АУЫЛ АЗАМАТЫМЕН АЖАРЛЫ

Жерлесіміз Төлеген Серенов – майдангердің отбасында тәрбиеленген ауыл азаматы. Әкесі Сәлмен ақсақал Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан капитан шеніндегі офицер. Сталинградты жау әскерінен азат етуге арналған, жан алысып жан беріскен айқаста миномет батареясына жетекшілік еткен. Қызыл Жұлдыз орденінің, бірнеше марапат иегері. Бейбіт уақытта Жолбасшыда, «Коминтернде» бөлімше басқарушысы, Веренкада зоотехник, Новомарковкада қоймашы қызметін атқарды. Анасы – Нұрқасия апай соғыс уағында Бсстөбе шахтасында жұмыс істеген, тыл еңбегінің дәмін бір кісідей татқан қажырлы жан. Отбасылық жұпта туып-өскен барлық ұрпақ өмірден өз орнын тапты.
***
Әңгімеміздің кіріспесіне негіз болып отырған Төлеген Сәлменұлы да әке ұлағатын жастайынан санасына сіңіріп өсті. Әскери-Теңіз Флотында бөлімше командирі лауазымымен мерзімді қызметін өткерген, 1 дәрежелі старшина шенімен запасқа босатылған матрос өмір мектебінде мықтап шыңдалды. Майдангердің баласы ретінде әскери антқа, ата-ана аманатына адалдық жолынан таймады. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген жоғары білімді мал дәрігері білімі мен еңбек жолын туған жеріне арнады.Мал бордақылауға маманданған аудандық бірлестіктің директорлары Алексей Камышный, Виктор Жук, Қазыбек Күленов, ауылдық Кеңестің төрағалары Хамит Биекенов, Алексей Глущенко жас маманға кеңесші әрі тәлімгер болды. Орталық қоныстан бөлек Кеңөткел, Қаражар, Коминтерн аумағында жалпы 13000 бас ірі қара, 250 жылқы күтілген ірі шаруашылықта бүкіл жергілікті басқару-атқару билігіне үлкен жауапкершілік жүктелді. Түлік саулығы мен өсімі, бордақыдағы малдың қысқы-жазғы күтімі, азық рационының сақталуы – Төлегенге де аға буынның тәжірибесіне қанығуға, теориялық білімін шыңдауға, жалпы келешегіне даңғыл жол салды. Көпті көрген мал өсірушілермен қоян-қолтық араласқан кезең, әсіресе қара малдың бабы мен індеттен амандығына қатысты айтылған кеңес көп пайда берді. Аудандық салалас басқарма мамандарының бағыт-бағдары нәтижеге жетуге көп септесті. 1996 жылға дейінгі уақыт аралығында аға мал дәрігері, зоотехник, бөлімше басқарушысы баспалдағын өткерген ауыл жігіті туған жерін гүлдендіруге, ірі шаруашылыққа, жалпы мал басын сауықтыруға өлшеусіз еңбек сіңірді. Ол уақытта аудандағы бүкіл он совхоздан, жеке меншіктен әрмен қарай өсіруге, семіртуге өгізше қабылданатын. Новомарковкаға жеткізілген малдың жалпы күйі, азықтандырылым рационы, күтім жағдайы, салмағының межелі кондицияға жеткізілімі мал күтушілерден бөлек, мамандардан да сұралатын. Осылайша облыста азық-түлік мәселесін шешуге, халықты сапалы етпен үзбей қамсыздандыруға тапсырма белгіленді. Ауылдасымыз да ұдайы жыл он екі ай әріптестерінің қасынан табылды, ойлаған меже үдесінен шыға білді. Игі еңбегі, толымды жетістігі үшін мерекелерде бірлестік басшылығынан талай мәрте Құрмет грамотасымен, ақшалай-бағалы сыйлықпен көтермеленгені әлі есінде.
***
Зерделі маман қазынаның барлық мүлкі жекешелендірілген шақта да ежелгі ата кәсіптен, дағдылы жұмысынан қол үзбеді. Тиісті үлесін құнттап ұқсату ниетімен өз алдына «Жақсылық» шаруашылығын құрды. Заман ағымымен аумақтық ветсанинспектор, ветеринария бөлімінің маманы қызметіне ұсынылғаны білікті әріптеске жүктелген зор сенімнің нышаны. Иә, уақыт қандай жүрдек десеңізші. Қарбалас шаруаның қамымен жүргенде зейнеткерлік жас та есік қағыпты. Міне, енді қарашаның 24 жұлдызында зейнетақы тағайындату үшін тиісті мекемеге құжат тапсыруға тура келеді. Әйтседе елгезек, іскер азамат күш-қуаты мен білім-тәжірибесін ауыл игілігіне арнауды, жолыққан жанға ақыл-кеңес қосуды мақсат етеді.
***
Төлегеннің сонау жастық шақта қазақша күреске ықылас танытқаны, КСРО спорт шебері марқұм Рүстем Ыбыраевпен шаршы алаңда талай мәрте ниеттес жолдас болғаны, Целиноград құрамасына іліккен сәттері өткен өмірдің бір қызықты дәурені іспетті. Дегенмен, енді боз кілемге шықпаса да, қазіргі таңда ауыл мектебінің волейбол секциясына үзбей қатысып келеді. Әсіресе ой еңбегіне негізделетін дойбы ойынына әуестігі басым. Жастарды саламатты өмір салтына, бұқаралық спортқа бейімдеуге арналған қадамы құптарлық. Ауданның құрамасына енген ойыншы талай мәрте облыстық жарысқа қосылып, жүлдегер атанып келеді.
Үлкен шаңырақта 36 жыл отасқан жұбы – Баян Уәлиханқызы Новомарковка орта мектебінде мұғалімдік қызметте. Ата-ананың ұлағатты тәрбиесін көрген, үкілеп өсірген Әсемгүлі мен Жақсылығы, Әйгерімі жоғары білім алды. Бәрі де Елорданың беделді мекемелерінде абыроймен қызмет атқаруда. Арнаулы орта білімді Жасұланы туған жерінде әкесінің көрсеткен үлгісімен алдында аталған шаруа қожалығын басқарады. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ұлағат иелеренің, немере жетелеген ата-әженің өмірден жинақтаған ұлағат-тәжірибесі де, жастарға айтары да, аз емес. Қарапайым елгезек азаматпен шағын сұхбаттан көкейге түйген ойымыз, әңгімеден алған әсеріміз осы болды.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.