ЖАҢА ЖОБА: БҮГІНІ МЕН ЕРТЕҢІ

Өткен аптада шаруашылық жүргізу құқығындағы «Эко Жәрдем» коммуналды мекемесіне экологиялық қоғамдық тыңдауға жиналдық. Күн тәртібінде «Ерейментау қаласы аймағында қуаттылығы 50 мегаваттық жел электр стансасының құрылысы» техникалық экономикалық негіздеме жобасына «Қоршаған ортаға әсерін алдын-ала бағалау» түзетілімі мәселесі қаралды.
Шаршы топқа ұйым мен кәсіпорын басшылары, қаланың әкімі, қоғамдық кеңестің төрайымы, компанияның қызметкерлері, жобалаушылар, журналистер, қала тұрғындары шақырылды.
«Академик Ш.Чокин атындағы Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институты» компаниясының бас жобалаушысы Дмитрий Филатов жаңағы тақырып бойынша түсіндірме ақпарын ұсынды.
Сөз сөйлеушінің айтуынша, межелі қуаттылығы 50 мегаватқа жуықтайтын, ұсынылып отырған жобаға 15 жел турбинасы, әрбір турбинаға жапсарлас кран негіздемесі, ішкі жол, ішкі электр желісі, диспетчерлік пункт пен энергия желісіне жалғанатын қосалқы электр стансасы енгізіледі.
Учаске алаңындағы қолда бар жолды барынша пайдаланатын мақсат баршылық. Оған қоса бүкіл турбиналарға қолжетімділік қамтамасыз етілуі үшін жаңа жол учаскесі қажет етілетін болады.
Ішкі электр желісі жерасты кабелімен қамтылады. Алаңның солтүстік шекарасында электр жабдығымен қосалқы электр стансасы, қызмет бөлмелерімен диспетчерлік кеңсе орналастырылады.
Баяндамашы болашақ жобаның атмосфераға, топыраққа, су көзіне қандай ықпалы болатынын түсіндіріп берді.
Атап айтқанда: жобаны пайдаланған кезеңде ауаға елеулі кереғар зардабы болмайды. Ауаның сапасына жалпы оң ықпалын тигізеді. Өйткені жел паркі өндіретін қуат дәстүрлі қазба отыны тұтатылып шығарылатын электр қуатын алмастырады.
Жобаланған жел электр стансасын пайдаланған кезеңде әкімшілік ғимаратындағы жылу қазандығы мен от жағуға қажетті дизель отынын сақтайтын ыдыстан ластағыш зат бөлінуі ықтимал. Станса салынатын уақытта құрылыс алаңынан бөлінетін шаң атмосфераға таралуы мүмкін.
Жел электр паркі қолданысының құптарлық тұсына келсек – ауаға таралатын парниктік көмір қышқыл газы едәуір азаяды, өйткені жаңағыдай газ бөліп шығаратын жүйе электр генераторлы жабдықпен алмастырылады.
Құрылыстың салдарынан топырақ пен жерасты суына тигізетін әсері топырақтың беткі қабатын сыпырып-өңдеумен, оны нығыздаумен, жанар-жағармай төгілім ықтималдығымен орайласады. Бұдан бөлек, сұйық отын төгілімін болдырмайтын май тұтқыш құрал іске қосылады.
Жерүсті және жерасты су көздері еш ластанбайды, өйткені жел паркін пайдалануға судың, оны ағызудың қажеті жоқ.
Жаңа стансаның жұмысы кезінде су шайылымы жылдамдығына да, дренажды жүйеге де, ешқандай елеулі зардабы тимейді.
Қалдық жиналымына келер болсақ – пайдаланым кезеңінде қалыптасатын тұрмыстық қатты қалдық пен қолданыстан шығарылған трансформатор майы арнайы орында жабдықталған жеке бекітілген ыдысқа уақытша жинақталады. Қалдық зат арнаулы көлікпен уақтылы әкетіліп отырады. Қабылданған жобалық шешім қалдықтың қоршаған ортаға кереғар ықпалын болдырмауға септеседі.
Объектінің құрылысы, іске қосылған кезінде жұмысқа қосымша адам алынады, әлеуметтік салаға да шарапаты тиеді.
Осылайша, игілікке берілетін жобаның кереғар әлеуметтік-экономикалық залалы сезілмейді. Қоршаған ортаға да елеулі зиян келтірмейді.
Қоғамдық кеңестің төрайымы Зейнеп Жүсіпова әңгіме тәмамдалғанда жергілікті халықты жұмыспен қамтуға, жаңа мамандыққа жас мамандардың оқытылымына, жолдың жөнделіміне, әлеуметтік жобаларға, балалар алаңының құрылысына, аула мен тұрғын үй жөнделіміне қатысты бірқатар сұрақ қойды. Барлық сұрақтарға нақты жауап қайтарылды.
Тыңдауға қатысушылар жобаның Ерейментау қаласындағы қоршаған ортаға әсеріне алдын-ала берілген бағасын жалпы мақұлдады. .

ЛЮДМИЛА МАРКОВА.
Суретті түсірген автор.