оңтүстік өңірлер: Тараз, Шымкент, Алматы, Қазығұрт, Қызылорда, Түркістан жұрты меймандостығы мен білімділіктері жағынан көпшілікке өнеге болатын жандар. Осы орайда біз бір апта бойы тарихи кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырған Сұлтанбек Төреманов, Назарбай Медетов, Разақ Ғапаров, Нұрғали Базарқұлов тағы басқа аты аталмаған азаматтарға шын көңілден ризалығымызды білдіреміз. Әсіресе, қиындығы мол жұмысты мойнына алып өз дәрежесінде орындай білген Ерейменнің еңселі азаматы Қоныс Дуанбайұлы Әлімжановқа деген алғысымыз ерекше.
Қазтуған жыраудың «Аруақты елдің баласы жабыққанын білдірмес» деген сөзі соның айғағындай естіледі.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ, Ерейментау ауданының Құрметті азаматы.
Суретті түсірген автор.
Астана қаласы.